Спорт және туризм

Сейдахмет алғашқы голын соқты

Сейдахмет алғашқы голын соқты

Жамбыл футбол мектебінің түлегі Еркебұлан Сейдахметтің Ресей премьер-лигасында өнер көрсететін «Уфа» футбол клубына ауысуға жақын екенін бұған дейін жазған болатынбыз. Он жеті жасар жампоз «Уфаның» Кипрде өткізіп жатқан оқу-жаттығу жиынына қосылып, алғашқы кездесуде алаңға шығып та үлгерді. Жергілікті «Алки» командасына қарсы жасыл алаңда доп тепкен «Уфа» футболшылары қарсыластарын 7:0 есебімен ойсырата ұтты. Бұл кездесу барысында ресейлік команда екі құрамын тексеріп көрді. Еркебұлан жолдастық кездесуге бірінші минуттардан шығып, қарсыластардың қақпашысын мазалаумен болды. Еркебұлан Сейдахмет команданың шабуыл шебін күшейткені анық. Оның осы кездесуде жанкешті ойын үлгісін көрсеткені жанкүйерлерді қуантты. Матчтың 35-минутында жамбылдық оғлан қарсылас команданың қақпасына гол соғып, өзінің Ресей премьер-лигасында ойнауға лайық екенін айқындады. «Уфа» оқу-жаттығу жиыны барысындағы кезекті ойынын бүгін польшалық «Висла» командасына қарсы өткізеді. Жерлесіміз осы кездесуде де алаңға шығып қалуы бек мүмкін. Әрине, бапкерлер оған мүмкіндік берсе, сайыпқыранымыз өзін әрмен қарай да жақсы қырынан танытуға ниетті. Жамбылдық жас футболшы тек ақпан айында ғана 18 жасқа толады. Сондықтан «Уфа» футбол клубының басшылығы қазақстандық футболшыны ақпан айы келмейінше ресми түрде келісімшарт жасасып, қатарға қоса алмайды. Әйтсе де футбол мамандары ақпан айында «Уфа» клубының басшылығы отандасымыздың трансферін ресми түрде бекітеді деп күтуде.

Табиғат АБАИЛДАЕВ