Алексей алдына жан салмады
Алексей алдына жан салмады
Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин қысқы спорт түрлерінің қызығына берілген жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантып жатыр. Ол алдымен «Тур де Ски» додасында алтын, күміс жүлделерді иеленіп, жалпы есепте төртінші орынға тұрақтағанын бұған дейін жазған болатынбыз. Алексейдің жеңісті жорығы әлем кубогі жолындағы байрақты бәсекеде де жалғасып жатыр. Словенияның Планица деп аталатын аймағында жалауы желбіреген айтулы аламанда Полторанин тағы да алтыннан алқа тақты. Жекелей сында топқа түскен отандасымыз 15 шақырым қашықтықта өзіне тең келетін қарсылас жоқ екенін кезекті мәрте айғақтап берді. Сәт сайын жылдамдығын арттырып, құстай жүйткіген Алексей жеңіс жолында жанкештілік таныта білді. Нәтижесінде белгіленген қашықтықты 36 минут 54,7 секундта жүріп өтті. Осылайша ол норвегиялық Йоханнес Клэбоны 13,2 секундқа, швед саңлағы Калле Халварсонды 42,8 секундқа артта қалдырды. Классикалық стильдегі жекелей сын аяқталғаннан кейін қазақстандық спортшының әлемдік деңгейдегі рекордқа түзету енгізгені мәлім болды. 15 шақырымдық қашықтықта Алексей осымен он төртінші рет жүлдегерлердің қатарынан көрініп отыр екен. Бұған дейін норвегиялық Пол Гуннар Миккельспласс пен швейцариялық Дарио Колонья 13 мәрте жүлдегерлердің арасынан табылған еді. Сонымен қатар Алексей кәсіби мансабында 15 шақырымдық доданы жетінші рет жеңіп отыр. Қазақстандық спортшы Колоньяның рекордын бұзғаны көңілге медеу әрине. Енді швейцариялық саңлақ секілді қысқы Олимпиада шыңын үш рет болмаса да, бір мәрте бағындырса дейміз.
Элизат Қонысбай, ТарМУ-дың студенті