Жамбылдықтар намысты қолдан бермеді
Жамбылдықтар намысты қолдан бермеді
Тараз қаласындағы Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының спорт кешенінде 2000-2002 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің 12 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан барлығы 387 спортшы қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Ел біріншілігінде облысымыздың 40 спортшысы сынға түсті. Дода барысында жамбылдық ұл-қыздар тамаша өнер көрсетіп, қарсыластарынан бір мысқал кем емес екендіктерін аңғартты. Қазақстан чемпионатының қорытындысында 52 келі салмақ дәрежесінде өңір намысын қорғаған Б. Сайлауов, 65 келі салмақ дәрежесінде жасындай жарқыраған А.Уәли, 70 келі салмақ дәрежесінде топқа түскен Ж.Оңалбай, 87 келі салмақ дәрежесінде өзін жақсы қырынан көрсете білген І. Ералиев біріншілік жеңімпазы атанып, мерейлері үстем болды. Сондай-ақ бірқатар оғландарымыз күміс, қола жүлдеге қол жеткізді. Тараз төрінде өткен ел біріншілігінде жамбылдықтар намысты қолдан бермей, жалпыкомандалық есепте топ жарса, Қызылорда облысынан келген сайыпқырандар екінші орынды, алматылық самбошылар үшінші орынды иеленді. Чемпионат барысында жерлестеріміздің жарысқа өте жоғары деңгейде дайындалғанын аңғардық. Әр қарсыласқа қарсы әдемі тактика қойып, өз жоспарларын сәтімен жүзеге асыра білген өрендеріміздің жанкешті әрекеттері жанкүйерлердің көңілінен шыққаны анық. Спортшыларымыз мұндай тамаша нәтижеге Р.Қожатаев, Х.Лукманов сынды білікті бапкерлердің еңбегінің арқасында қол жеткізсе керек.
Элизат Қонысбай, ТарМУ-дың студенті