Спорт және туризм

«Тараз» премьер-лигаға орала ма?

«Тараз» премьер-лигаға орала ма?

Өткен жылы сүреңсіз ойын көрсеткен «Тараз» футбол клубы бірінші лигаға түсіп қалған еді. Бірнеше жыл бедерінде көңіл көншітерліктей нәтижеге қол жеткізе алмай келе жатқан «Тараз» футбол клубына жаңа директор тағайындалды. Жаңа маусымда «Тараздың» тасын өрге домалатуды көздеген Қуаныш Мұсатаев журналистер қауымымен жүздесіп, өз ойын ортаға салды. – Менің тағайын­далғаным кеше ғана. Жалпы алғанда футболдың адамы екенімді жанкүйерлер біледі деп ойлаймын. Тараз мен үшін бөтен қала емес. Киелі шаһардың футболын көтеру мақсатымен іске кіріскелі отырмын. Маған сауалдарыңызды ашық қойып, өз пікірлеріңізді еркін жеткізсеңіздер деген ниетім бар, – деген клубтың жаңа басшысы талай таланттар түлеп ұшқан Тараз жерінде балалар мен жасөспірімдер футболын одан әрмен дамыту керектігіне тоқталды. – Қайда жүрсем де футболдың айнала­сындағы адаммын. Алдыға қойған басты мақсатым – «Тараз» футбол клубын премьер-лигаға шығару. Мен қазіргі кезде клубтың базасымен, мүмкіндіктерімен танысып жатырмын. Жанкүйерлер стадионға қайта оралып, сүйікті командасын қолдауы үшін еңбек етемін, – деген Қанат Мұсатаев клуб басшылығы алдағы уақытта туындағын мәселелерді зерделеп, оны шешу жолдарын қарастыра­тынын жеткізді. Баспасөз мәслихаты барысында журналис­термен бірге жанкүйерлер де сөз алып, көкейде жүрген мәселелерін қозғады. 1994 жылы Қазақстанның үздік футболшысы атанған «Тараздың» жаңа басшысы кезінде «Шахтер», Ертіс секілді бірқатар клубтарда өнер көрсеткен. ҚФФ спорттық директорының орынбасары қызметін атқарған. Жамбыл футболына жаңа серпін әкелуді көздеп отырған директорға табыс тілейміз. Ал нәтиже маусым соңында белгілі болады. Ендеше, әліптің артын бағайық.

Табиғат АБАИЛДАЕВ