«Ауыл-Аймақтың» айтары бар
«Ауыл-Аймақтың» айтары бар
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газет-журналдары көп...». «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынов мақаласын осылай бастаған еді. Бүгінде осы сөз күллі қазақ баспасөзінің ортақ ұранына айналды.
«Ауыл-Аймақ» газетінің ақпарат айдынына қосылғанына біраз болған. Әйтсе де, біршама уақыт өз бағыт-бағдарын айқындап, бет-бедерін қалыптастырып алуды көздеген басылым көпшілікке өзін таныстыруға асыға қоймаған еді. Газеттің тұсаукесері жақында облыстық қазақ драма театрында салтанатты жағдайда өтті. Оған өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен тілшілері, жоғары оқу орны мұғалімдері, тіл жанашырлары қатысты. Жиында алғаш сөз алған Тараз қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев «Ауыл-Аймақтың» тұрақты оқырманы екенін айтып, осынау басылымды өңір жұртшылығына кеңінен насихаттауға көмек-қолдау көрсететінін жеткізді. Облыстық «Арай» жастар газетін шығаруға мұрындық болған, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжан да басылымның абыройын арттыратын ұсыныстарын ортаға салды. Облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов пен қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы міндетін уақытша атқарушы Ерман Әбдиев газеттің ұстанған бағытын құптап, алдағы уақытта ойлы оқырманға бірлесе қызмет етуге шақырды. Негізі «Ауыл-Аймақ» 2015 жылғы 26 қыркүйектен бастап шығып келеді. Құрылтайшысы – «Әулие-Ата Пресс» жеке кәсіпкерлігі. Директор-бас редакторы мемлекеттік қызмет саласының ардагері – Әзімхан Қилыбаев. Қоғамдық-саяси газет облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының қолдауымен аптасына бір рет шығады. Жарық көргеніне екі жыл енді толған басылымның екі мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Бастысы, басылымның бағдары анық, мақсаты айқын. Апталық газеттің атауы айтып тұрғандай, редакция алқасы шалғайдағы ауыл-аймақтың қым-қуыт тыныс-тіршілігін көрсетеді. Сонымен қатар, облыс аумағындағы шатқаяқтап тұрған шаруалар мен тындырымсыз тірліктерді де басты назарға ала отырып, оңды шешімін ойлы оқырманмен бірге іздемек. Осылайша редакция алқасы өңірді өркендетуге өзіндік үлестерін қоспақ.
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті