Өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі өзекті
Өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі өзекті
мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар – экономикалық өсімнің резерві. Оларды нәтижелі жұмысқа тарту үшін жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындаған талап осы. Сондықтан өңір басшысы Асқар Мырзахметов тиісті басқарма басшыларына еңбек нарығындағы өзін-өзі еңбекпен қамтығандардың санын азайтуды тапсырды.
Бұл мәселе облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткізген жиында кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы осы салада қордаланған бірқатар түйткілдерге баса назар аударды. Өңір басшысының күн тәртібіндегі мәселеге қатысты қойған сауалдарына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және еңбек инспекциясының басшылары Жорабек Баубеков пен Серғали Айдапкелов жауап берді. 2017 жылдың ІІ тоқсанында жасалған статистикалық мәліметке сүйенсек, өзін-өзі еңбекпен қамтығандар санатындағы облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының саны 42,4 пайызды құраған. Былтыр өңірімізге келген жұмыс сапарында бұл дерек Елбасының назарынан да тыс қалмаған еді. Сол жолы автив жиынында Мемлекет басшысы осы мәселеге тоқталып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын мейлінше азайтуды тапсырған болатын. Осыдан кейін нақты іс-шаралар қолға алынып, нәтижесінде өзін еңбекпен қамтығандар саны 35,4 мың адамға азайды. Бірқатары жалдамалы жұмыскерлер санатына ауыстырылып, олар 38,8 мың адамға көбейді. Ал нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың саны да 146,9 мыңнан 89,7 мыңға кеміген. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің айтуынша, ауыл-ауылды, үй-үйді аралаудың нәтижесінде қанша азаматтың тұрақты жұмысы жоқ екені де анықталған. Ендігі талап – өзін жұмыспен қамтығандарды белсенді шараларға тарту және еңбек қатынастарын рәсімдеу. Осы санатқа жататындардың аты-жөндері тізімге алынып, олардың еңбектері заңдастырылатын болады. Сондай-ақ тұрақты жұмысы жоқтарды нәтижелі еңбекпен қамту да өзектілігін жоймақ емес. – Қазір өңір тұрғындарының өзін-өзі еңбекпен қамтығаны, маусымдық жұмыстарға тартылғаны, тұрақты жұмысы жоқтардың саны қанша екені анықталды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауыл әкімдері санаты айқындалған азаматтарды шақырып, кездесу ұйымдастырып, біз еңбек жолдарын заңдастыруды түсіндіруіміз керек, – деді облыстық еңбек инспекциясының басшысы С. Айдапкелов. Тұрғындарға еңбек заннамаларын түсіндіру үшін елді мекендердегі жұмыс берушілердің де санын айқындап алу қажет. Еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесіне алдымен солар жауапты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетуді, жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге жағдай жасауды тапсырды. Сонымен қатар, аймақ басшысы салалық басқарма басшыларын халықтың тұрмысын жақсарту, олардың өмір сүру деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуді міндеттеп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын азайтуды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі