Жолдың жайы алаңдатады
Жолдың жайы алаңдатады
Қардың қалың жауғаны өңір тұрғындарын біраз әбігерге салды. Күн аздап жылынғанда қар еріп, артынша аяз қысқанда жол көк тайғаққа айналып, көлік қозғалысына едәуір кедергі туғызғаны және бар. Облыс аумағындағы жолдарда алаңдатарлық ахуал қалыптасып, жол апаттары жиілеп кетті. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев баспасөз мәслихатын өткізіп, тиісті сала басшыларынан мән-жайды түсіндіріп беруді сұрады. Баспасөз мәслихатына «Қазавтожол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Дәурен Тоқтаров пен облыстық жергілікті полиция қызметі жол қозғалысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Садыр Мәлібаев және облыстық мәслихат депутаты Арман Еділбаев қатысты. Мұратхан Жүнісәліұлы қардың жауғанына 1 аптадан асса да жергілікті және облыстық, әсіресе республикалық мәні бар жолдардағы қалыптасқан жағдайды айтып,«Қазавтожол» филиалының жұмысын сынға алды. Облыстық мәслихат депутаты Арман Еділбаев Қордай бағытындағы жолдың жай-күйін қозғап, қол созым жерде тұрған Ақыртөбе маңындағы ойық жерлерден көліктер тайғанап, келеңсіз жайттардың жиі орын алу себебін тиісті мекеме басшыларының жұмысына салғырт қарайтынымен байланыстырды. Өз кезегінде аталған филиал басшысы Дәурен Сержанұлы республикалық мәндегі жол шақырымдарының бәрінде жол белгілері бар екенін, жұмыстың бақылауда екенін айтып ақталды. Алайда облыстық жергілікті полиция қызметі жол қозғалысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Садыр Мәлібаев айтқан мәліметтер жағдайдың бақылаусыз қалғанын айғақтағандай. Дерекке сүйенсек, соңғы он күннің ішінде облыс аумағындағы жолдарда 41 жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның салдарынан 6 адам опат болып, 58 адам түрлі дене жарақатын алған. Ауыр жарақат алғандар да бар. Осы деректің өзі жолдардың жайы мәз еместігін көрсетеді. Жиынды қорытындылаған Мұратхан Шүкеев осыны айтып, апатты жағдайлар жауапсыздықтың кесірі екенін қозғады. «Қазавтожол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Дәурен Тоқтаров, облыстық жергілікті полиция қызметі жол қозғалысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Садыр Мәлібаевқа республикалық мәндегі жолдарды қатаң қадағалап, қарап шығуды, енді мұндай олқылыққа жол бермеуді тапсырды.
Есет Досалы