- Advertisement -

«Азаматтық неке» ұшпаққа шығармайды

220

- Advertisement -

5e27bf4a958aa520ae1888ae70a21d7d

Қазір қоғамда «азаматтық неке» деген ұғым бар. Батыстың, Ресейдің фильмдері арқылы жастардың санасына жабысқан мұндай жауапсыз одақ қазақы тәрбиеге, ұлттық болмысы­мызға, салт-дәстүрімізге мүлдем жат. Бұл байланысқа исламда да, басқа діндерде де тыйым салынған. 

«Үй болудың» төте жолын таңдағандардың «азаматтық неке» деп әспеттеп жүргені кәдімгі «көңілдестік» екенін еліктеуші жастар түсіне ме? Өйткені, неке дегеніміз – мұсылмандық жолмен қиылған, ата-ананың батасы берілген, заң жүзінде тіркелген жұптық анттасу. Еліміздің «Неке және отбасы туралы» Заңында ол туралы ешқандай түсiнiктеме берiлмеген.
Бүгінгі толқынның жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратып жатпай, көрінген құбылысқа еліктей жөнелетіні жасырын емес. Сол сияқты «азаматтық некені» де сәнге айналдырып жүрген жастар, әсіресе қалалық жерлерде жиі ұшыраса бастады. Тіпті кейбіреулердің бұл арсыз әрекетіне ата-аналары келісім беріп, ешқандай қарсылық танытпайтын «заманауи отбасылар» да кездесетіндігі жаға ұстатады.
Бір-біріне ынтызары ауса, заңды некеге тұруға бас ауыртпай-ақ бірге тұруды ыңғайлы деп тапқандар түбінде тақсірет тартып қалатыны айдан анық. Алайда «Бас біріктіріп алсақ, кейінірек некелесерміз» деп, алдамшы үмітпен нар тәуекелге бел буғандар өз тағдырларын ғана емес, қоғамның тағдырына да балта шабуға қадам басқанына қынжылмайтыны өкінішті. Жұбайлық жауапкершілікті арқалаудан жүрексінетін екеудің ермегінен туған сәбидің болашағы не болмақ? Оған өмір бақи «некесіз туылған» деген дақ телінумен өтеді емес пе? Ал қазіргі күйгелек, психологиялық күрделі жағдайдағы балаларға бұл себеп ауыр азап тартқызбай ма? Толыққанды отбасында тәрбие көрмеген баланың көңілінің түкпірінде наза, қыжыл жатары анық. Есейе келе бұл қыжылдың запыран уға айналып, өзгелерге кері әсерін тигізбесіне кім кепіл?! «Махаббат еркіндігі» деп есіріп, «сезім бостандығы» деп желпініп жүргенде, некесіз туып қалған перзентін әжетханаға лақтырып, қоқыс жәшігіне тастайтындар көбейді. Педофильдік жан түршігерлік қылмыстар да өздерінің жауапсыз әрекетіне «азаматтық неке» деп айдар тағып алғандардың үйінде жиі орын алып жатқанын естіп-біліп жүрміз.
Жалпы «азаматтық неке» Норвегияда 1970 жылдардың өзінде-ақ 40 пайызды құрапты. Қазір бұл тексіздік тұтастай бүкіл Еуропа елдеріне тән болып кеткен. Эстония, Швеция, Франция мемлекеттеріндегі жұптардың 60 пайызы азаматтық некеде тұрады. Германияда соңғы 15 жыл ішінде бұл көрсеткіш 44 пайызға өскен. Ал Ресейдің отбасылық жұптарының 60 пайызы заңды некеге тіркелмепті. Алайда ресейлік әлеуметтанушылар мен демографтар мұны оң бағалап отырған жоқ. Олардың пайымдауынша, азаматтық неке – өзін төмен бағалайтын әйелдің жауапкершілік деңгейі мардымсыз еркекпен құрған одағы. Олардың құрған одағында ешқандай моральдық құндылық болмайды. Расында, мұндай жағдайда қанша уақыт бірге тұрса да, әйел өзін толыққанды құқылы сезіне алмайды. Ал еркек үшін бұл – еркіндік. Некесіз одақта тұрып, әкесіз бала туған әйел қоғамда жалғызбасты ана атанып, тағдырының уын өзі ішкенімен қоймай, оны еш жазығы жоқ баласына да еріксіз татқызады. Мамандардың есептеуінше, азаматтық неке жағдайында өмір сүрген жастардың 80 пайызы кейін бір-бірімен жараспай, айырылысады екен. Тиісті мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі дағдарыс орталықтарына жыл сайын «азаматтық некеге» тұрып, алданып қалған 15-20 әйел көмек сұрап келетін көрінеді. Міне, «тәжірибенің» нақты іс жүзіндегі жағдайы осындай.
Қазір ұлтымыздың алдындағы ұлы мақсат – демографиялық өсімді көтеру. Елдің рухани жаңғыруы текті ұрпақ тәрбиелеуден басталса керек. Рас, біз жер бетінде ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін демографияға айрықша көңіл бөлуге тиіспіз. Бірақ, дені сау, ойы орнықты, бір сөзбен айтқанда, саламатты да сапалы ұрпақ өрбітпесек, қанымызға жат, батыстық құбылыстармен білек сыбана күреспесек, болашағымыз бұлыңғырлана түсетіні айдан анық. Ол үшін атадан ақыл, заңнан тыйым керек-ақ.

Қарлығаш
Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support