Мойынқұмдықтар арықтан су ішіп отыр
Мойынқұмдықтар арықтан су ішіп отыр
Мойынқұм ауылының тұрғыны Нұржан Көпбергенов ауызсу тоқтағалы бері 10 күн бойы арық суын ішіп отырғанын айтып, қоңырау шалды. Бұрындары флягтап су тасып ішіп жүрген мойынқұмдықтар кейін әр үйге ауызсу құбыры тартылғанда бұл мехнаттан құтылғандай еді. Енді, міне, қуаныштары ұзаққа бармай, арықтан су тасып ішетін күйге қайта түскендеріне қапалы. Қыстың күні арық суының бетіне қатқан мұз қалыңдай түседі емес пе? Біраз уақыт бұрын қолға қарап қалған қорасында малы үшін мұзды ойып, суат жасағандардың көпшілігі «ағын судың арамы жоқ» десіп, қазір сол жерден өздері де су алып, ішіп отыр. Арық суын лай дейтіндері ауданның батыс беткейінен тасуға мәжбүр. Осылайша аудан орталығының шығыс беткейіндегілер 10 күннен бері ауызсусыз қалды. Қара суды қанып ішпеген жұрттың мұңын айтып, бірден Мойынқұм ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Мөлдір» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына бардық. Аталған кәсіпорынның өндірістік меңгерушісі Төлен Шахан: «Құмдағы су соратын қос құрылғы күйіп кеткен. Соның салдарынан 26 қаңтардан бері ауылдың шығыс беткейіндегі тұрғындарға су бере алмай отырмыз. Су соратын қос құрылғыны Алматы қаласынан өзіміздің салықтан жиналған 1 миллион теңгеге сатып алдық. Негізінен мұндай төтенше жағдайда ауыл әкімшілігі қаражат бөлуі керек. Алайда ауыл әкімшілігінің бюджетінде бұған қаржы қарастырылғанымен, жылдың басы болғандықтан, әлі берілмепті. Сатып алынған су соратын қос құрылғының бірі жарамды, екіншісі іске алғысыз. Ал ауылдың шығыс беткей жағы өр, сондықтан жалғыз құрылғының су айдауға шамасы жетпейді. Жарамсыз құрылғыны алған жерімізге қайта жіберіп, ауыстырып алмақпыз. Су соратын екінші құрылғы келген соң, бәрі реттеледі», – деді.
Мамандар ауылдың батыс беткейіндегі негізгі су жинайтын құрылғымен күніне бір мезгіл су жіберілетінін айтады. Алайда ол су осы аумақтың жоғары жағындағы тұрғындарға жетіңкіремейтін көрінеді. Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп-интернаттың өзіне 4 тонна суды арнайы көлікпен тасиды екен. Биылғы қыстың аязы да қатты. Содан да жерасты су құбырлары да қатып қалған. Тұрғындар оны жылытып әлек. Егер ауызсу күндіз-түні ағып тұрса, құбырларда су қатпайтын еді дейді көпшілік. Ал Төлен Шахан «суды тұрақты ағызатын болсақ, бізге электр энергияның ақысын кім төлейді?» деп қарсы сұрақ қояды. Рас, судың да сұрауы бар. «Тұрғындар тегін су ішіп әбден үйреніп қалған. Жаппай суға ақша төлемейді. Соның салдарынан суға 2 миллион теңге қарызбыз», – дейді аталған кәсіпорынның қызметкерлері. Дегенмен құмдағы қос құрылғы іске қосылғанша, «Мөлдір» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ауызсусыз қалған аймақтарға тегін су тасып жеткізіп беретінін айтты.
Мойынқұм ауданы