Саясат

Ардагерлер қолдау білдірді

Ардагерлер қолдау білдірді

Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің әлемдік көшбасшылардың қатарына қосылуына ықпал ететін негізгі бағыттары айқындалған. Осы бағыттарды түсіндіруге арналған облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының жиыны өтті. Оған облыстық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссияларының төрағалары мен мүшелері, ардагерлер қозғалысының белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев: «Елбасы Жолдауындағы атап өткен кешенді міндеттердің алғашқысы бойынша таяу уақытта еліміздегі индустрияландыру үдерісі жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Ел Президенті бұл ретте, индустрияландырудың жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуы тиістігін, еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату қажеттігін, ағымдағы жылы «цифр дәуірі» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керектігін атап көрсетті», – деп өңіріміздегі алып химия кешені «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі цифрлық технологияға көшуге ұмтылыс жасап жатқанын жетістік ретінде баяндады. Сондай-ақ энергия тиімділігін арттыру мен энергия үнемдеу мәселесіне қатысты міндеттерге орай облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 2018-2022 жылдарға болжамдағы электр энергиясын өндіру мен тұтыну балансын әзірлеуді тапсырғандығын атап өтіп, Жолдауда көрсетілген өзге де міндеттерге тоқталды. Жиын барысында басты құжатқа қатысты сауалдарға тиісті жауаптар берілді, үндеу қабылдады. Басқосуды өзге де облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері ой-пікірлерін ашық айтып, ұсыныстарын ортаға салды.