Денсаулық

жамбылдың жауһар жәдігерлері

жамбылдың жауһар жәдігерлері

Әрбір ұлт болмысын, мінезін һәм тегін өткенінен іздейді. Кешегі ізбен түскен ұлы ерліктер, дара даналықтар, ғажайып өнер – бабалардан бізге жеткен асыл құндылық. Қазақтың ақберен ұлдары мен ақкерім қыздарына аманаты. Иә, құмсағаттың астында қалған алтын дәуірлер, жер үшін төгілген қан, ұлт үшін кесілген бас – бәрі-бәрі ұрпақ үшін. Сол ата-бабалардың азап пен ар-намысқа толы жолын, отты жылдарын кітаптан оқыдық, тарихи-деректі фильмдерден көрдік. Дегенмен көптеген тарихи құндылық музейлерде сақталатынын да ескеру керек. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде 64 000-нан астам жәдігер бар. Әрқайсысына тіл бітсе, талай оқиғадан, сәттерден сыр шертер еді. Облыстық «Аq jol» газетінің «Жамбылдың жауһар жәдігерлері» атты жаңа айдары арқылы музейде сақтаулы тұрған ұлы тұлғалардың заттарынан бастап, ерте ғасырлардағы археология, этнография, нумизматика, көркемсуреттер мен мүсіндер туралы ақпарат ала аласыздар.

Момышұлының маузері

 width=Жамбыл өңірінің қасиетті топырағы тудырған бірегей тұлғаларды еске түсірер болсақ, алдыңғы қатарда Кеңес одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлын айтарымыз сөзсіз. Халқының біртуар ұлының көптеген жеке заттары Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Ер Баукең көзі тірісінде мұралары мен құжаттарының осы орында сақталуын аманаттап кетіпті. Оған 1965 жылы музейдің директорына өз қолымен жазған өсиет хаты дәлел. 1995 жылы ашылған Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Жуалы ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мемориалдық музейінде батыр бабамызға тиісті 2282 жәдігер жинақталған. Оның ішінде батырдың жеке заттары, өз қолымен ойған оюлары, 1963 жылы Кубаға барған сапарынан естелік заттар мен киімдері, ыдыстары мен кітаптары, фотосуреттері бар. Әрине, атақты қолбасшының батырлығын, даналығын еске түсіретін әрбір жәдігеріне жеке-жеке тоқталатын боламыз. Бүгінгі мақаламызда Момышұлының маузері мен мүштігі туралы ақпарат берейік. Музейдің түсім кітабында батыр бабамыздың Ұлы Отан соғысы жылдарында қолданған маузер қаруы мемлекеттік тіркеу тізіміне енгізілген. Қорға қабылдап алған музей қызметкері А.Поповтың сипаттамасына келсек, маузер Панфилов дивизиясының гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлына тиесілі. Маузер – металл, кейбір бөліктері ағаштан және қайыстан жасалған. Жәдігердің металл бөлігінде «Маузер полковника Бауыржана Момышулы» деген жазу бар. Бар өмірін әскери қызметке арнап, Ұлы Отан соғысына қатысқан даңқты қолбасшы бұл маузерді сол отты жылдары пайдаланып, кейіннен көзінің тірісінде өз қолымен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне 1965 жылы тапсырғаны жазылған.