Әлеумет

Тыңдар құлақ болса, түйткіл көп

Тыңдар құлақ болса, түйткіл көп

Жолдың жайы жанға батты

Бұл – өткен жаздағы оқиға. Астанадан Таразға қарай жеңіл автокөлікпен сапарға шыққан едік. Жолшыбай Балқаш көліне шомылып, қазақ жерінің ұшы-қиыры көзге көрінбейтін кеңдігін айтып, марқайып келе жатқан болатынбыз. Кенет Алматыға қарай ирелеңдей созылған кең әрі тегіс тасжолмен зулап келе жатқан көлігіміз Бурылбайтал деп аталатын ауылдан Мойынқұм ауданы арқылы Шу қаласына апаратын 167 шақырым тасжолды 5 сағатта, Шу қаласынан Меркі елді мекеніне дейінгі 90 шақырым жолды 1,5 сағатта әрең дегенде жүріп өтті. 6,5 сағаттық итәуре жол шопырдың да, біздің де көңіл күйімізді быт-шыт қылды. Жалпы, осы тауқыметі көп тасжолмен Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, арысы батыс облыстардан келетін жолаушылар күнде «КамАЗ», автобус, жеңіл көліктермен ағылып жатады. Егер әрбір көлік осы жолдың кесірінен жүріс бөлігін құртып алатын болса, онда қаншама қарапайым халықтың қалтасына ауырлық түседі. Демек ел экономикасына кері әсерін тигізіп тұрған, жағдайы мүшкіл жолды шұғыл жөндеуді қолға алмаса болмайды. Оңтүстік пен орталық, солтүстік және батыс өңірді байланыстыратын күретамыр іспеттес, бас-аяғы 257 шақырым ғана болатын тасжолды жөндеуге облыста неге қаржы жетпейді? Тіпті аталмыш жолды толық жөндеуден өткізіп, ақылы жолға айналдырса да кез келген жолаушы ойланбай ақысын төлейтініне сенімім кәміл.

Қабаған ит қауіп туғызады

Есі әбден шыққан ескі жолдан шаршап, туған ауылымызға атбасын бұрып едік, мұнда да жағымсыз жайттар жанға батты. Мәселен Талас ауданының Аққұм, Бостандық ауылдарындағы көшелерде қаңғыбас иттерден аяқ алып жүре алмайсыз. Қорыққаннан қолға шоқпар алып жүруге тура келеді. Себебі, қаңғыбас қабаған иттер ешкімді аяйын деп тұрған жоқ. Иттен қашамын деп ойласаңыз, көше жолдарында шұңқыр өте көп. Асфальті ұшты-күйлі «жоғалып» кеткен. Өмірге өте қауіпті. Ал қазіргі қыстағы жағдайды айту тіптен ұят. Ауылда мені қинаған тағы бір мәселе – электр тоғының күнара өшіп қалатыны. Қашан жанады деп жарықты күтіп, жанып қалған жағдайда қашан өшіп қалады екен деп қорқып отырасың. Ұялы телефонның телебағаны тоқпен жұмыс істейді ғой, демек интернет тағы басқа заманауи дүниеден мақрұм қаласың. Қазіргідей технология дамыған заманда қарапайым жарыққа жарымау айтуға күлкілі емес пе?

Ағын суға сұраныс жоғары

Биыл жазда ауылдағы достарыммен бірігіп қарбыз-қауын екпекші болып 1-2 гектар жерді жалға алған едік. Өкінішке қарай, тірлік басталғаннан мәселелер туындай берді. Бірінші, қаптаған «Марокко» шегірткесі мазаны алса, енді егін өсті ме дегенде, су тапшылығы жағадан алды. Талас өзенінің суы дәл егін өсе бастағанда азайып қалады екен. Осы өзенге тоспа қойып, су қоймаларын жасаса, Талас ауданының табиғатына жақсы әсерін беріп, экономикасының өсуіне ықпал етеді емес пе? Қыстай аққан мол суды жинап алып, жыл бойы пайдалануға болады ғой. Егер осы су сақтау қоймасын Байзақ ауданы мен Талас ауданының шекарасы түйіскен жерге (Ақмол деп аталатын жер) орнатса, екі аудан да судан таршылық көрмейтін еді. Өзімнің көзім көрген осы түйінді мәселелер қолыма еріксіз қалам алғызды. Яғни облыс атқа­мінерлері мәселені көріп, ой түйер. Мұны жаңадан ғана ауданға басшы болып келген Досмаханбет Әлиев дереу қолға алып, шешімін тапса, ауылдықтардың алғысы шексіз болары сөзсіз.

Ілияс ОТАРОВ

Аққұм ауылы, Талас ауданы