Жақсыдан әкім қойсаң елді түзетер, жаманнан әкім қойсаң, елді жүдетер
Жақсыдан әкім қойсаң елді түзетер, жаманнан әкім қойсаң, елді жүдетер
Аудандар, қалалар, ауылдық округтер және ауыл әкімдерімен өткен облыстық семинар-кеңесте облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осылай деді
Ауыл әкімі жергілікті жерлерде мемлекет саясатын жүргізетін басты тұлға. Сондықтан, оларға жүктелетін жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Ауылда, елді мекендерде Мемлекет басшысының саясатын жүргізеді. Үкіметтің қаулы, қарарларын, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалайды. Облыс және аудан әкімдерінің шешімдері мен тапсырмаларының орындалуын жүзеге асырады. Басқарып отырған ауылдық округте тұратын адамдардың амандығы, төрт түліктің жай-күйі, бюджетке түсетін салықтық түсімдер мен төлемдерге дейін ауыл әкімінен сұралады. Қыс мезгіліндегі ақ түнек боранда елді мекендер арасындағы қатынас, жаздың аптап ыстығында өрт қауіпсіздігін сақтауға дейін міндетті.
Кейінгі жылдары аудандар, қалалар, ауылдық округтер және ауыл әкімдерінің қатысуымен облыстық семинар-кеңес өткізу дәстүрге айналды. Осындай ауқымды шара бұрнағы күні Тараз қаласындағы М. Үркімбаев атындағы «Жастар» сарайында өтті. Барлық деңгейдегі әкімдермен қатар, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың, құқық қорғау органдарының басшылары қатысқан алқалы басқосуда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз сөйледі. – Сіздер халыққа жақынсыздар, ауылда қандай проблема бар? Толғандырып жүрген мәселе не? Семинар-кеңес жұмысына орынбасарларым мен басқарма басшыларының барлығы қатысып отыр. Пікірлеріңізді, ойларыңызды ашық айтыңыздар. Мен өзім үш айда бір рет ауылдарға барып тұрамын. Елдің жайымен таныспын.
– Өткен жылы 156 әкім сайланды. Ауыл әкімі аппараттарына қосымша штат бөлінді. Есепшоттарыңыз ашылды. Сіздер атқаратын міндет орасан. Солай бола тұра, мемлекеттік бағдарламалар ауылға жетпей жатыр. Бұл мәселемен айналысу облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаевтың, облыстық әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиевтің және аудан әкімдерінің тікелей міндеті. Аудандарда кәсіпкерлік саласы жүйелі жүргізілуі тиіс. Қарапайым халық несиеге қол жеткізе алмайды, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Одан әрі облыс әкімі ауыл тұрғындары үшін арнайы бағдарлама дайындалып жатқанын еске салып, оның тиімді жақтарын сөз етті. Азық-түліктің әлемдік дағдарысы болатынын, ол кезде азық-түлік бағасы екі-үш есеге дейін шарықтап кететінін еске салды. Сонымен қатар, аграрлық салаға мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек пен қолдауды таратып айтып, оны елге түсіндіру тікелей ауыл әкімінің міндеті екенін атап көрсетті. «Баяғыдай мыңғырған мал, мың-мыңдаған гектар егін жоқ, сондықтан ең бірінші ауыл әкімі халықпен жұмыс істеуі керек» деді. Кәрім Нәсбекұлы облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Бекет Аймағамбетовтің назарын ауылдардағы мал ұрлығына аударды. Ауыл әкімдері дін мәселесіне де сергек қарауы қажет екенін еске сала келе, «Қазір барлық ауылда мешіт бар. Оған кімнің келіп, кетіп жатқанын біліп отыруы тиіс» деді. Талас ауданындағы С.Шәкіров ауылындағы «Қазақбай» каналының тасуын, Мойынқұм ауданындағы Шығанақ ауылының күл-қоқысқа көміліп қалғанын еске алып, осы екі жағдайға да ауыл әкімдерінің кінәлі екенін алға тартты. Қай жерде ауыл әкімі жақсы жұмыс істейді, сол жерде тірлік бар екенін де атап өтті. Облыс әкімі өңірде соңғы төрт жылда ұлан-ғайыр жұмыс атқарылғанын да атап көрсетті. Биыл Мойынқұм ауданының жолдарын жөндеудің өзіне 850 миллион теңге бөлінген. 8 ауылға су құбыры тартылуда. Облыстың барлық ауылында дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт ашылған. Сонда да ана мен бала өлімінің алдын алу мүмкін болмай отыр. Төрт жыл ішінде 23 мектеп пайдалануға беріліпті. Әр ауылдан шағын спорт алаңдары ашылуда. Кәрім Нәсбекұлын шекаралық аймақтардағы ахуал алаңдатты. Қырғыз Республикасымен арадағы шекарада контрабандалық жолмен тауар тасымалына тосқауыл қойылмай отырғанын айта келе, ауыл әкімдерінің осы мәселеге де қырағы болуы қажеттігін ескертті. Алматының моншалары Мойынқұмның сексеуілімен жылытылатынын, көрші қырғыз ағайындарды балықпен біздің облыс қамтамасыз етіп отырғанын, көрші елге тұз тасыған пәлен тонналық жүк көліктері Мойынқұм және Шу аудандарының, «Амангелді Газ» ЖШС-ның жүк көліктері Талас пен Жамбыл аудандарының жолдарын тоз-тозын шығаратынына да алаңдаушылық білдірді. – Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өзінің 2050 жылға дейінгі Стратегиясында басқаруды орталықсыздандыру жолын ұсынған болатын. Жалпы орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру болып табылады. Бұл жағдай мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысуын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік басқарудың бірқатар мәселелерін жергілікті жерде шешуге мүмкіндік туғызады. Өткен жылы елімізде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер және ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді. Жалпы 156 әкім сайланды. Ауыл әкімдерінің сайлануы қоғамды одан әрі демократияландырудың маңызды кезеңі болып табылады және жергілікті жерлерде басқарудың тиімділігі мен айқындығын арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз,-деді Кәрім Нәсбекұлы. Облыс әкімі сөзін қорытындылай келе, әлемдегі үздік 30 мемлекеттің қатарына ену үшін бәріміз бірдей тынымсыз жұмыс істеуіміз керек деді. Бірқатар ауыл әкіміне облыс әкімінің Құрмет грамотасын салтанатты жағдайда табыс етті. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы-Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Исақов семинар-кеңес жұмысына қатысушыларды алда келе жатқан мемлекеттік қызметкерлер күнімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған әкімдерді құттықтап, ізгі тілегін арнады. Өңірлік даму министрлігінің департамент директоры Санат Тұңғышбеков «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының іске асырылуы және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату туралы» хабарлама жасады. Ол жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы туралы кеңінен әңгімелеп, жергілікті әкімдерге берілген қосымша өкілеттіктер мен функциялық міндеттеріне тоқталды. Ауыл, аудан және қала әкімдерінің тұрғындармен жиын өткізу мәселесін де тарқатып айтып берді. Сондай-ақ, салалық бағдарламалар арқылы мемлекет тарапынан бөлінген қаржының көлемін де еске салды. Министрлік өкіліне ауыл әкімдері бірқатар сұрақтар қойды. Олар ауылға бөлінетін қаржы халықтың санына қарай емес, ауылдың әлеуметтік, экономикалық жағдайына қарай бөлінгені жөн деп санайды, тіпті бір ауылдың әкімі әр ауылдық аймаққа бір-бірден күл-қоқыс шығару үшін трактор берілсе дегенді көтерді. Ауылда шешімін күткен басқа проблема жоқ па? Қызметтік көлік сұрады, берілді, жеке есепшотымыз ашылса деді, ашылды. Ал енді, трактор... Мұны облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков айтты. Расында да бұл сұрақ орынсыз болды. Қай ауылда болмасын жеке шаруашылық құрылымдары бар, іргелі аймақтарда өндіріс орындары жұмыс істейді, солардың басшыларымен тіл табысып, жұмыс істейтін жергілікті әкімдер мұндай мәселені көтермес еді. Мәселен, Сарысу ауданының орталығы –Жаңатас қаласында «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені бар. Қыс мезгілінде аудан басшылығы кәсіпорынның директорына шығып, техникасымен жолдарды қалың қардан тазартып алатын. Кезінде Түркістан, Байқадам және Жаңаарық ауылдық округтерінің әкімдері де кәсіпорын директоры Мұратқали Сәрсеновтен көмек сұрап, тау болып үйіліп қалған қоқыстан ауылдарын аршып алған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері, елді мекендерді абаттандыру мен көріктендіру, елді мекендердің егжей-текжейлі жоспарларын әзірлеу, мәдениет саласындағы көкейкесті мәселелер туралы» баяндады. Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан тірліктен хабардар ете келе, осы мақсатқа облыста 600 миллион теңге бөлінгенін жеткізген Бекболат Серікбекұлы бірқатар қадау-қадау проблемаларды да алға тартты. Облыстағы 1500 көпқабатты тұрғын үйді кондоминиум тәсіліне енгізу керек. Тараз қаласындағы осындай үйлерге есептегіш құралдарын орнату үшін 98 миллион теңге бөлінген. Алдағы уақытта есептегіш құралы жоқ үйлерге жылу берілмеуі мүмкін екенін де ескертті. Тараз, Шу, Жаңатас және Қаратау қалаларында тазалықпен айналысатын мекемелер жұмыс істейтінін, тазалық сақтамағандарға тек қана құзырлы органдар ғана айыппұл салса, аудан, қала, ауыл әкімдері тарапынан бұл мәселе бірде-бір рет қозғалмағанын алға тартты. Биыл көктемде отырғызылған тал-дарақ туралы берілген ақпаратқа күмән келтірген облыс әкімінің бірінші орынбасары облыстық әкімдіктің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиевке осы мәселеге назар аударуды міндеттеді. Кей жерлерде қоқыс төгетін орындар белгіленбеген, ал белгіленген жерлердің өзі заңдастырылмаған. Ауылдарда үй-жайды қалай болса солай сала береді, сондықтан әр ауылдың бас жоспары болуы тиіс. Іс жүзінде олай болмай отыр. Бекболат Серікбекұлы қай ауданда қанша ауылдың бас жоспары жасалмағанын атап көрсетті. Тарихи жәдігер саналатын-ескерткіштеріміз бүлініп жатыр, ал жаңадан салынғандарының көбінің тиісті құжаты жоқ көрінеді. Одан әрі ол «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша іске асып жатқан шаруаға, абаттандыру жұмыстарынан да хабардар етті. Облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына жасалып жатқан көмекке кеңінен тоқталды. «Агробизнес-2020» бағдарламасы туралы жеткізе айтты. Биылдан бастап сүт бағытындағы мал өсірушілерге қолдау болады екен. «Үш миллион теңге несие алып, сүт бағытындағы 10 «Алатау» тұқымды сиырын сатып алып, 7-8 бұзау алуға болады. Сүт өнімдерін дайындайтын орындар ашып жатырмыз. Облысқа осындай 6 сүт өнімдерін дайындайтын цех алдық»,- деді Мұратбай Сматайұлы. Сонымен қатар, ол «Сыбаға» бағдарламасы арқылы облыс шаруалары 16500 бас асыл тұқымды мал алуы тиіс болса, оның 12600 басы алынғанын, қалғанын биыл алып үлгеру керек екенін еске салды. Төрт түлік басын көбейтудің жолдары туралы, мемлекет тарапынан етке, сүтке, қымызға, шұбатқа және жүн өнімдеріне төленетін субсидия туралы да әңгімеледі. Алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында жеке шаруашылық құрылымдарының қатысуымен жиын өткізетінін еске салды. Облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілда Рахманбердиев «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы ауылдық округ, аудандық маңызды қала әкімдерінің жұмысын ұйымдастыру мен олардың басым бағыттары туралы» хабарлама жасады. Жыл басынан мемлекеттік қызметкерлерді оқытудың өңірлік орталығында «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері» тақырыбында 137 ауылдар, ауылдық округтер және аудандық маңызы бар қала әкімдері оқудан өткенін атап көрсетті. «Бүгінде барлық 156 аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер мен ауыл әкімдері ғимараттарының 46-сында «Қазпошта», «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының бөлімшелері және басқа да кәсіпорындар орналасқан. Бірақ, Байзақ ауданының 4 округінен басқа бірде-біреуі олармен мүлікті жалға беру келісімшартын жасамаған, есеп шоттарына төлем түсірмеген» деді облыс әкімі аппаратының басшысы. Р. Рахманбердиев «Нотариат туралы» Заң талаптарының орындалуы, әкімдердің негізгі міндеттерінің біріне жататын – жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасы мен қолжетімділігі туралы, электрондық құжат айналымының жайы, тағы басқа да бірқатар мәселелерді кеңінен баяндады. Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қалижан Шоңғарбаев «Қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу профилактикасын жетілдіру, учаскелік полиция пункттерін материалдық-техникалық жабдықтау, мал ұрлығы мен басқа да мүліктік қылмыстардың жолын кесу туралы» сөз алды. Облыстың бас полицейінің орынбасарына жергілікті әкімдер тарапынан сұрақ қарша борайтын шығар деп едік. Жоқ, олай болмады. Бар-жоғы екі әкім ғана учаскелік полицейдің тапаншасын аудан орталығындағы ішкі істер бөліміне өткізуі үшін екі сағат уақыт кететінін, Жамбыл ауданы Аса ауылында учаскелік полицияның аздығын ғана көтерді. Ал, іссапарда болғанда ауылдағы ағайындар мал ұрлығынан зәразап болғанын, жастар арасында қылмыстың арта түскенін жыр қылып айтады. Ол мәселе жергілікті әкімдерді толғандырмағаны ма сонда?! Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы қылмыстық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі облыстық басқармасы бастығының орынбасары Асан Мәткәрімов жеке және заңды тұлғалардың жүгінулерін есепке алу және «Айқын» жобасын енгізу мәселелері туралы сөз алды. – Еліміздің кез-келген азаматы тікелей немесе өз өкілдері арқылы мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жүгінуге құқылы. Осы жерде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін жан-жақты толық қарау мен бірыңғай есепке алудың маңызы зор. Өйткені, әр өтініштің артында адам тағдыры бар. Ал, оған немқұрайды қарауға болмайды. Бізде ішінара болса да ондай жағдайлар орын алып қалады, – деді Асан Сапарбекұлы. Одан кейін ол бүгінгі күнге облыста жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша статистикалық есепті қалыптастыратын 94 мемлекеттік орган бар екенін атап өтті. Оның 83-і облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдар болса, қалғаны – қала және аудандық әкімдіктер. Облыс көлемінде түсетін шағымдардың басым көпшілігі ауылшаруашылығына, еңбек және халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік жәрдемақы және зейнетақы, денсаулық сақтау және тазалық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты екен. Хабарламашы өтініштерді қарауда сапасыздыққа жол берілетінін де атап көрсетті. – Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының ұсынуымен және Президент әкімшілігінің қолдауымен 2012 жылдан бері ел аумағында «Айқын» жобасы жүзеге асырылуда. Оның ерекшелігі жеке және заңды тұлғалар өз өтініштерінің қаралу барысын интернет желісі арқылы бақылап отыруына мүмкіндігі бар. Заманауи жобаны енгізу сыбайлас жемқорлықты жоюға ғана емес, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттердің алдын алуға жәрдемін тигізіп, бұл өз кезегінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді, – деп жаңа жоба жөнінде түсінік берген хабарламашы облыста оған қосылған мекемелерді атап өтті және өзгелерді де қосылуға шақырды. Семинар-кеңес жұмысынан кейін аудан әкімі, аудан әкімі папаратының жетекшісі және ауылдық округ әкімдерінің бірқатарының пікірін тыңдадық.
Болат Мәдікенов, Мойынқұм ауданының әкімі:
– Мұндай жиындар жиі өткені дұрыс. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуда әкімдердің іс-тәжірибесін жетілдіруге тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап жоғары. Сол талап үдесінен шығу үшін ол бәрінен хабардар болуы керек қой. Міне, осы тұрғыда бұл басқосудан көп нәрсені үйренуге болады. Біздің ауданымыз шалғайда жатқанымен, тұрғындар Қазақстан халқына ортақ игілікті пайдалануы керек. Аталмыш семинар осы жағынан әкімдерге ақыл-кеңес ретінде көп пайдасын тигізеді. Қалай болғанда да әкімнің қарапайым халықтың өтініш-тілектерін қанағаттандыра алатындай, қайырылған мәселесіне тиянақты жауап қайтаратындай болғаны дұрыс. Елбасының жергілікті жердегі өкілі өзінің лауазымына, қызметіне лайықты болуы уақыт талабы. Осы талап үдесінен шығуда әкімдердің жан-жақты болуына бүгінгі басқосу игі әсер етті деген ойдамын. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген мәтелдің шынайылығы іс жүзіндегі тірлікке байланысты. Ол, әрине, әкімнің іскерлігі мен сауаттылығына көп сын. Осы орайда, әкімдер семинар-кеңестен көп нәрсеге ой түйіп қайтатыны сөзсіз.
Ерлан Қыдыралыұлы, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының басшысы:
– «Жаңыл-майтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей, әкімдер де адам. Кейде болар-болмас нәрседен кемістік жіберіп қоюы мүмкін. Бүгінгі келелі кеңес қай деңгейдегі әкімге де осы жағынан көп көмегін тигізді. Ел басқарған азамат күнделікті өмірдің бар саласынан хабардар, жан-жақты болуы керек. Адамдар ауыл әкімдеріне көбінесе әлеуметтік-тұрмыстық мәселелермен барады. Олар өзі шеше алмаған жағдайда әлгі азаматтың өтінішін жоғарыға жеткізеді. Мүмкіндігіне қарай, мәселенің оңды шешілуіне ықпал жасаса, онда тіптен жөн. Әртүрлі деңгейдегі әкімдердің бүгінгі басқосуы олардың тәжірибесі толысып, қызметтегі кәсіби шеберліктері арта түсуіне игі әсер етуге тиіс. Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруда әкімдер облыстың әлеуметтік-экономикалық өмірінен толық хабардар болғаны ләзім. Оның үстіне облыс әкімінің өңірлерді аралағандағы берген тапсырмалары мен жасаған сын-ескертпелері олардың күнделікті жұмыстарында басшылыққа алынып отырады.
Талғат Әбсәлімов, Жуалы ауданы, Билікөл ауылдық округінің әкімі:
– Халықпен жұмыс жүргізуде жергілікті жердегі билік өкілдері – ауыл әкімдеріне көп міндеттер жүктеледі. Міне, осыны шешуде ауылдық округ әкімдеріне жан-жақты көмек, қолдау керек. Біз көбіне қаржы жағынан қиындық көреміз. Кейбір көмекке мұқтаж жандарды сөзбен шығарып салмай, қажетін өтеп жіберсек, қандай ғанибет! Әрине, қаржыны бекер шашатындай біздің де басымыз екеу емес. Бәрін де орнымен жұмсауға тырысамыз ғой. Дегенмен ауыл әкімдерінің де қорында тиын-тебені, яғни аз да болса бюджеті болса, қарамағындағы халықпен жұмыс істеу жеңіл әрі ыңғайлы болар еді. Осыған орай, «ауылдық әкімдіктерге бөлінетін қаржы ондағы тұрғындар санына емес, ауылдың әлеуметтік-экономикалық қажеттілігіне сай болса» деген тілегімді жеткіздім.
Ерболат Ұзақбеков, Сарысу ауданындағы Досбол ауылдық аймағының әкімі:
– Біздің ауылдық аймақ аудан орта-лығынан шалғай, орналасқан. Аймаққа Досбол, Шағалалы және Көкдала елді мекендері қарайды. Тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады. Бау-бақша өсіреді. Өзімнің әкім болғаныма бір жыл енді болады. Бірақ, ұзақ жыл бойы Байқадам ауылдық аймағында әкімнің орынбасары болдым. Сондықтан сонша қинала қойғаным жоқ. Дегенмен, мынадай ауқымды шараның берері мол. Басқа аудандардан келген тәжірибелі әріптестерімізбен танысып, пікір алмасып жатырмыз. Олар елмен қоян-қолтық араласып, жұмыс істеудегі өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев біздерге үлкен міндет жүктеді. Оны орындауға тиіспіз. «Қай жерде ауыл әкімі жұмыс істейді, сол жерде тірлік бар» деп өте орынды айтты. Рас, біздің алаңсыз жұмыс жасауымыз үшін барлық жағдай жасалды. Тек қана елді бірлікке, тірлікке ұйытып жұмыс жасауымыз керек.
Амангелді ӘБІЛ, Болат ЖАППАРҰЛЫ, «Ақ жол».