Бруцеллез – жай тұмау емес
Бруцеллез – жай тұмау емес
Ресми ақпараттарға сүйенсек, облыс аумағында жануарлар арасында бруцеллез ауруы азайып келеді. Алайда соңғы жылдары өңір тұрғындарының бруцеллезге шалдығу деңгейі республикалық көрсеткіштен жоғарылап, алдыңғы қатарда тұр. Қазіргі тіркелген деректер жыл сайын осы індетке 200-ден астам адам шалдығатынын көрсетеді.
Бруцеллез – ауру малдан берілетін, адам денесінің буын, жүрек-тамыр, жүйке, жыныс мүшелерін зақымдайтын аса қауіпті инфекция. Тұрғындар жиі шалдығатын сырқат болғандықтан, бір қарағанда, жай тұмау сияқты қабылдайтындар көп. Ал шындап келгенде, адамның барлық мүшелерін зақымдап мүгедектікке, жастарымызды белсіздік пен бедеулікке алып келетін індет. Бұл аурумен әуелі қой-ешкі, сиыр, шошқа ауырып, солардан адамға жұғатыны анықталса, кейінірек ғалымдар осы індетпен барлық үй жануарлары, яғни түйе, жылқы, ит, тағы да басқа жануарларға да жұғатыны дәлелдеген. Ал адамдар арасында аурудың 80 пайызға жуығы көктем-жаз айларында тіркеледі. Бруцеллез адамға көбінесе ауру қой-ешкілерден жұғады. Уақ малдардың ауруының белгілері іш тастау және өлі төл туумен белгілі болса, ірі қарада бруцеллездің белгілері көбінесе байқалмайды. Оны тек лабораториялық тексерумен анықтауға болады. Жылқыда аурудың белгілері желке жон еттері қабынып, шықшыты іріңдеп, буындары ісінгеніне қарап біле аласыз. Көп жағдайда мал шаруашылығымен айналысатындар осы індетті жұқтырып алады. Ал күнделікті тұрмыста ауру малдың қайнатылмаған сүтін, сүттен дайындалған қаймақ, сарымай, ірімшік, шала пісірілген ет тағамдарын тамаққа пайдаланғанда жұғады. Бруцеллез ауруының негізгі белгілері жұқтырғаннан кейін 7-30 күн аралығында біліне бастайды: адам өзінің тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, делсал болып бойының ауыр тартқанын сезеді. Емделмеген жағдайда ауру күшейіп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай малшынып терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісіп ауырады. Дәрігерге көрінбей, адам өз бетінше емделсе, ауру созылмалы түрге ауысып, жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы мүмкін. Біздің өңіріміз негізінен аграрлы аймақ саналатындықтан, мал шаруашылығын дамытуға көптен көңіл бөлінетіні белгілі. Соған қарай жылдан-жылға мал саны да өсіп келеді. Бұл әл-ауқатымыздың артқанын көрсеткенімен, биологиялық жолмен келетін аурулардың тұрғындар денсаулығына қауіпті екенін де ұмытпауымыз керек. Ол үшін ауру малды жасырмай, жойып, індеттің алдын алуға ұмтылуға тиіспіз. Қолданыстағы ветеринариялық заң талаптарына сәйкес, агроқұрылымдарға, шаруа қожалықтарына, жеке тұлғаларға жұқпалы ауруларға тексерілмеген малды шеттен әкелуге қатаң тыйым салынады. Егер, мал сатып алған болсаңыз, бұрынғы мал иесінен міндетті түрде жұқпалы аурумен ауырмайтындығы туралы ветеринарлық анықтамасын талап етіңіз. Сондай-ақ жаңадан әкелінген малды бір айға жуық бөлек ұстап бруцеллез ауруының бар жоғын міндетті түрде тексеріп анықтау қажет.
Күмісбек Рахимов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің карантиндік және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы