Сұхбат

Асыл мен жасықты уақыт өзі саралайды

Асыл мен жасықты уақыт өзі саралайды

«Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар…» деп Абай жырлағандай, бүгінде батыстық даңғаза әуенге еліткен жастардың дені жеңілтек, мағынасыз әндерге әуес екені жасырын емес. Басқаның қаңсығын таңсық көрген сол жастардың сұранысын қанағаттандыратын қазақ эстрадасы кейде әлі де еңсесін тіктей алмай жатқандай көрінеді. Абай айтқандай саналы тыңдарманға есті ән ұсынып, құлақ құрышын қандырып жүрген талантты орындаушылар, дарынды композиторлар да жоқ емес. Солардың бірі деп жерлесіміз Әуесхан Салабековті айтсақ болады. «Хат жазып тұр», «Рахмет саған, туған ел!», «Жақсылық жаса, адамға» секілді көптеген сырлы әндерді дүниеге әкелген композитормен құрған сұхбатымызға еліміздің эстрадасындағы бүгінгі ахуал, өзінің шығармашылығы арқау болды.

– Бүгінде елімізде композиторларға арналған байқау немесе фестиваль өтіп жатқанын көрмейміз. Телеарналар мен радиодағы бағдарламалардың барлығы дерлік орындаушыға ыңғайластырылған. Аты шығатын да, сүйіспеншілікке бөленетін де әнші. Осы ретте ән авторларының айтары бар ма? – Иә, салыстырмалы түрде көршілес Ресейді алып қарасақ, онда дәстүрлі түрде қалыптасқан жыл әнін анықтау үрдісі бар. Жылдың үздік шығармасын анықтап қана қоймай, арнайы мерекелік жиында орындаушымен қатар, саз бен сөздің авторын да шақырып, арнайы марапаттап жатады. Ел алдында әнші ғана емес, сазгер де, ақын да қошеметке бөленеді. Сонымен қатар, шетелдерде сазгерлерді дәріптеуге арналған үздік әндердің байқаулары жиі ұйымдастырылып тұратынынан хабардармыз. Оған Ресей телеарналары арқылы куә болудамыз. Көрші елдегі сондай жобаларда үздік композитордан журналистер сұхбат алып, әннің мәтінін жазған ақынды да қолпаштап жатқанын байқаймыз. Әлбетте, бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені халық та көпке ұнаған хит әндердің авторы мен ақыны кім екенін білуі шарт. Әнші соның бәрін бір өзі жазып, сахнаға алып шыға салмайды ғой. Кейінгі жылдары бұл шара бізде де қолға алынып жатқан сыңайлы. Егер осындай жоба отандық телеарналарда нақты жүзеге асатын болса, композиторлар да әжептәуір беделге ие болар еді. Әйтпесе, «мына әннің авторы менмін» деп жалпақ жұртқа жария сала алмайсың ғой. Әзірге, сазгерлер мен ақындар әншінің тасасында қалып отыр деуге толықтай негіз бар. Бұған дәлел ретінде, бүгінгі өнерсүйер қауымның өздері тыңдап жүрген хит әндерінің әншісін танығанмен, авторларының кім екенінен хабарсыздықтарын айтсақ та жеткілікті. – Сіздің шығармаларыңыздың Қазақ радиосындағы «Дала дауысы», «Ән шеруі» секілді жобаларда жеңімпаз атанғандардың қатарында аталғанын білеміз. Әннің авторы ретінде марапаттауға сізді де арнайы шақыртқан болар? – «МузАрт» тобының орындауындағы «Рахмет саған, туған ел» әні «Дала дауысында» жеңімпаз атанып, Астанадағы гала-концертте қайта орындалып, көпшіліктің көңілінен шықты. Алайда гала-концертке мені шақыртқан жоқ. Жоғарыда айтылғандай бізде ондай үрдіс әлі қолға алынбағандықтан шығар, ел сүйіспеншілігіне бөленген әннің авторын таныту алға бастап тұр. Ал жергілікті талантты ақын, марқұм Серік Томановтың сөзіне жазылған «Бір арман» атты әнімнің бағын Ғани Мәтебаев ашты. «Ән шеруі» жобасында тыңдармандардың таңдауына лайық деп табылды. Алайда кейінірек осы жобалардан соң радиоға қонақ ретінде шақырту алып, сұхбат құратын бағдарламаларына қатысып қайтқанымды айта кету керек шығар. Әлбетте, әндерімнің көпшілікке ұнап жатқаны мен үшін де үлкен қуаныш. Орындаушылар алғысын айтып, тыңдармандардың лебізін жеткізген сайын төбем көкке сәл-ақ жетпей отырады. – Қазіргі таңдағы авторлық қоғамдардың жұмысы көңіліңізден шыға ма? – Авторлық қоғамдар көбейіп кетті ғой. Олардың қалай, қай бағытта жұмыс істеп жатқанын нақты білмеймін. Сол себепті де олар туралы ештеңе айта алмаймын. – Композиторлар одағы мүшелерінің қатарында барсыз ба? – Жоқпын. Мүшелікке өтуге де тырыспаппын. Ондай одақтың барын білемін, бірақ қандай шаруаларды тындырып жатқанынан хабарсызбын. Аты да онша көп аталмайды ғой. Негізі композиторлар одағы болған соң сазгерлермен тығыз қарым-қатынас орнатып, оларды барынша насихаттап отыру керек деп ойлаймын. Жаңағы біз айтқан сазгерлерге арналған конкурс фестивальдерді де ұйымдастыру жұмыстарының оң жағында солар жүруі тиіс. Әйтпесе, немен айналысып отырғанын ел түгілі біз білмейтін одақтан не күтеміз? – Алғашқы шығармаңыз есіңізде ме? – Әрине, есімде. Оныншы сынып оқып жүргенімде өзімнің інім ғашық қызына арнап махаббат жайлы ән жазып беруімді өтінді. Сол кезде сөзін де, әнін де өзім жазған екі шығармам бар еді. Онда нота да білмеймін ғой. Алғашқы әнім болған соң, төрт аяғын тең басқан туынды болды деуге келмес. Оны өзім ұмытып та кеткен болатынмын. Кейінірек інімнің достары бір отырыстарда айтып жүргенін көріп таңғалдым. Таспаға жазып сақтап қалыпты. Тыңдасам әжептәуір-ақ дүние екен. – Сізді елге кеңінен танытқан «Хат жазып тұр» әні десек қателеспейміз. Мыңдаған жүректерді тербеткен әннің сырлы дүниеге айналуының себебін неден іздер едіңіз? – Рас, әнші Асқар Жүнісбековтің орындауындағы «Хат жазып тұр» әні ел ішінде атымды шығарды. Оның жұрт көңілінен шығу себебін сұрасаңыз, мен алдымен аталмыш туындының сөзі салмақты, мазмұны терең болғанын атар едім. Марқұм ақын Нарша ағамыздың өлеңдерінің қай-қайсысы да әнге сұранып тұрады ғой. Ол кісінің сөздеріне жазылған әндерім бір төбе. Талантты ақын Нарша Қашағанов екеуміз бір ауылдың перзентіміз. Алғашқы кітабы жарыққа шыққанда маған бір данасын сыйлаған еді. Кітапты ашқаным сол-ақ екен, бірден осы «Хат жазып тұр...» деген өлең жолдары көзіме түсті. Әдемі иірімге толы жолдарды оқыған сайын мені өзіне баурап алды. Содан көп ұзамай ән жазылды. Бірақ ол шығарма бірден жарыққа шығып кете қойған жоқ. Сенсеңіз сегіз жыл бойы төсқалтамда сақталып жүрді. Арасында өзім шырқайтынмын. Кейіннен жергілікті танымал әнші Ғани Мәтебаевқа берген болатынмын. Ол «Жігіттер» тобына тыңдатыпты. «Жігіттерден» Асқар естіп, бірден қалаған болу керек, бірде Ғани екеуі маған хабарласып, «Аға, осы әнді мен айтайыншы...» деп сұрап алды. Мен келістім. Асқар әнді әрлеп, бірден әуелетіп ел алдына алып шықты. Алып шықты да, сан мыңдаған тыңдармандардың ықыласына бөленді. Орындаушысын тапқан ән деп осындайда айтылатын