Жасампаз жырымызға куә болсын, Астанам – Отанымның жан жүрегі!
Жасампаз жырымызға куә болсын, Астанам – Отанымның жан жүрегі!
«Арқа төсіндегі арман қала» атты ақындардың жазба айтысының алғашқы жұбы шешуші кезеңге келіп жетті. Бұған дейін екі реттен кезек алмасқан Ербол Қамбатыров пен Дархан Әбдіманат енді соңғы рет жыр жолдарын жолдап, сөз сайысын түйіндейді. Екі ақынның айтысы газетімізде осымен бесінші мәрте жарияланып, оқырманға жол тартқалы тұр. Газетіміздің 30 қаңтар күнгі №12 санында Дархан Әбдіманаттың Ербол Қамбатыровқа жауабы берілген еді. Ағасына інілік назын айтқан ақынның астарлы әзілі мен уытты сөзі Қаратаудың қара нары атанған Ерекеңді де бейжай қалдырмаған секілді. Қолына жедел қалам алған Ербол Қамбатыров қарсыласына жауап жазып та үлгеріпті. Үлкен мен кіші арасындағы сыйластыққа, қазақы қалжыңға құрылған айтыстың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз. Газетіміздің алдағы сандарының бірінде Дархан Әбдіманат өзінің жыр жолдарымен бірінші жұптың айтысын аяқтаған соң кезек екінші жұпқа тиеді. Ауызбірлік болған соң басты ұраным, Жалғайын əрмен қарай достық əнін. Албырттығың көрініп тұр, ақын інім, Абайла, бұзып алма дос тұрағын. Алланың қалауымен, бұйрығымен, Шүкіршілік, бүгінде бас құрадың. Бармай қалсам егерде естіп тұрып, Неге түсіп қалмайды қос құлағым. Жағымсыз ғып, жалақор деп айта берсем, Дедің бе бұл ағаңды састырамын. Жұмыртқадан жүн қырққан, Алдарсың деп, Тізбегін жасай берме бос кінəнің. Азуын көрсете алар қауқарым бар, Тентекті тезге сап тас қыламын. Қақпанға түссе-дағы, қайсарлықпен, Тірсек шайнар бар, шүкір, қасқыр əлім. Тіліп түсер тіл шіркін байланып тұр, Жансыңдар баламменен жасты бəрің. Жарға келіп соқтықпа жапалақтай, Биік ұшам десең егер, жас қыраным. Ақыл айтып отырғам жоқ даналардай, Қас жауым емессің ғой табалардай. Іні деген інге кіріп кетпейді ме, Аға көрсе арқырап жағаны алмай. Əр тойдан тапқанымды санап жүрген, Байдың асын қызғанған балаларды-ай... Той басқартып, тайлақ берген қайсың барсың? Менің бір жыртығымды жамағандай. Көштің басын бастайтын уақыт келер, Жол түсіп жатса егер саған арнай. Күпіршілік емес-ау, шүкіршілік, Жасау керек, өнер берсе саған Алла-ай. «Ондайсың, мындайсың» деп бағалайтын, Жайың жоқ, інім, мені саралардай. Талабымды таразылар ел-жұртым бар, «Қара нар» деп ат берген маған арнай. Қара нарды бағалау үшін, бірақ, Болу керек алдымен қара нардай. Жөн білер жігітсің ғой жаны жайсаң, Жүрсінші жүрегіңде жара қалмай. Ескендей жаздың самал таңғы лебі, Дарханның болсын ылғи əн-жыр емі. Осымен тəмамдайық өзің айтқан, «Отбасы, ошақ қасы» əңгімені. Өзі жақсы кісіге бір орын бар, Бұл сөзді түйсігі бар жан біледі. Байбалам сап біраз жерге бардық білем, Бағасын қараша мен хан біледі. Маңдайыңнан өбейін өлеңменен, Мойныңа оралғандай жар білегі. Келісті келінменен құп жарассаң, Белгілі аға-жүрек елжірері. Астанамен төл құрдас жігіт едің, Соғатын ел-жұртым деп əн-жүрегі. Оң жағалау сен болғанда, келін бала Сол жағалау секілді əрлі ме еді? Есілдей еркелетсем екеуіңді, Отауыңа салтанат пен сəн кіреді. Тілейін мен де саған тілегімді, Арналсын армандардың мəнді легі. Жолдайын жырымменен жолдауымды, Елбасымдай, ұмтылған мəңгіге елі. Адами капиталың арта берсін, Сонда саған күн шығып, ай күледі. Барлық істің драйвері бола бергін, Əлемге жаңашылдық əйгілі еді. Нанотехнологиямен нан таба бер, Заманауи талаптың бұл əйдігі еді. Латынша айтысуға мен дайынмын, Сен ше? Дайын боласың қай күндері?!. Рухани əлеуетің дами берсін, Бұған жетер жағдайың жайлы ма еді?! Цифрлық Қазақстанның көшіне еріп, Қара нар бере қоймас бәйгені енді. Жасампаз жырымызға куə болсын, Астанам – Отанымның жан жүрегі! Талас ауданы