Тозғанымызды емес, озғанымызды ойлайық
Тозғанымызды емес, озғанымызды ойлайық
Тарихы мен мәдениеті талайларды таңдай қақтырып келген Тараз өлкесі қай-қайсымызды болсын бейжай қалдырмасы анық. 2000 жылдан астам тарихы бар киелі өлке туралы ежелден саяхатшылар мен географтар, жиһанкездер өз деректерінде тамсана жазып кеткен болатын. Бұлардың барлығы да біздер үшін ауқымды жетістік, яғни ата-бабаларымыздың ерте кезден-ақ далалық мәдениет пен қала мәдениетін қатар дамытқан өркениетінің нәтижесі. Тараз қаласы – бабаларымыздың ерте дәуірден бастап мәдениет пен өркениетті дамыта білгендігінің нәтижесінде сан ғасырлар бойы варварлар һәм жабайыларға теңеген еуропалық қасаң қағиданы жоққа шығарды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Тарихымыздың алтын діңгегі» санаған, тарихы тасқа қашалып, шежіресі құмға сіңген киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден бастау алатын тарихи-мәдени мұралар ұшан-теңіз. Бұл қасиетті мұралар тек бір өлкенің немесе тұтастай бір ұлттың мүддесі үшін емес, бүкіл жер шарын мекен еткен адамзат үшін құнды десек, артық айтпаймыз. Қазіргі кезде жергілікті өлкенің географиясы мен тарихына, мәдениетіне көптеген басқа сала мамандары да ден қойып, өз ойларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, алаңдаушылық білдіріп жатады. Бұны әрине заңды құбылыс ретінде бағалаймыз. «Тарихты білмей, өткенді, келешекті болжау мүмкін емес» – деген қағиданы негізге алар болсақ, әр азаматтың өзінің туған жері мен оның тарихына мән беруі, болашақтағы рухани дамуымыздың бір белгісі болары хақ. Осы орайда облыстық «Ақ жол» газетінің ағымдағы жылғы 6-қаңтарда жарық көрген №2 санында Сағындық Ордабековтің «Тараздың тарихын танытамыз десек...» атты көкейкесті мақаласы жарық көрді. Онда автор осы газетте жарияланған жазушы, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулеттің «Тараздың өткенін таразылап біттік пе?» деген танымдық мақаласын негізге ала отырып, «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» сырғып өте шығатын тарихшылар мен археологтардың Тараз шаһары мен оның төңірегіндегі ежелгі қалалар, қалашықтар туралы жазған еңбектеріне көңілі көншімейтінін алға тартады. Автордың көзқарасы құнды екендігі дау туғызбайды. Дегенмен тарих пен археология саласы бір немесе бірнеше жылдың еншісінде тәмамдай салатын асығыстықты қажет етпейді. Бұл ғылым саласының «инемен құдық қазғандай» екендігін естен шығармауымыз қажет. Кез келген қазба жұмыстары ұқыптылықты керек етеді. Әрі қазба барысында алынатын жәдігерлер үгітіліп тұрады. Ұқыптылық пен ептілік болмаса, оны қайта қалпына келтіре алмайсың. Әрбір қаланы бір жылда қазып тастап, тұшымды пікір айту мүмкін емес. Оның өзінің тәртібі, технологиялары болады. Қазіргі кезде облыс көлемінде орналасқан жергілікті маңызы бар, мемлекеттік тізімге алынған және алдын ала тізімде тұрған тарихи-мәдени ескерткіштердің бүлініп, жойылып кетпеуін қадағалаумен облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» айналысып келеді. Сондай-ақ бүгінгі таңда «Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңнамаға сәйкес, археологиялық ескерткіштерде қазба және барлау жұмыстарын жүргізуге лицензиясы бар кез келген жекелеген топтар немесе тұлға ие бола алатындығын естен шығармағанымыз абзал. «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» өз жұмыстарының нәтижелері мен жаңа деректерді халыққа қолжетімді әрі түсінікті түрде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, арнайы сайттарда үздіксіз жариялап келеді. Қазіргі уақытта облыс әкімінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі №90 қаулысымен бекіткен жергілікті әлеуеті зор, мемлекеттік тізімге алынған 711 тарихи-мәдени ескерткішіміз бар. Оның ішінде республикалық дәрежедегі – 30, халықаралық дәрежедегі – 5 тарихи-мәдени ескерткішті сауатты оқырман жақсы біледі деп ойлаймыз. С.Ордабековтің тағы бір атап көрсеткен мәселелерінің бірі – соңғы 100 жылдығымыздағы қаланың Әулиеата дәуірі көзден бұл-бұл ұшып, бір кездері орталық саналған, бұрынғы «колхоз базары» маңындағы кварталдар, тарихи ғимараттар мемлекеттік қорғауға алынбай, аяусыз сүріліп тасталып, олардың орнын еш архитектуралық сәні мен келбеті жоқ жаңа ғимараттардың салынуына алаңдаушылық білдірген. Бірқатар сын көтермейтін нысандарды көрсетіп берген. Бұл орайда дирекциямызда арнайы Мәдениет және спорт министрлігінің бекіткен қаланың тарихи құрылыс тірек жоспары бар. Мұнда автор атап көрсеткен Әулиеата кезеңіне жататын шаһарымыздағы Төле би даңғылы мен Х.Бектұрғанов көшесінің қиылысынан Пушкин көшесіне дейінгі аралықта орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттар мемлекеттік тізімге алынған, әрі жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің санатына кіреді. Аталған тарихи-мәдени мұра объектілерінің мәртебесі Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес айқындалған. Сөз жоқ қала орталығындағы жеке тұрғын үйлер мен ғимараттардың сырт келбеті мен қазіргі жағдайы сын көтермейді. Бүгінгі күні меншік иелері тарихи және мәдени ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету жағына бас ауырта бермейді. Жоғарыда аталған заңның 34-бабының І-тармағының 5) тармақшасына сәйкес меншік иелері тарих және мәдениет ескерткіштерінің техникалық жағдайын оның келбетін қалауынша өзгертпей, жөндеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Осы орайда үстіміздегі жылы Әулиеата кезеңіне тән Төле би даңғылы мен Х.Бектұрғанов көшесінің қиылысынан Пушкин көшесіне дейінгі аралықта орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарға зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, арнайы мамандардан құралған жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының негізгі мақсаты автор айтып өткен Әулиеата кезеңін сақтап, жандандыру болып табылады. Ал егерде жергілікті меншік иелері жұмыс тобының шешімін орындамаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның негізінде әрекет ететін болады. Автордың тағы бір атап көрсеткен мәселесі атақты адамдар мен қоғам қайраткерлері тұрған үйлерге естелік-тақталар ілу жөніндегі ұсынысы өзекті мәселе екендігі дау тудырмайды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 16 қарашадағы «Мемориалдық тақталарды орнатудың өлшем шарттары мен қағидаларын бекіту туралы» №356 бұйрығы шықты. Мұнда 1992 жылғы 2 шілдедегі заңның 19-бабының 14-12) тармақшасын негізге алған бұйрықпен қатар, мемориалдық тақталарды орнатудың өлшем шарттары, қағидалары мен тәртібі жасалынған. Сондықтан мемориалдық тақталарды орнатудың өзінің ережелері мен талаптары бар екендігін естен шығармауымыз қажет. Уәкілетті органдардың шешімінсіз біз өз бетімізше немесе ешқандай талапсыз мемориалдық тақталар орната алмаймыз. Қорыта айтқанда Сағындық Ордабековтің атап көрсеткен уәждері қисынды әрі қаламыздың сәулеті мен мәдениеті жолында маңызы зор болғандықтан алдағы уақытта шешімін табатынына сеніміміз мол.
Ержан Сланов, облыстық «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ тарихи мұраларды зерттеу және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері