Экономика

Қордайда атқарылған іс көп

Қордайда атқарылған іс көп

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік рефолюция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында әлеуметтік саясаттың бағдары айқындалып, еңбекке қабілетсіз жандарға мемлекеттік қолдау күшейтілетіні баса айтылғаны мәлім. Өңіріміздегі жұмыс сапары барысында Қордай ауданында жақында ғана ашылған №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы филиалының жұмысымен танысқан Парламент Сенатының депутаты Мұратбай Жолдасбаев қариялардың хал-жағдайларын да сұрап, әңгімеге тартты.

Екі қабатты ғимаратта барлық жағдай жасалыпты. Жалпы 15 орындық қарттар баспанасында қажеттінің бәрі бар. Қызмет алушылардың денсаулық жағдайын медбикелер жіті бақылап отырады екен. Мұратбай Жолдасбаев бұдан кейін мүгедек балаларды бейімдеу және оңалту орталығына барып, тәрбиеленіп жатқан балалардың жай-күйін көрді. Орталық директоры Эльнура Мінісқұлова мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалып жатқан жағдайлар жайында айтып берді. Аудандағы «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұжық шығару цехына да атбасын бұрған сенатор өнімі еліміздің барлық өңірлеріне тарайтын, тіпті алыс-жақын шетелдерге де тасымалданатын кәсіпорынның алдағы жоспарларын біліп қайтты. Бектұрсын Жансеріков басқаратын серіктестік былтыр талапқа сай қасапханасын ашқан болатын. Соның арқасында шұжық өндіруге қажетті шикізат тапшылығы мәселесін бірден шешкен еді. Енді міне, кәсіпорынның жұмысы қыза түсіпті. Қордайлықтар үшін былтырғы үлкен жаңалықтардың бірі – Қасық ауылының атануы Әлжан ана деп өзгертілгені болған. Елбасы анасының есімі берілген ауыл – аудандағы іргелі елді мекеннің бірі еді. Қазір одан сайын еңселене түскендей. Мұратбай Жолдасбаев осы ауылдағы күрделі жөндеуден өткен ауылдық Мәдениет үйіне атбасын тіреді. Сырт келбеті кәдуілгі театр сияқты, іші де толықтай жаңартылған. Түрлі үйірмелермен қатар, би залы, фое мен кітапхана, шағын музей, бірегей қызыл түспен қамтылған үлкен залдың әсем жабдықталғанына қарап, көз сүйсінеді. Ауыл ақсақалдарына арналған бөлмеде дойбы ойнап отырған бір топ қариялардың үстінен түскен халық қалаулысы амандық-есендік сұрасқаннан кейін, ауыл жағдайы, өңіріміздің, жалпы еліміздің жетістіктері турасында ақсақалдармен әңгіме-дүкен құрды. Қариялар болса сәулеті жарасқан Мәдениет үйі, тақтайдай тегіс жолдары, әр үйге тартылған «көгілдір отыны» бар ауылының жайын айтып, арқа-жарқа болды. Осындай игі істердің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Парламент депутаты осы ауылда жаңадан ашылған «Айсана» балабақшасына да барды. 75 орындық мектепке дейінгі мекеменің жалпы құрылысы, оның ішінде балаларға жасалған жағдай өзгелерге үлгі етерліктей екен. Ойын бөлмелері кең, бөлек асханасы, түрлі сабақтарға арналған бөлмелер, жатын орындары да талапқа сай. Ауданда атқарылып жатқан істерге көңілі толған Мұратбай Сматайұлы әрдайым бастамашылығымен, жаңашылдығымен көзге түсіп жүрген қордайлықтардың жұмысына сәттілік тіледі.

Жандос Омаров, журналист

Қордай ауданы