Ел чемпионаты басталды
Ел чемпионаты басталды
Тараз қаласындағы олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығында үстел теннисінен Қазақстанның кезекті чемпионаты басталды. Додаға еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан жүзден астам спортшы қатысуда. Сайдың тасындай іріктелген кілең мықты сайыпқырандар топқа түскен аламанның ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы қатысып, сөз сөйледі. – Еліміздің беткеұстар мықтылары, қатарынан оза шауып жүрген талантты спортшылар Тараз төріне жиналып, ересектер дуын қыздырып жатыр. Үстел теннисінің қазіргі кезде еліміздің барлық өңірінде танымалдығы артып келеді. Доданың жоғары деңгейде өтуіне тілектеспін. «Шын мықтыға тұсау жоқ» демекші, біріншілік барысында шеберлігі толысқан саңлақтар өздерінің әлеуетін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенемін. Барша командаға тек сәттілік серік болсын, – деді Бекболат Серікбекұлы жарыстың ашылу рәсімінде. Бұдан соң Қазақстан үстел теннисі федерациясының атқарушы директоры Данил Пак сөз алды. – Бүгінгі таңда елімізде үстел теннисінің қарқынды түрде дамуына барлық жағдайлар жасалған. Әсіресе аймақтарда осы спорт түрінің танымалдылығын арттыруға баса назар аударылуда. Олимпиадалық спорт түріне жататын үстел теннисіне ден қойған жастарымыздың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Халықаралық додаларда топқа түсіп жүрген үстел теннисінің шеберлерінің нәтижесі де күн өткен сайын жақсара түсуде. Тараз төрінде бастау алған Қазақстан чемпионаты тартысты жағдайда өтеді деген үміттемін. Ұлттық құраманың намысын қорғайтын үкілі үміттеріміз анықталатын жарыста спортшыларымыздың аянып қалмасы анық. Ел біріншілігінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысып жатқан облыс әкімдігіне, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына, облыстық үстел теннисі федерациясына алғысымды білдіремін, – деді ол өз ойын ортаға салып. Қазақстанның жекелей және командалық біріншілігінде қыздар мен ерлер сынға түседі. Додаға қатысушылардың қатарында тіс қаққан кәнігі шеберлермен қатар болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар да баршылық. Бес күнге созылатын дода барысында топ жарған саңлақтар ұлттық құрама сапына іріктеліп алынады. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі алдында павлодарлық жас талант Ангелина Романовская мен алматылық Гауһар Алмағамбетова арасындағы тартысты ойынды тамашалап та үлгердік. Бұл бәсекеде павлодарлық спортшы 3:1 есебімен қарсыласынан айласын асырды. Әсіресе төртінші сетте 6:10 есебімен есе жіберіп жатқан Романовская шешуші сәтте жиналып, 12:10 есебімен жеңісті жұлып алды. Біз оның психологиялық тұрғыдан мықты спортшы екенін байқадық. «Бұл жұпта өнер көрсеткен екі спортшы да болашағынан үлкен үміт күттіреді. Екеуінің де алар асулары алда деген ойдамыз», – дейді бапкерлер екі спортшы туралы. Ел чемпионатының толық қорытындысы туралы алдағы уақытта жазатын боламыз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан