Экономика

Кәсіпкерлер үшін мол мүмкіндік

Кәсіпкерлер үшін мол мүмкіндік

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбын қамтуы заңды әрі өте орынды болды деп ойлаймын. елбасының күні бүгінге дейінгі жыл сайынғы Жолдауларында алдымызға жаңа экономикалық саясат, үдемелі индустриялық-инновациялық даму, экономиканы жаңғырту, алмастыру, әртараптандыру, басқа да өзекті мәселелерге байланысты нақты міндеттер қойып, мұның барлығы сәтімен жүзеге де асырылды. Ал технологиялық дамуға серпін беруді көздеген жаңа Жолдау осы жұмыстардың жарасымды жалғасы болып отыр. Бүгінде елімізде индустрияландыру бағытында батыл да қарышты қадамдар жасалып, іргелі істер атқарылу үстінде. Елбасының сарабдал саясаты мен меңзегені де осы. Бұл өз кезегінде әлеуметтік пайда мен кірістер түрінде өзінің оң нәтижесін беретін болады. Елбасы да бұл тұрғыда: «Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4%, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7%-ды құраған. Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40%-дан асып түсті. Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік берді. Кедейшілік 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға дейін төмендеді» – деп бекерден-бекер атап өткен жоқ.

Сондай-ақ Президент кезекті Жолдауында «көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқандығын тағы да бір мәрте еске салып, еліміз дамудың жаңа сапалық кезеңіне өтуі қажеттігін атап көрсетті. Жалпы, төртінші өнеркәсіптік революция – ғаламдық деңгейде өтіп жатқан күрделі үдеріс екені белгілі. Киберфизикалық жүйенің өндіріске, адам қолымен басқарылатын тұрмыстық қажеттіліктер мен жұмысқа енуі, біз айтып отырған төртінші өнеркәсіптік революция дегеніміз, міне, осы. Бүгінгі таңда бұл жүйені әлем елдерінің барлығы да енгізуде. Еңбек нарығын, саяси жүйелерді, күн көрістік орта мен экономика салаларын түбегейлі өзгерістер күтіп тұр. Мұның барлығы адам өмірінің сапасын жақсартуға бағытталған. Қазақстан аталған үрдістерге қай жағынан да лайықты болуы керек-ақ. Жолдаудың ең өзекті бөлімдері «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс», ал «ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп аталады. Яғни ендігі жерде заманауи талаптарға сәйкес тіршілік әрекеттерінің барлық ауқымы, зауыттардан бастап, ауыл шаруашылығы өндірісіне дейін «ақылды» болуға тиіс. «Ақылды қала» – әр өңір басшысының мақсатына айналады, ал елордамыз Астана Елбасының межелеуі бойынша 20 жылдық мерейтой жылында бұл бағыттың «ізашары» болмақ. Одан бөлек, мемлекеттің әлеуметтік саясатын дамыту да басымдыққа ие бағыттардың біріне айналғалы отыр. Мемлекет басшысы бұл ретте халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту, білім деңгейін жетілдіру жолында да бірқатар мәселелерді жүзеге асыру қажеттігін атап көрсетті. Жолдауда айтылған 10 міндеттің қайсысы «Атамекен» ҰКП-ның негізгі жұмысына айналуы ықтимал? Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы ретінде мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастырып, осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды одан әрі азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдатуымыз керек деп санаймын. Ел Президенті осыған дейін де бизнеске жан-жақты қолдау көрсету керектігін баса айтқан болатын. Мемлекет басшысының сарабдал саясатынның арқасында кәсіпкерлердің кәсібін жүргізуде оң септігін тигізген, жаңартылған Салық кодексі пайда болды. ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да соңғы жылдары бизнес-құрылым қызметін реттейтін заңнаманы реформалау жолында тиянақты тірліктер атқарды. ҚР Салық кодексіне өзгертулер де өңірлік палаталардың тікелей атсалысуымен енгізілді. Сонымен қатар, бизнес-құрылымның өтінімдері бойынша кәсіпкерлер мәселелерінің басым дені оң шешімін тапты, ал «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің сенімді серігіне айналып үлгерді. Сондай-ақ нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын бизнеске кеңінен тартудың қажеттігі күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет. Елбасымыз бұл тұрғыда: «Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс», – деп атап көрсетті. «Атамекен» ҰКП 2017 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты – «Бастау Бизнес» жобасын іске асырушы оператор болып табылады. Біздің палата да Елбасы алға қойған талап-тапсырмаларды орындау жолында өз жұмысын қызу бастап кетті. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда облыс халқының бизнес негіздеріне оқып, несие алып, өз кәсібін ашуға деген құлшыныстарының зор екені анықталып отыр. «Бастау Бизнес» жобасы аясында өңірде былтыр 1125 адам оқытылып, оның ішінде 295-ы өз ісін ашу мақсатында шағын несиелерге қол жеткізді. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады. Ең бастысы, жаңа Жолдау ел экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналып, бизнес, өндіріс, басқа да саланың барлығы заманауи технологиялармен қамтылып, мемлекеттік стандарттарға сәйкестендірілетініне, оның ішінде билік пен бизнес арасында алтын көпірге айналған Ұлттық палатаның алдағы уақыттағы жұмыстары жемісті бола беретініне бек сенімдіміз.

Мәріпбек Шәкербек, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры