АЙРАН, СҮТ, ҚАЙМАҚ…

147

Басқа да азық-түлік өнімдері кез
келген жерде сатыла бере ме?

Тараз қаласында базар жағалап, дүкен араламай-ақ сауда-саттықпен айналысатындар немесе алыпсатарлар қажетті азық-түлікті үйіңе жеткізіп береді. Соғым кезінде жылқының бір жілігі дейсіз бе, жоқ, бір аяғын аламын дейсіз бе, тіпті малды тұтас алсаңыз да алаңдамаңыз. Ұялы телефонына қоңыру соғып, мекен-жайыңызды айтсаңыз, жетіп жатыр, белгіленген уақытта соғым үйіңізде болады. Сол сияқты қанша килограмм картоп, пияз немесе сәбіз керек, тіпті қабымен аламын десеңіз де, тек қана келісілген ақшаңызды санап берсеңіз болды. Басқа да азық-түлік тауарларын үйде отырып, алдыра бересіз.
Нарықтық қатынас енгелі бері қалаларда үй жағалап, айран, сүт, қаймақ, тағы басқа сүт өнімдерін сататындар да көбейді. Ер-азаматтар да, қыз-келіншектер де ертемен көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында «айран», «сүт» «қаймақ» деп айқай салып жүргені. Жаз айларында демалыс күндері көп қабатты үйлердің тұрғындарын ұйқысынан осылар оятады. Шынын айту керек, көбісі өздерінің ақ, адал еңбегімен өндірген өнімдері. Бейнетпен төрт түлік мал өсірген соң, оның өнімін қалаға әкеліп сатудың ешбір сөкеттігі жоқ. Қайта өз күнін өзі көріп отырған ондай жандарға риза боласың. Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Ауылдағы ағайын әкелген өнім талапқа сай ма? Сауын малы ауруға шалдықпаған ба? «Сарыпқа» шалдыққан малдан адамға ауру жұғатынын ескерсек, бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Жаздың аптап ыстығында сүт өнімдері тез бұзылатыны бар. Ал үй жағалап, айран, сүт сататындардың өнімінің сапасын бақылап, құжатын тексеріп жатқан ешкімді көрмейміз.
Тағы бір мәселе – қаладағы заңсыз бейберекет сауда орындарының әлі де жойылмай тұрғаны. Халық арасында «жабайы базар» аталып кеткен ондай орындарды жауып тастау немесе ретке келтіру мүмкін болмай отыр. Дегенмен Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркісіп бөлімінің басшысы Н.Тұрысбековтің мәліметінше, қала әкімінің 2015 жылғы 24 ақпандағы өкімімен шаһар аумағында заңсыз, белгіленбеген жерлерде сауда орындарының алдын алу және ретке келтіру мақсатында жұмысшы тобы құрылып, бірқатар жұмыстар жүзеге асырылыпты. Қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметімен бірлесе бекітілген іс-шара жоспарына орай жұмысшы тобы қала аумағындағы белгіленбеген сауда нүктелеріне мониторинг жүргізіп, зерделеу барысында 10 сауда орнының ошағы анықталған.
Соның нәтижесінде Қазыбек би көшесіндегі орталық гастрономның алдындағы, Әйтеке би көшесіндегі «Дәмдес» дүкенінің аумағындағы, Абай даңғылы мен Петров және Байзақ батыр мен Желтоқсан көшелерінің қиылыстарындағы заңсыз сауда орындары жабылыпты. Сондай-ақ Рысбек батыр, Т.Рысқұлов және Сейфуллин көшелеріндегі, «Сейфуллин», «Лермонтов» аялдамаларындағы сауда ошақтары ретке келтірілген. Алайда полиция қызметкерлерімен бірлесе атқарып жатқан осындай жұмыстарға қарамастан, Төле би даңғылы бойындағы «Чайка» аялдамасы аумағында, «Мыңбұлақ» шағын ауданындағы «Диана» сауда орталығынан «Қайқармет» базарына дейінгі аралықта «жабайы сауда» орындарын толықтай жою мүмкін болмай отырған көрінеді.
Жұмысшы топ мүшелері мен полиция қызметкерлері Т.Рысқұлов көшесіндегі «Сауда орталығы», Төле би даңғылы бойындағы «Чайка» аялдамалары маңындағы және «Мыңбұлақ» шағын ауданындағы бейберекет сауда орындарындағы сатушылармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, «Орталық базар», «Атакент-Тараз» және «Ақбұлақ» базарларындағы бос тұрған орындарға көшу туралы ұсыныстарын жеткізген. «77» жергілікті телеарнасы арқылы үш рет «жабайы сауда» орындарының антисанитарлық жағдайы туралы арнайы хабар да көрсетілген.
Рейд барысында былтыр қалалық жергілікті полиция қызметкерлері атсалысуымен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-бабы бойынша 1545 әкімшілік хаттама толтырылып, 714473 теңгеге 40 айыппұл салыныпты.
Қарап отырсаңыз, қалалық әкімдік тарапынан «жабайы сауданы» ретке келтіру үшін аз жұмыс атқарылып жатпаған сияқты. Алайда айыппұлды қанша арқаласа да, кез келген жерде сауда жасау әлі де тыйылар емес. Не істеу керек? Біздіңше, тараздықтар мен қала қонақтары аялдамалар маңында, көше қиылыстарында отыра қалып сауда жасайтындардың тауарын алмай, тек қана заңды сауда орындарының өнімін ғана тұтынса, ешқандай талапқа сай келмейтін бейберекет сауда орындарын жабуға болады. Сосын базарға бармағанда қайда барады? Темір жол, автобекеттерде, әрбір мекемелердің ғимараттарында, басқа да халық көп шоғырланатын орындарда түрлі тағам сататындарға да тыйым салынуы қажет-ақ.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.