Сыйлай білгенің – абырой жинай білгенің
Сыйлай білгенің – абырой жинай білгенің
Асыл дініміз Исламның қайнар бұлағынан сусындап, имандылықты дәстүрмен сабақтастыра білген көреген халқымыз қашан да әкені шаңырақтың иесі, қамқоршысы, қорғаны деп танығаны баршамызға мәлім. Ал жүрегі нәзік аналарымызды сол шаңырақтың ұйытқысы, киелі тұтқасы іспетті құрметтеп қастерлеу де біздің табиғатымызға тән. Алла Тағаланың адам баласына тарту еткен осы бір құнды нығметінің қадірін жете түсінген халқымыз әрқашан ата-ананы сыйлап, олардың алдындағы азаматтық борышын өтей білген. Мұның бәрі әлбетте жақсы тәлім-тәрбиенің арқасы екені талас тудырмайды. Адам баласының ата-анасын, жалпы адамзатты сыйлай білгені – абырой жинай білгені. Осыны ешқашан қаперден шығармауымыз керек-ақ.
«Исра» сүресінің 23-аятында Алла тағала: «Раббың тек қана Өзіне ғибадат етулерiңдi, ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмiр еттi», – деп, Аллаға құлшылық жасау тәрізді ата-анаға да жан жылуын бөлудің асыл парыз екенін мәлімдейді. Сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а.) бір күні Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Аллаға ең жағымды, ең сүйкімді нәрсе не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі оған былай деп жауап қатады: «Кешіктірілмей уақытында оқылған намаз». Сахаба тағы да: «Уа, Алланың Елшісі, ал одан кейінгі ең ізгі амал қайсысы?» – дегенде, Алла Елшісі: «Ата-анаңа жақсылық жасау», – деп жауап береді (Бұхари, Мүслім). Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а) жоғарыдағы аяттың «... ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды» деген бөлімін: «Ата-анаңның қасында киіміңді сілкілеп қақпа, себебі киіміңнен шыққан шаң-тозаң олардың мазасын алуы мүмкін», – деп тәпсірлейді. Осылайша, әке-шешенің көңіліне шаңның тозаңындай болсын кірбің түсіруге болмайтынын айтып, мәселенің қаншалықты жауапкершілікті қажет ететінін көрсетеді. Сондай-ақ Әбуһурайра (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла Елшісіне (с.ғ.с) бір кісі келіп: «Адамдардың арасында жақсы қарым-қатынаста болуыма кім лайықтырақ?» – деп сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Анаң», – деді. Әлгі кісі: «Сосын кім?» – деп қайтара үн қатты. «Анаң», – деді пайғамбарымыз. «Сосын кім?» – деп сұрады әлгі кісі үшінші рет. Пайғамбарымыз тағы да: «Анаң», – деп жауап берді. «Ал одан кейін ше?» – деді қайта сұрақ қойған кісі. Пайғамбарымыз содан кейін барып: «Әкең», – деді» (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен). Осы хадистен жер бетінде ең жақсы қарым-қатынас қылуға лайықты жан ана екенін түсінеміз. Бала ананы әкеден де артық сыйлауға тиіс. Әкеден гөрі ананың хақысы биік. Бала әкеге өте үлкен құрметпен қарауға міндетті, ал ананың хақысы әкеге қарағанда үш есе жоғары. Неге? Өйткені ананың сізге жасаған жақсылығы есептеуге келмейді. Біріншіден, нәзік жанды ана сізді жатырында қиналып, тоғыз ай бойы көтеріп жүрді. Екіншіден, босануға байланысты болатын бүкіл азапты татып, зорықты. Үшіншіден, түнімен, күнімен көз шырымынан айырылып, сізді ақ сүтін аямай, аялап өсірді. Аса мейірімді Алла қасиетті Құранда былай дейді: «Адамдарға ата-анасына жақсылық жасап қарайласуды бұйырдық. Анасы қиыншылық үстіне қиыншылық көріп оған жүкті болды. Екі жылда омыраудан айыруы (емшектен шығару) бар (Лұқман сүресі, 14-аят). Ал әкеңіз сізді және сіздің