Әлеумет

Құлағымен мәшине сүйреген

Құлағымен мәшине сүйреген

1997 жылы аудан орталығы Қаратау қаласына көшті. Алғашқы лекпен аудандық «Талас тынысы» газетінің редакциясы да осында қоныс тепті. Келген соң әдетімізбен жаңалық іздейміз. Сондай сәттің бірінде қаратаулықтардан «Балалар және спорт мектебінің мұғалімі, несін айтасың, «Жеңіс» алаңында өнер көрсетеді екен» деген әңгімені естіп елең етістік.

Көп уақыт өтпей, қалың көпшілікпен бірге қыстың қақаған аязында алаңда өнерін көрсеткен жұмыр денелі Беріктің ерекше қасиетіне тәнті болдық. Сабазымыз екі құлағына сыпта жіпті іліп, оны мәшиненің алдыңғы қос ілгегіне ілгектеп, «әуп» деп тарта жөнелгенде, көпшілік «уһ» деп ішектерін тартысқан. Мектепте оқып жүргенімізде тәртіпсіздігіміз үшін мұғаліміміз құлағымыздан тартқанда жанымыз мұрнымыздың ұшына тіреліп, екі көзімізден жас тамшысы бырт-бырт етіп үзілетін. Қараймыз. Берік сабазың түк болмағандай ыржиып тұр. Ол ол ма, екі құлағына ілінген жіппен 16 килолық кір тастарын көтеріп, шыр айналдырып, тағы да тамашалап тұрған талайды таңырқатты. Алдыңғы жылы «Асыл мұра» журналына Берік туралы мақала жазғаным бар. Әңгіме барысында: – Құлағыммен көлік тартуды оныншы сыныпта, балалармен бәстесіп жүріп бастап қалдым, – деген. – Құлағыңыздың тамырларына салмақ түсіп, қызаратын шығар? – Жоға. Еш сезілмейді... Беріктің өнеріне тәнті болғандар, тіпті, оны облыс орталығына да шақыртып қызықтапты. Өткен жылы «Қазақстан» телеарнасы Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази және еліміздегі небір өнер иелерін шақырып, телешоу өткізді. Кейіпкеріміз оған қатысып, жартылай финалға дейін жетті. Сол сайыпқырандарды Бейсен Құранбек «Айтуға оңай...» бағдарламасына шақырып, Беріктің қос құлағын ұстап, сан-сауалды жаудырып, ақыры студия алаңына кәдуілгі ыңыршағы айналған қазақы арбаны алдырып, үстіне он шақты адамды тұрғызып қойып, кейіпкеріміздің қос құлағына сыпта жіп ілдіріп, тартқызған жоқ па? Сол сыннан да мүдірмей өтті біздің Бекең! Сонымен, құлағы құрыш, мінезі дұрыс жігітіміз кім? Ол Жамбыл ауданының тумасы. Мамандығы – спортшы. Қаладағы балалар және спорт мектебінде шахматтан, дойбыдан, тоғыз құмалақтан жаттықтырушы. Оның шәкірттері арасында ел чемпионы, Азия жүлдегері атанғандар жетерлік. Жақында ғана шәкірттерімен облысымыздың құрамасы сапында Алматы облысындағы Қаскелең қаласында өткен дойбышылардың республикалық бәсекесіне қатысып, олжалы оралды. Қарапайым, еш мақтанбайды. Бәлкім содан ба, оған «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері» атағын беруге ешкім де құлық танытқан емес. Өзі сұғанақтанып сұрамайды да. Беріктің ұл-қыздарының арасында әке жолын қуған бірі жоқ. – Әй, олар менің бұл «хоббиімді» үйренбей-ақ қойсын! – дейді Берік күліп. Алла тағала шебер ғой. Құлағы құрыш мұндай азаматтар еліміздің өзге өңірлерінде бар дегенді әл күнге естіген жоқпыз...

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Қаратау қаласы.