Тынымсыз еңбек табысқа жеткізеді
Тынымсыз еңбек табысқа жеткізеді
Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын сайлаушылар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Тараз қалалық мәслихатының депутаттары бірден іске кірісті. Халық қалаулыларынан құрылған бес топқа қалалық мәслихаттың хатшысы Б.Ә.Құлекеев басшылық жасауда. Батырбек Әбдірәсілұлымен болған сұхбат Жолдаудағы міндеттерді халық арасында кеңінен түсіндіру барысы мен қалалық мәслихаттың атқарып отырған жалпы жұмысы жайлы болмақ.
– Батырбек Әбдірәсілұлы, Елбасы Жолдауы жарияланысымен облыстан, қаладан және аудандардан ақпараттық-насихаттық топтар құрылып мекеме, кәсіпорындарда, ауыл-аймақтарды аралап, жұртпен кездесулер өткізуді бастап кетті. Ел өміріндегі саяси мәні бар ауқымды шараға орай, қалалық мәслихаттың депутаттары да жұртпен кездесу өткізіп жатқанын естіп жатырмыз... – Мемлекет басшысының жыл сайын жарияланатын Жолдауын барша қазақстандықтар тағатсыздана күтеді. Өйткені онда Үкіметке, жергілікті атқарушы органдардың алдына орындалуға тиіс нақты міндеттер қойылады. Жалпы бұл бір жылда атқарылатын жұмысқа бағдаршам іспетті жылдың бас құжаты. Президентіміз Жолдауға қатысты халыққа бір күн бұрын мәлімдеме жасады. Ертеңіне республикалық басылымдарда Жолдау жарияланысымен депутаттық корпус болып бірінші ондағы он міндетпен жеке-жеке танысып шықтық. Содан бірден бес топқа жасақталып, саяси құжатты сайлаушыларымызға кеңінен насихаттауға кірістік. Облыс орталығындағы барлық әлеуметтік және денсаулық сақтау мекемелерінде, басқа да еңбек ұжымдарында болып, Жолдаудағы міндеттер жайлы кеңінен түсінік жұмыстарын жүргіздік. Мен сізге мынаны айтайын – бүгінде халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, саналы. Қалалықтардың дені Жолдау міндеттерімен жан-жақты танысып шыққан. Енді алдымызда тұрған үлкен шаруа – қалалық әкімдікпен бірлесе отырып, Жолдаудағы он міндетті орындау үшін тынымсыз еңбек ету. Оған біздегі 25 депутаттың білімі де, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеті де жетеді. – Сіздердің құзыреттеріңізге кіретін жайттарды да әңгімелей отырсаңыз. – Бірінші мынаны атап көрсетейін. Мәслихат – жергілікті өкілетті орган, қала халқы бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын жалпыға сайланбалы орган. Ал енді қалалық мәслихаттың құзыретіне тоқталсам – қаланың дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітуден бастап, барлығы 12 мәселені қамтиды. – Елбасы Жолдауда құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу туралы нақты міндеттер қойды. Республикалық және жергілікті қазынадан бөлініп жатқан қыруар қаржыны игергенде жоғарыдағы талаптың орындалуы шарт. Сіз бұған не дейсіз? – Иә, Елбасының Жолдаудағы бесінші міндетін орындауда тиісті құрылым басшыларына да, бәрімізге де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Расында да мемлекеттен инфрақұрылымға бөлінген қаржы жылдан-жылға арта түсуде. Мәселен биылға арналған бюджеттің кіріс бөлігі 44321283000 теңгені құрап, оның 20071209000 теңгесі субвенция болып бекітілген. Ал қалалық бюджеттің өзіндік кірістері 11733672000 теңгені құрап отыр. Бұдан басқа, қаланың биылғы бюджетіне жоғары бюджеттерден жалпы сомасы 12516402000 теңгені құрайтын трансферттер бөлінді. Шөлдала алқабындағы 900 орынға арналған орта мектеп құрылысын жалғастыруға, 300 орынға арналған №24 гимназияның жапсарлас ғимарат құрылысына, «Бәйтерек» шағын ауданындағы 1200 оқушыға арналған орта мектептің құрылысына және басқа да инфрақұрылымға қаралып отыр бұл қаржы. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша биылдан өтпелі «Арай» тұрғын алқабының ішкікварталдық, жаяу жүргіншілер жолдарының, аялдамалар кешендерінің, көше жарықтарының, арық желілерінің құрылысын салу және абаттандырудың, «Арай» тұрғын алқабын электрмен қамтамасыз етудің екінші кезеңін, «Шалғай Қарасу» 1,2,3,4,5,6,7-ші алқаптарын, басқа да нысандардың жобалық-сметалық құжаттары аяқталатын болады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы шеңберінде «Тұрғын үй-Жөндеу» ЖШС-ның жарғылық капиталын ұлғайту арқылы көп қабатты 6 тұрғын үйді жөндеуге 138000 мың теңге жоспарлануда. Жолдаудағы: «Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек» деген тапсырмасын орындауды тікелей назарға алатын боламыз. – Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақ «Туған жеріңе туыңды тік!» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп атап көрсетті... – Нұрсұлтан Әбішұлы Рухани жаңғырудың бүгін ғана басталған жұмыс емес екенін еске сала келе, Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше іс атқарылғанын айтты. Расында да көп шаруа атқарылды, әлі де алда атқарылатын жұмыс көп. Тараз қаласында да бұл бағытта біраз тірлік тындырылды. Ал енді «Туған жерге туыңды тік!» бағдарламасын іске асыруда депутаттарымыздың белсенділігі жоғары екенін атап өтсем деймін. Мәселен «Жамбыл–Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Жұмабек Бөлекбаев 5 миллион теңгеге балалар футбол алаңшасын, кәсіпкерлер Шамбылхан Үсенбаев 3 миллион теңгеге бейне бақылау камерасын, балалар ойнайтын алаңша және Айдар Джузанов 1 миллион 500 мың теңгеге бейне бақылау камерасын орнатып бермекші. Сонымен қатар кәсіпкерлер Талғат Мананов пен Нариман Мауленов те 1 миллион теңгеден шығарып, балалар ойнайтын алаңшаны күрделі жөндеуден өткізіп беруге ниеттеніп отыр. «СМЭУ Автотранссигнал-2» ЖШС директорының орынбасары Руслан Кан да 1 миллион теңгеге бейнебақылау камерасын орнатпақшы. Ал жоғарыда аты-жөндері аталған депутаттар А.Джузанов облыстық туберкулезге қарсы балалар санаториінің ауласына жеміс ағаштарын өз қаржысына отырғызып берсе, Н.Мауленов пен Т.Мананов №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының ауласына 50-ге жуық жеміс ағаштарын отырғызып берді. – Депутаттық сауалдар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем тоқталып өтсеңіз. – №17 сайлау округінен сайланған депутат Жақып Жексембиев Аққозиев көшесінің бірінші бұрылысындағы жолды асфальттау туралы сауал жолдап, шешімін тапты, сондай-ақ №15 сайлау округінен сайланған депутат Марат Мырзахметов №24 мектеп-гимназиясына қосымша құрылыс салу жайлы жасаған ұсынысы бойынша бюджеттен 684854000 теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал білім ошағын күрделі жөндеуге 258868000 теңге бөлінді. Облыс орталығының депутаттық корпусы туған қаламызды көркейтіп, гүлдендіру жолында да, сайлаушылар аманатын орындауда да тынымсыз еңбек ете береді. Бұл өз кезегінде табысқа жеткізетіні анық. – Сіз облыстың үш ауданын басқардыңыз. Талас ауданында тоғыз жылға жуық әкім болған кезіңізде «Амангелді» газының алауы жағылды және тауарлы несие ретінде елге мал таратылды. Байзақ пен Жуалы аудандарында да елдің алғысын алдыңыз. Аудан әкімі мен қалалық мәслихаттың хатшысы арасындағы айырмашылық қандай екен? – Біріншіден, әкімдік қызметке жергілікті мәслихат депутаттарының келісімімен, жоғары тұрған әкімнің тағайындауымен келесіз. Облыс әкімі: «Елбасы саясатын жергілікті жерде жүзеге асыруға ықпал етіңіз, мына елге басшылық жасаңыз, ел-жұрттың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсартыңыз» деп сенім артқан соң, сол сенім үдесінен шығу жолында тынымсыз еңбек етуге тиіссің. Сіздің сөзіңізден шығады, ойыма Талас ауданында қызмет жасап жүрген кезімде, «Амангелді» газ кенішінің ашылуы түсіп отыр. Ол 1999 жылдар болатын. Естеріңізде болса, облыс тұрғындары мен газбен жұмыс жасайтын мекемелер газдың тапшылығын қатты сезінді. Сол кездерде, Талас ауданының аумағында орналасқан «Амангелді» газ кені туралы ел аузында айтылып, облыстық және республикалық басылымдарда мақалалар жарияланып жатты. Шын мәнінде «Амангелді» газ кені Кеңес одағы кезінде зерттеліп, 100 миллиард текше метр газ қоры бар екені анықталған. Осы құжаттарды таптырып, егер осы газ кенін іске қосқан жағдайда еліміздің оңтүстік өңірлеріне үлкен пайдасын тигізетінін, сонымен қатар бірқатар жұмыссыз жүрген жастарымызбен, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылатыны және елді мекендерді арзан «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндіктер туатыны жөнінде, әуелі сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовке, халық қалаулылары Шерхан Мұртаза мен Қаратай Тұрысовқа хат жазып, қозғау салдық. С.Үмбетовтің қажырлы еңбегінің арқасында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, «Амангелді» газ кенішін игеру басталды. Бүгінде «Амангелді» газ кеніші еліміздегі үлкен стратегиялық объектілердің біріне айналды. Ең бастысы, Талас, Байзақ аудандарының елді мекендеріне арзан «көгілдір отын» кіргізіліп, жергілікті тұрғындар рахатын көріп отыр. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы Премьер – Министрі Б.Сағынтаевтың ықпалымен былтыр 2 миллиард 85 миллион теңге қаржы бөлініп, Талас ауданының бес ауылына газ құбыры тартылса, биыл қосымша 2 миллиард 608 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, Сарысу ауданының төрт ауылына газ құбырлары тартылуы жоспарлануда. Ал енді мәслихатқа хатшы болу үшін бірінші халық қалап, депутат болуың керек. Сосын халық қалаулылары хатшылыққа сайлайды. Мәслихатқа жетекшілік ету кезекті және кезектен тыс сессияны өткізумен шектелмейді. Депутаттық корпус пен аппаратты айрандай ұйытып, жұмысын үйлестіріп отыруың шарт. Саған үміт артып, аманатын арқалатқан мыңдаған сайлаушың бар. Солардың сенімінен шығуың керек. Ел неге мұқтаж, соны әкімдікке жеткізіп орындалуын бақылап отыру міндетің. Айталық №1 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-гимназиясына жапсарлас оқу корпусын салу туралы депутаттар тарапынан ұсыныс түсті. Тиісті мамандар және жауапты қызметкерлермен бірге мектепке барып, нақты жағдайларды сараптап, жапсарлас құрылыс жүргізу үшін, құжаттарын дайындауға қаражат бөлдірдік. Сол сияқты жеке қабылдауға келген қала тұрғындарының өтініштерін сараптап, мүмкіндігіне қарай оң шешімін табуға тырысамыз. 2017 жылы Р.Әбілқайыров көшесін асфальт жол салуға, Хмеловский атындағы қөшені тазартып, тас төсеттіруге ықпал еттік, сондай-ақ Кірпіш зауыты аймағында балаларға арналған спорт алаңын салу мақсатында, қараусыз қалған жер телімін қалалық спорт мекемесіне бергізіп, биыл тиісті қаражат бөлдіріп, спорт алаңын салуды қолға аламыз. Тізбектей берсек атқарылып жатқан жұмыс көп. Жалпы алғанда депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының талаптарын да, кешегі «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы нақтылап көрсетіп берген он міндетті орындауда да әкімдіктермен қатар, мәслихаттардың да алдында үлкен міндет тұр. – Әңгімеңізге рахмет.
Амангелді ӘБІЛ