Саясат

Мәселе кезең-кезеңімен шешіледі

Мәселе кезең-кезеңімен шешіледі

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Омархан Өксікбаевтың облысымызға жұмыс сапары Шу ауданында жалғасын тапты. Халық қалаулысы ең әуелі Шу қаласындағы орталық қазандықтың жылыту маусымындағы жұмыстарын көзбен көрді. Байқағанымыздай, 1990 жылы қолданысқа енген мұндағы КЕ-25/14С маркалы бу қазанын газбен жұмыс істейтін BOSCH маркалы UNIMAT UT-L46 су қыздырғыш қазандарына ауыстыру жұмыстары аяқталып, «көгілдір отынмен» жұмыс істейтін құрылғы ел игілігіне пайдаланылғалы отыр екен. «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Руслан Көккөзовтің айтуынша, жылыту маусымын қатты отынмен бастаған шулықтар санаулы күндерден соң табиғи газбен жылытуға көшетін көрінеді. Жаңа қазандық іске қосылғанда, тиісінше оның коммуналдық тариф бағасы да артады екен. Осы орайда, Омархан Нұртайұлы мекеме басшысына зейнеттегі тұрғындар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жеңілдік жасауды естен шығармау керектігін ескертті. 

Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты Шу қаласындағы «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы Шу локомотив жөндеу зауытында болды. Зауытта 270 адам тұрақты жұмыс істеуде. Өндіріс ошағының директоры Марат Нұрбаевтың айтуынша, аталмыш зауыт темір жол саласына қатысты кез келген техниканы жөндеуден өткізуге қауқарлы екен. Сонымен бірге, алдағы уақытта зауыт ирандық комбайндарды құрастыруды да қолға алмақшы. Өз кезегінде Омархан Нұртайұлы өндіріс орнының қолда бар мүмкіндігін қалт жібермей, оның әрі қарай да даму бағыттарын айқындау керектігін айтты. Ал «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындағы «ХимПлюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен өткен кездесуде халық қалаулысы Парламент жұмысы туралы жан-жақты ақпар беріп, экономикалық өсімге қол жеткізуге серпінді мүмкіндік туғызатын алып жобаларға кеңінен тоқталды. Одан кейін «ХимПлюс» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Сейтқазы Зейнеғазиев ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап серіктестік «глифосат, гербицид, үшхлорлы фосфор өндіру» бойынша интеграцияланған химиялық кешенін іске қосып, алғашқы өнімін шығара бастайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ бүгінгі күні 100-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекеме алдағы уақытта екі бірдей зауыттың құрылысын бастамақ ниетте екен. Депутат «Жетісу» тұрғын алқабында №4 үйдің қалпына келтіру жұмыстарының барысымен де таныс болды. Жергілікті тұрғындар арасында «әскери қалашық» аталып кеткен «Жетісу» тұрғын үй алқабында №4 үйден бөлек, 75 пәтерлік төрт бірдей көп қабатты үй орналасқан. Аудан әкімі Қайрат Досаевтың айтуынша, қанатқақты жоба ретінде №4 тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған жергілікті билік алдағы уақытта алқаптағы барлық үйді тұрғындардың игілігіне беруді жоспарлап отыр екен. Аудандағы әлеуметтік нысандардың бүгінгі жай-күйімен танысқан Омархан Өксікбаев жуырда ғана ашылған аймақтағы бір нүктеден қызмет көрсететін «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» ғимаратына бас сұғып, шулықтардың бір ғана нысаннан бір мезетте 570-ке жуық мемлекеттік қызметке жүгіну мүмкіндігіне қол жеткізгенінен хабардар болды. Аудандағы жұмыс сапарының соңында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау ұйымдастырған Омархан Нұртайұлы аймақтағы қордаланған мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуіне өз септігін тигізетіндігін жеткізді.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы

Суретті түсірген Петр Норкин