Саясат

Алғыс арқалаған арда азамат

Алғыс арқалаған арда азамат

Бүгінде өңір экономикасының деңгейін байқатар облыстың автомобиль жолдарының дені тақтайдай тегіс деп айтуға толық негіз бар. Жамбыл жолдарының жақсара түсуіне «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де қосып отырған үлесі қомақты. Тараз қаласы мен Қордай, Талас, Байзақ аудандарының жол құрылыстарында орасан зор жұмыстар жүргізіп келе жатқан серіктестіктің директоры Лямзер Тулебаев өткен жылдың өзінде Талас өзенінің арналарын тазалап, Үлгілі, Бурыл ауылдық округтері мен Сарыкемер, Қызыл жұлдыз, Кеңес ауылдарындағы бірнеше көшені ағымдағы және орта жөндеуден өткізгендерін айтады. Байзақ ауданының орталығындағы Ж.Дидарбеков көшесіне такси тұрағын, Бурыл, Түймекент, Жетібай ауылдарының көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салған да осы мекеме. Сондай-ақ серіктестік жұмысшылары аудандық мәндегі «Жібек жолы-Жаңатұрмыс», «Жетібай-Аққия-Төрткөл», «Түймекент-Ақжар», «Сарыкемер-Базарбай-Төрекелді» автомобиль жолдарына және Байзақ, Кеңес ауылдарының кіреберіс жолдарына орта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың алғысына бөленумен келеді. Қайсыбір жылдары еліміз нарықтық экономикаға көшіп, халық жаппай сауда-саттық, алыпсатарлық жасауға бет бұрса, біразы кәсіпкерлік, өндіріс салаларының болашағы зор екенін ұғынып, соған баса маңыз берді. Өндірісті өркендетуді таңдаған топтың ішінде Лямзер Кеңесбекұлы да бар еді. Бүгінде нәсібін кәсібінен тауып та жүр. Ол Талас ауданындағы Жданов атындағы кеңшарда өмірге келген. Осындағы орта мектепті бітірген соң Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген-ді. Алғашқы еңбек жолын «АгроПромСтрой» мекемесінде шебер болып бастаған ол едәуір тәжірибе жинақтап, жабдықтаушы, аға шебер, прораб, басшының орынбасары, 1996 жылы «Байзақкоммуналсервис» ЖШС-ның директоры қызметтерін атқарады. Ал 2001 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Рауан» ЖШС-ның директоры. «Нұр Отан» партиясының облыс, аудан әкімдерінің, облыстық мәслихат пен құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының Құрмет грамоталарымен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20, 25 жылдық мерекелік медальдарымен, ҚР Инвестициялар және даму министрінің «Құрметті жолшы» төсбелгісімен марапатталған айтулы кәсіпкер қазіргі таңда 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Ұжым инженерлік-техникалық қызмет көрсету ісінде, автожолдар мен құрылымдар салуда отандық және әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, қыруар тірліктер тындыруда. Нәтижелі жұмыстың арқасында мұндағы техникалар да жыл сайын жаңартылып, олардың саны бүгінде 63-ке жетіп отыр. Серіктестіктің жұмысы да жан-жақты. Мәселен, облыстық маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде тазалау жұмыстары, мекемелердегі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, өндірістік базада қоршаған ортаны қорғау бағытында түрлі шаралар ұйымдастыру, көктем мезгілінде көріктендіру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу мекеме жұмысшыларының мойнында. Қосақ ауылындағы асфальт шығаратын зауыт, тас өңдейтін карьер де осы серіктестіктің еншісінде. – Біз, кәсіпкерлер, өзімізге мемлекет тарапынан қолдау барын жақсы сезінеміз. Осы саланың дамуына барынша назар аударылып, бірнеше рет шағын және орта кәсіпкерлік саласын тексеруге мораторий де жарияланды. Жұмысын таза істейтін кәсіпкерлер үшін бұл – үлкен қолдау. Елбасымыз халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлік саласына айрықша назар аударумен келеді. Бұл орайда Мемлекет басшысының «Қуатты экономика – кәсіпкерліктің қуаттылығы, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің жоғарылығы, олардың кооперациясы. Мен отандық бизнесті қолдауды Жаңа саяси бағдардың маңызы жағынан екінші бағыты ретінде белгіледім» деп атап көрсеткені де есте. Мемлекет тарапынан қолдау барда біз еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қоса береміз, – дейді Лямзер Кеңесбекұлы.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ, журналист