15 мектепте сабақ уақытша тоқтатылды
15 мектепте сабақ уақытша тоқтатылды
Қыс қаһарына мінді. Аяз күшейе түсті. Қырау құрсанған далаға бала түгілі ересектердің өзі шыққысы келмейді қазір. Бүрсең қақтырған сарышұнақ аяздың сынар түрі жоқ. Осыған байланысты Мойынқұм ауданындағы бірқатар мектептер бастауыш сынып оқушыларын уақытша сабақтан босатты. Сөйтіп ойда-жоқта 1-4 сыныптың бүлдіршіндері уақытша демалысқа шықты. Жалпы ауданда барлығы 25 мектеп бар болса, соның 15-інде білім алатын 1954 бастауыш сынып оқушылары уақытша сабақтан босатылған. Нақтырақ айтсақ, шалғай жатқан ауылдардағы бастауыш сыныптар үшін сабақ 3 күнге тоқтатылды. Ал аудан орталығындағы білім ошақтары балғындарының мектепке бару-бармауы күннің райына байланысты болып отыр. – Білім және ғылым министрлігінің 2006 жылғы бұйрығында білім алушылардың денсаулықтарын сақтау мақсатында қыста күннің райын ескеру керектігі жазылған. 1-4 сыныптар үшін ауа температурасы –25 және одан төмендегенде, 1-9 сыныпта оқып жүрген жеткіншектерге –30-дан, 1-11 сыныптардың оқушылары мен кәсіптік лицейлер мен колледждердің 1-курс студенттеріне –35 градустан төмен болғанда сабақ өткізу тоқтатылсын деп көрсетілген. Сондықтан аяз күшейгенде ауыл мектептеріндегі бастауыш сынып оқушыларын сабақтан босатып отырмыз, – дейді аудан әкімдігі білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жанар Қайырқызы. «Қазгидромет» РМК-нің облыстағы филиалының Мойынқұм ауданындағы метеостансасының басшысы Әтіркүл Байқонысова қазір жел күннен-күнге үдей түскенін айтады. «23 қаңтарда күндіз ауа райы – 15,4 градус суықты көрсетсе, түнгі ауа райы –25 градустан кем болмайтынын және алдағы аптада аяз күшейе түседі деп күтілуде», – дейді Әтіркүл Болатқызы. Білім саласының басшылары қазіргі жағдайды ескеріп, сабақты уақытша тоқтату туралы шешім қабылдапты. Сол себепті 23 қаңтардан бастап бастауыш сынып оқушыларының сынып жетекшілері әр оқушының ата-анасына телефон шалып, күннің суытуына байланысты сабақтың уақытша тоқтағанын және балаларын мектепке жібермеуін ескерткен.
Уалихан Жайлау Мойынқұм ауданы