шығар, мүмкін. – Нарша Қашағановтың сөзіне жазылған әндерім бір төбе дейсіз... – Әрине, Нарағамның сөзіне жазылған он бестей әнім бар. «Рахмет саған, туған ел» де Нарша ақынның өлеңі. Кейінгі жылдары сол кісінің өлеңіне жазылған «Жақсылық жаса, адамға» деген әнім де сұранысқа ие бола бастады десем қателеспеймін. Негізі Наршаның поэзиясы әнге лайықталып жазылғандай. Оның өлеңдерінің ерекшелігі сол, айтар ойын жинақтап, ой түйінін өзі тиянақтап беріп отырады ғой. Тілі де жатық. Нәкемнің тұла бойына ауылдың болмысы сіңіп қалғандай еді. Содан шығар, жырларынан қазақылықтың лебі есіп тұратын. Ол кісімен жақсы сыйластық. «Ауыл деген ауыспайтын астана» деп жырлаған Нарағамның өзі де, сөзі де қарапайым жан болды. Кейде қалжыңдап «Ақынмын дейін десем, Мұқағалидан ұяламын, ақын емеспін дейін десем, жазып жатырмын ғой енді» дейтін. – Сіздің сахнаға шығып, ән орындағаңызды да, өз әңдеріңізге сөз де жазғаңынызды білеміз... – Бір-екі әнге сөз жазғаным рас. Негізі мектепте оқып жүргенімде өлең жазғанмын, кейін тоқтап қалдым. Сонда біраз тақпақтар жазушы едім. Сахнаға шығып ән айтқан емеспін, сіз жеке шығармашылық кешімдегі шәкіртім Мейіржан Самылтыровпен бірге дуэт айтқанымды сөз етіп отырған шығарсыз. Ол кезде де сахнаға шықпайтын едім, жеке кешім болған соң ел алдында бір әнді айтуыма тура келді. Былай айтқанда «қысылғаннан қыз болдым» дегеннің кері ғой. Әйтпесе, әркім өзінің ісімен айналысқаны дұрыс деп ойлаймын. – Біраз бұрын «Рахмет саған, туған ел!» атты шығармашылық кешіңіздің өткені белгілі. Бұл сіздің алғашқы кешіңіз бе? – Жоқ, олай дей алмаймын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын да осы атпен кешімді бергенмін. Онда енді ауылдан Таразға біржола қоныс аударып келген кезім еді. Негізгі идея әнімнің орындаушыларынан болған. «Аға, төрт бес әні бар жастар да жеке кештерін беріп жатыр. Сіздің артыңызда бір топ өнер адамдары, әншілер тұр ғой. Жеке шығармашылық кеш беретін шағыңыз жетті» деп ой тастағаны сол, жергілікті әкімдік те қолдай кетті. Содан не керек, көптің қолдауымен кешімізді өткіздік. Бәрі тілеулес болып жатты. Одан кейін де біраз әндер туды. Сол «МузАрттың» орындауындағы «Рахмет саған, туған ел!» әні халыққа кеңінен танымал болған соң, аталмыш әннің тақырыбымен тағы да кешімді өткіздім. Бәрі одағыдай болды. Бір түсінгенім, композитордың жеке кеш беруінің машақаты көп екен. Әнші болсаң, қасыңа екі-үш талантты жасты жинап алып, елді аралай салуға болады ғой. Ал композитордың кешінің ұйымдастыруының әуресі көп. Еліміздің әр түкпірінен әнімнің орындаушыларын шақырып, жинап, басын қостық. Қазір алпыстан астам әнім жарыққа шығып үлгерді. Әлі орындаушысын таппаған, дәптерде, диктафонда жазылған туындыларым да жетерлік. Жеке кешімнен кейін тіпті қанаттана түскендеймін. Содан бері тағы біраз шығармалар дүниеге келуде... – Өнер ордасы Алматыға барып кеш беріп, тыңдармандармен кездесу ойыңызда жоқ па? – Ол жоспарда бар. Нақты уақытын шешкен жоқпын, бірақ, бұйыртса, алдағы уақытта Алматыда жеке кешімді берсем деген ниеттемін. Бүгінгі таңда «МузАртқа» жеті әнімді ұсындым. Басқа да әншілермен байланыс орнатудамын. Алла қаласа сол