Еліне ерте қайтады
Еліне ерте қайтады
Бразилияға бой үйрете алмады ма, жоқ әлде экватор сызығының оңтүстігінде орналасқан ел батыс Еуропадан келгендерді жатырқады ма, кім білсін, испандар еліне ерте қайтатын болды. Алғашқы кездесуде Голландия құрамасынан ойсырай ұтылғанымен келесі матчта қайткен күнде де «керегін» алады деп сенген Испания фанаттары. Бірақ, олар өз жанкүйерлерінің үмітін үзіп, әлемдік мундиальді мерзімінен бұрын аяқтады.
Расында, бұл нағыз сенсация! Басқа-басқа, Испания футболшылары дүбірлі додада небәрі үш кездесу өткізеді әрі Чили құрамасына 2:0 есебімен тізе бүгеді деп ешкім ойлаған жоқ. «Апам да аң-таң, жездем де аң-таң» дегендей чилиліктер испандарға «диктовка» жасап, өз мәнерлерімен ойнауға мәжбүр етті. Допты бақылауларында ұстай алмаған Испания құрамасы қақпасына бір емес, екі гол жіберіп алды. Рио-де-Жанейро қаласындағы Маракана стадионына жиналған жұртты таңғалдырып, экс-чемпиондарға гол соққан Чили батырлары – шабуылшы Варгас пен орталық алаңның ойыншысы Арангис.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».