Саясат

Мемлекеттік қызметте мерейі асқан Мұстафа

Мемлекеттік қызметте мерейі асқан Мұстафа

Мемлекеттік қызметте жүріп-ақ өңіріміздің мерейін асырған Мұстафа Бектұрғановтың да есімі облысымыздың 100 жаңа есімінің тізіліміне кірді. Еңбек жолын қарапайым жол жөндеу қызметкері болып бастаған ол 2012 жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы Жуалы ауданы әкімі аппаратына жұмысқа орналасып, мемлекеттік қызметтің әліпбиін таныған. Мұстафа өткен жылы мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсынан «Мемлекеттік органдардың қызметін құқықтық және кадрлық қамтамасыз ету» номинациясы бойынша топ жарып шықты. Сөйтіп Жуалы ауданы Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері ретінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болып «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен де марапатталды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткізген конкурсқа 300-ден аса мемлекеттік қызметші қатысып, 41 үміткер ақтық мәреге жолдама алған. Тоғыз адамнан тұратын конкурстық комиссия алдында үміткерлер өмірлік және кәсіби басымдықтарын танытып, үздік мемлекеттік қызметші болуға лайық екендіктерін көрсетуге тырысқан. Екінші кезеңде қызметтерінің негізгі бағыттарына байланысты қоғамдық іс-шара өткізу ұсынылған. Ол шараның тақырыбын ашып көрсету, өзектілігі, өткізу ерекшелігі мен жаңашылдығына жіті мән берілген. Ал сұхбаттасу кезінде нақты жағдайларға байланысты тапсырмалар ұсынылып, оны соған сай қолданылатын заңнаманы көрсету арқылы орындау қажет болған. Міне, осы үш кезеңде мүдірмеген жас маман ауыл аймағының ғана емес, облысымыздың да мерейін асқақтатты. – Осы конкурс арқылы бала арманым орындалды. Елбасымен жүздесу барлық азаматтың арманы болса, мен секілді жас мемлекеттік қызметші үшін орындалған бұл арманым - үлкен бақыт, – дейді Мұстафа Ғаниұлы. – Кездесуде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік қызметтің миссиясы халыққа адал қызмет ету және еліміздің мүддесін қорғау екенін атап өтті. Мемлекеттік қызметшілер елімізді дамытуға зор үлес қосқанын, ауқымды реформаларды іске асыруда мемлекеттік аппараттың маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Бұл жүздесу маған ерекше әсер қалдырды. Жаңаша жұмыс істеу және үнемі ізденіс керектігін түсіндім. Рухани-патриоттық тұрғыда да үлкен қолдау болды, жігерлендірді. Мемлекеттік қызметтегі басты ұраным – мемлекеттік қызметке алғаш кіргендегі антыма адал болу. Осы кездесу қуанышпен қатар үлкен сенімді де жүктеді. Ол Елбасының «Сіздер реформалардың бел ортасында жүрсіздер. Еліміздің табысқа жетуі мен гүлденуі көп жағдайда сіздердің жемісті жұмыстарыңызға байланысты. Сіздер алдағы уақытта да мемлекетке мүлтіксіз қызмет етіп, халқымызға адал еңбек ететіндеріңізге сенімдімін» деген сөзі. Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген кәсіби аппарат қалыптастыру және ел мүддесі жолында жастық жігеріммен қызмет етемін, – дейді тәуелсіздік құрдасы. Бұған дейін де еңбегі ескеріліп, түрлі Алғыс хаттармен марапатталған Мұстафа ат спортымен айналысқанды да ұнатады екен. Мәселен өткен жылы көкпардан облыс чемпионы, 2014 жылы «Жыл жаттықтырушысы» атанған. Тағы бір атап өтетін жайт, «Самұрық» пікірсайыс клубы арқылы 50 жасқа ақысыз ұстаздық етуде. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық ойындарының жеңімпазы. Ол бүгінде Жуалы ауданы әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесінің басшысы қызметінде.

Шынар САҒИЕВА

Жуалы ауданы