Саясат

Бір жылда 79016 қызмет көрсетілген

Бір жылда 79016 қызмет көрсетілген

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық әділет департаментінің басшысы Дархан Игембаев өткен жылы атқарылған жұмыстары жөнінде брифинг өткізді. Басқосуда аталған департамент басшысы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы әділет органдарына қатысты негізгі міндеттерге тоқталды. Саяси құжаттағы бірінші міндет бойынша әділет органдары мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетіп, өз үлесін қосуда. Есепті кезеңде 79 016 қызмет көрсетілген, оның ішінде 17 722-сі электронды түрде, қызметтердің жалпы санынан алғанда бұл 22,4 пайызды құрайды. Үшінші міндет бойынша, заңға сай зияткерлік меншік құқықтарын сақтау, қорғау функциясы әділет органдарына жүктелген. Зияткерлік меншік құқықтарына агроөнеркәсіп саласында ойлап табылған дүниелер де жатады. Мемлекеттік тіркеуді тікелей Әділет министрлігі жүргізеді, алайда әділет департаментіне жүгінген азаматтарға тиісті құжаттарды жинақтау, жолдау жағынан қай кезде де барлық көмек көрсетіледі. Әділет органдарының негізгі бағыттарының бірі жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу болып табылады. Өткен жылы 64 140 жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүргізілген, оның ішінде ХҚКО арқылы түскен құжаттар бойынша 47 304, электрондық түрде 16 836 тіркеу жасалған. Жолдаудағы сегізінші міндет – тиімді мемлекеттік басқару. Бүгінде «Бір терезе» қағидасын одан әрі жетілдіру мақсатында, SMS-хабарламасы арқылы бір уақытта 3 функцияны қамтитын, яғни туу туралы куәлік алуды, балабақшаға кезекке қоюды және бала туу бойынша жәрдемақыға тапсырыс беру пилоттық жобасы іске қосылған. Сонымен қатар жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша, нотариус арқылы жасалған мәмілелер, бірден әділет органдарының мемлекеттік деректер базасына түсіп, тіркеу жүргізілуде. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп, жалпы жұмыс процесін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық көріністерін жоятындығы сөзсіз. Жолдаудағы тоғызыншы міндет бойынша әділет департаментінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласы бойынша» жұмыс жоспары бекітіліп, жұмыс жүйеленген түрде атқарылуда. Биылғы басым міндеттер жайлы Дархан Жұмабайұлы: «Бірінші, Елбасының халыққа Жолдауын жүзеге асыру үшін Әділет министрлігінің жоспарында көрсетілген кешенді шараларды қамтуымыз қажет. Екінші, Әділет министрі мен Әділет министрлігінің тапсырмаларын сапалы және де өз мерзімінде қамтуымыз қажет. Мемлекеттік қызметтерді көрсетуде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, арыз-шағымдарды болдырмау шараларын қабылдап, білікті мамандарды сапалы таңдау және жағымды жұмыс жағдайын қалыптастыру. Қорыта айтқанда, әділет органдарының барлық басшыларымен қызметкерлерінің басты мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау болуы тиіс», – деді. Брифинг соңында департамент басшысы журналистердің сауалдарына жауап берді.

Шынар Сағиева