шығармаларымның басын қосып, алматылық тыңдармандардың алдында жарыққа шығарсақ деймін. – Кейбір әншілер өздері шырқап жүрген шығармаларды басқа әншінің орындағанын қаламайды. Тіпті, сол үшін араздасып жатқандарын да естиміз. Сіздер де автор ретінде бір әнді тек бір әншіге ғана беріп, басқалардың орын­дауына шектеу қойып жатасыздар ма? – Жоқ, мен ондай қағидамен келіспеймін. Бибігүл апамыздың «Мен кейбір әншілерге таңқаламын, бір жақсы әнді астына басып алады да, ол әннің не өзі бағын ашпайды, не басқа әншіге мүмкіндік бермейді» деп айтқаны бар еді. Менікі сол пікірге саяды. Бір ақынның өлеңін бір ғана адам оқысын дейтін секілді миға қонымсыз нәрсе мен үшін. Жақсы әнді кім айтқысы келмейді. Бәрі орындауға құмар. Бәрі айтқаны, тыңдағаны үшін де хит болмай ма ән деген. Жалпы, жақсы әнді халық түгел айтса да, сөкеттігі жоқ. Нұрғиса, Шәмшілердің әні халықтық махаббатқа ие болғандықтан, маңызын жоғалтпай келеді. Қай жерге барсаңыз да Шәмшінің әнін шырқайтындар табылады және айтылған сайын ашыла түседі. Бір әнді екінші әнші шырқаса, ол тура сол қалпында орындамауы керек. Әр өнерпаздың өз ерекшелігі бар ғой. Дауыс ырғағымен, диапазонымен болсын туындыны одан әрі түрлендіре отырып, тыңдарманға ұсынып жатса неге құптамасқа? Менің әнімді бүкіл халық айтса, онда мен бақыттымын! – Әуесқой сазгерлердің көптігінен бе, әлде кез келген нота меңгеріп алған әншінің ән шығара беретіндігінен бе, әйтеуір қазір ырғағы ұқсас, әуені егіз әуен қаптап кетті. Олар туралы не айтуға болады? – Рас қазір не көп, сазгер көп. Дарыны болмаса да, құрастырма сазгерлер де ән жазып жүр. Олардың кейбірі қажеттіліктен туындап жатса, енді бірі жеңіл жолмен танылғысы келетіндер. Тіпті, техниканың дамығаны соншалық, комьпютермен жақсы жұмыс істейтіндер шетел әндерінен кесіп-кесіп алып, сазгер атанып жатыр. Содан да ғой, кейбір жастардың секіріп айтып жүргендері – батыстың даңғазасынан аумай қалатыны. Асыл мен жасықты уақыттың өзі саралап алады. Десек те ешкімдікіне ұқсамайтын өзгеше ән жазу – өте қиын. Кез келгенге беріле бермейтін талант. Ал бізге қазіргі таңда нағыз керегі – қазақы болмасымызға сай келетін шынайы дүниелерді таныту. Ұрпақты да сауатты шығармалармен сусындату арқылы дұрыс тәрбиелей аламыз. – Шәкіртіңіз Мейіржан Самылтыров орындап жүрген «Жақсылық жаса, адамға» әніне «МузАрт» ансамблі де қолқа салыпты ғой... – Иә, Мейіржанның орындауындағы аталған шығарма мен «Туған жер» әніне «МузАрттың» жігіттерінің де ойы кеткен еді. Бірақ Мейіржанға сенім артып қойған соң бас тарта алмадым. «МузАрттың» атақты екенін ескерсек, әннің де тез тарап, танылып кетуіне сенуге болатын еді. Алайда адамдықтан аттап кетсек, азаматтығымызға сын. Мейіржан да жақсы орындап, жеріне жеткізе айтып жүр. Негізі бұл екі әннің де сөзі Нарша ағамдікі. Сауатты мәтінді қалай айналдырсаң да жақсы ән туады деп ойлаймын. Осы ретте Мейіржан туралы айта кетейін. Әрине, шәкіртін алдыңғы қатардан көру – кез келген ұстаз үшін мәртебе. Мейіржан – талантты жас. Қазір Астанада еңбек етіп жүр. Бұйыртса, биік белестерді бағындырады деп сенемін. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жанғазы АХМЕТ