Әлеумет

Тұрағы жоқтар қақаған қыста қайда жүр?

Тұрағы жоқтар қақаған қыста қайда жүр?

Қаңтардың екінші жартысында қыс қаһарына мінді. Аяз қысып, жұртшылықты біраз әбігерге салды. «Кәрі құданың» жылдағы жұмсақ мінезіне көндігіп қалған жұрт қыстың қыспағына шыдай алмай, бүрсеңдеді де қалды. Қанша жерден қалың киіндім дегенмен, тысқа шыққанда жалаңдаған сарышұнақ аяз қойны-қонышыңды аралап, кіріп-ақ кетеді.

Дәл осы бет қаратпас аязда әртүрлі себеп, жағдайлармен далада қалып, жертөледен жылу іздеген жандар да жоқ емес. Әйтеуір бір қалқа дегенімен, қараша үйдей қайдан жылу болсын. Олардың осындай аязды күндері көшеде бекер сенделмей, қаладағы арнайы орталықты паналағаны дұрыс қой. Белгілі бір тұрағы жоқтардың жай-күйін білу үшін Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендірілуге арналған орталыққа аттың басын бұрдық. Гауһар Сейтқазиева басқаратын мекемеге қатты аяз болып күн суытқалы бері 11 адам түсіпті. Бір тәулік бұрын ғана аздап үсік шалған екі адамды әкеліпті. Оның біреуінің – ұлты қазақ, есімі – Берік Бекбауов. Оны Тараздағы бұрынғы Радищев көшесіндегі бір жертөледен тауып алыпты. Бейтаныс орыс апай қоңырау шалып, соның шақыртуымен барыпты. Бұдан кешіксе, жағдайы қиын болмақ екен. «Байзақ ауданы, Көктал ауылында әпкем тұрады. Кеше ішкіліктің салдарынан көзге түсіп, осы мекемеге кеп қалдым. Қазір кетем. Әпкемнің үйіне барам», – дейді ол азар да безер болып. Ал екіншісі – корей ұлтының өкілі Геннадий Югай. Оны орталықтың мобильдік тобы көшеде қайыр сұрап отырған жерінен тауып алыпты. Ол үш ай бойы күндіз қайыр тілеп, түнде пәтер жалдап тұрып келген. Енді уақытша осы жерді паналамақ. Бірінші топтағы мүгедектігіне байланысты қарттар үйіне құжаттары жолданып та қойыпты. Қайта жолы болған екен, әйтпесе осы мекеменің тұрғыны Александр Подбойскийдің құжаты реттелмей жатқанына он бір жылдан асқан. Тағдырдың жазуы шығар, қазір тұрағы жоқтар паналайтын орталық кезінде дәурені жүріп тұрған жандарға да пана болып тұр. Мәселен, татар ұлтының өкілі Рашид Дамаев шахматтан талай мәрте облыс чемпионы атанған еді, Гуля Мамаева бір кездері облыстық газ тарату мекемесінде аға инспектор болып қызмет атқарған. Олардан өзге орталықта қазір 115 қызмет алушы бар. 40 пайызы жергілікті ұлт өкілдері. Аталған мекеме директорының орынбасары Бекайдар Қырықбаев кейбір жандар саналы түрде орталықтың есігін қағуға мәжбүр болады дейді. Көшеден тауып алатындар да бар. Басқасы ішкі істер бөлімінен немесе ауруханадан түсетіндер, абақтыдан ауысқандар болып бөлінеді екен. Қандай жағдайда келсе де, олар алдымен арнайы комиссияның сараптауынан өтеді. Ол жерде туған туысы, отбасы, бала-шағасы бар жоғы сұралады. Паналатар ешкімі жоқ адамдар мұнда қабылданады. Тіпті, құжатының бар-жоғына да қарамайды екен. Бірақ, мұнда тұру мерзімі – бір жыл. Қабылданған адам алдымен рентгеннен өткізіліп, моншаға түсіріліп, төсек орынмен қамтылады. Оларға жеңіл киімдер және қажетті жабдықтар да беріледі. Үш мезгіл тегін тамақ өз алдына. Жұмысқа жарамды адам болса, құжатымен қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде тіркеп қояды. Мұнан артық қандай қамқорлық болсын! «Орталықты бір жыл паналай алады. Осы мерзім ішінде біздің мекеме қызметкерлері олардың құжаттарын реттеп, мәселелерін барынша шешіп беруге күш салады. Жұмысқа қабілеттісі жұмыспен қамтылады. Денсаулығында ақауы барлардың құжаттары тиісті орындарға мүгедектік тағайындауға ұсынылады. Егер ол адамға 1,2 топтағы мүгедектік берілсе, оларды қарттар үйіне өткізуге құжат дайындалады. Күнде тұрғындардың қоңырау шалуы бойынша немесе аптасына екі күн рейдке шығып, көшеден адамдар жинаймыз. Кейде бізге психологиялық ауытқуы бар кісілер де келеді. Оларды артынша туыстары немесе ата-анасы тауып алып кетеді. Қазір мұнда жатқан 51 адамның КСРО кезіндегі қызыл паспорттан өзге құжаттары жоқ. Оларға жаңа құжат жасауға ұзақ уақыт кетеді. Құжаттары дайын болғанша олардың тұру мерзімі тағы 6 айға созылады. Былтыр 63 адамды құжаттандырдық, – дейді Бекайдар Фазылұлы. Тұрағы жоқтарға пана болған орталық 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда 59 адам еңбек етуде.

Есет ДОСАЛЫ