Мәдениет

Қош көріп, біздің жаңа бастаманы, Ақындар жырға қосты Астананы

Қош көріп, біздің жаңа бастаманы, Ақындар жырға қосты Астананы

Жуырда облыстық «Ақ жол» газеті мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бірлесе қолға алған ақындар айтысының газеттік нұсқасы бастау алғаны белгілі. Елорданың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатқан «Арқа төсіндегі арман қала» атты жаңа жобаның мән-маңызы, мақсаты мен өту барысы туралы Жамбыл атындағы облыстық «Руханият» үйінде өткен баспасөз-мәслихатында кеңінен баяндалды.

Оған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, облыстық «Ақ жол» газетінің Директор-Бас редакторы Қуат Әуесбай, айтыскер ақындар және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алқалы жиынды жүргізіп отырған басылым басшысы қонақтарға шараның мақсаты мен жүргізілу тәртібін түсіндіріп, таныстырды. Сондай-ақ жоба Астана күні қарсаңында мәресіне жететінін айтты. Ал Дүйсенәлі Дыбысалыұлы қатысушы ақындар сүбелі сөз барымтасын жасай отырып, Арқа төріндегі ажарлы Астананың керім келбетін, биік беделін де жырға қосу керектігін жеткізді. – Биыл бағаналы орда басты ордамыз – Астананың мерейлі жиырма жылдығы аталып өтіледі. Осыған орай облыста жоспарланған игі шаралар аз емес. Соның бірі «Ақ жол» газетінің бастамасымен қолға алынып отырған «Арқа төсіндегі арман қала» атты жобасы десек, қателеспейміз. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді де жүзеге асырудағы бір еңбегіміз болмақ. Өңірдің бас басылымы бастаған ізгі шараны біз қолдап, қуаттап, демеушілік жасауға қуана келістік. Бұл айтыскер ақындардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, айтыс аудиториясын кеңейтуіне берілген үлкен мүмкіндік. Өйткені жиырма мыңға жуық оқырманы бар газет бетінен облыс тұрғындары ақындардың айтысын, сұрақ-жауабын, ұтымды шумақтарын оқып, бағамдап отырады. Сондай-ақ жазылған дүниелер басылымның сайтында да жарияланып, дауыс беру жүргізіледі, – дей келе, басқарма басшысы басылыммен бірге алдағы уақытта да бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді. Жиында айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, ақын Үміт Битенова сөз алып, шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, бұл жоба – айтыссүйер әлеуметті, руханият жанашырларын елең еткізген жақсы жаңалық болғанын тілге тиек етті.

Ж. Сембайұлы