аға-інілеріңізді, әпке-қарындастарыңызды асырап, тәрбиелеу үшін дем алмай, көп қиындықтарды иығымен көтеріп, зорығып еңбек етті. Бақытты болсын, тұрақтылық, қауіпсіздікті қамтамасыз етемін деп арзан, жұпыны киінді, қарабайыр тамақтанды. Балам жоқшылық көрмесін, ешкімге мұқтаж болмасын, көңілі құлазымасын» деген ниетпен өзін қоярға жер таппай, табыс табуға тырысты. Әркімге қарызданып-қауғаланса да, намысқа тиетін сөздер естісе де, сіздердің қамдарыңыз үшін жанталасты. Ешкімнен кем болмасыншы деп осындай жанкештілікке барады. Ал сіз тіпті не болып жатқанын білмейсіз де... Сіз ол кезде ұйықтап, оянып, секіріп, ойнап, әкеңіз қалай шаршап-шалдығып келіп отырғанын да түсінбейтінсіз. Әбуһурайра – пайғамбарымыздың жақын сахабаларының бірі Алла Елшісінен өте көп хадис жеткізген. Алла ол кісіге разы болсын. Бірде сол Әбуһурайра жолда кетіп бара жатып Әбу Ғассанды жолықтырады. Әбу Ғассанның соңынан бір кісі еріп келеді екен. Әбуһурайра артқы жақта келе жатқан кісінің кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан ол кісінің әкесі екенін айтқан сәтте, ӘбуҺурайра оған: «Бұл ісің жөн емес, Пайғамбарымыздың сүннетін ескермегенсің. Жүргенде әкеңнің алдында болу – ерсі қылық. Әкеңнің не артынан жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тарт. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап, оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырма. Әкең ұйықтамай жатып, сен жастыққа бас қойма!», – деді (әл-Хаким). Егер кісі әкесінің алдына шығып жүрер болса, оған құрметсіздік қылған болады. Тек әкенің алдында бір тас немесе ағаш, я болмаса әлде бір кедергі жатса, соны алып тастау үшін алдыға шығуға болады. Сонымен қатар әкенің атын атамай, «әке, әкетай, әкешім» деу керек. Ойланып көріңізші, сіз ата-анаңызды қалай атап жүрсіз және олар үшін қандай жақсылық жасадыңыз?! Өкінішке қарай қазіргі уақытта ата-анасы намаз оқымаса «кәпір, дінсіз» деп айыптау белең алып бара жатыр. Бұл қасіретті індет дінімізде үлкен күнәларға жатады. Анастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.) үлкен күнәлар туралы: «Олар: Аллаға серік қосу және ата-ананы құрметтемеу», – деген (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен). Қасиетті Құранда «Иманға келмей тұрып күпір еткен адамдарды сөкпеніздер» дейді. Ата-ананың хақысында дұға қылу керек. Халық даналығында «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер», «Анаңа рақым етпесең, балаңнан рақым күтпе», «Әкесін сыйламаған кісіні, баласы сыйламайды» деген сөздер бар. Адам өзінің әке-шешесіне қандай қарым-қатынас жасаса, алдағы уақытта оған балалары да солай қарайды. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме халқымыз. Түйіп айтқанда, бойында иманы бардың жүрегі жылылыққа толы болады. Тәрбие көрген адамның алар асуы биік. Бүгінгідей білім іздемей, бүлік іздеушілердің қатарын толтырып, жат ағымның жетегінде кетпеудің алғышарты да тәрбие мен тәлімде, рухани кемелденуде жатыр. Жан жүрегін жақсылық нұрымен нұрландырған ұрпақ қана экстремистердің ермегіне айналмайтыны ақиқат. Танымы терең, талғамы ерек азамат болу үшін алдымен ата-ананы сыйлауға машықтанғанымыз ләзім. Сонда ғана сананы улайтын жат ағымдардан іргеміз кішкентай күнімізден аулақ бола түседі. Тәрбие – тал бесіктен. Осыны ешқашан естен шығармасақ екен.
Сұлтаншәріп ЖАДЫРАЕВ, аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы
Т. Рысқұлов ауданы