Түрік ағайындар қызығушылық танытты
Түрік ағайындар қызығушылық танытты
Тәуелсіздік алғанына небәрі ширек ғасыр болған кешегі жас Қазақстан бүгінде белді бекем буып, сын-қатерлерді бұзып-жарып, беделді мемлекетке айналды. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктері бар еліміздің ендігі көздеген межелері биік екендігін Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айқын аңғартты. Онда: «Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты. 2017 жылы еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті. Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 процент болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 проценттен асты. Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40 проценттен асып түсті», – деп атап көрсетті Елбасымыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау кезеңінде тірлігі тоқтап, кейіннен қайта жаңғыртылған «Тараз Кожобувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де елімізде өнеркәсіп саласының еңсе тіктеуінің айқын көрінісі болса керек. Бүгінде жұмысы қарқын алған біздің кәсіпорында шикізаттан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық үдерістер жүйелі жүзеге асырылады. Яғни теріні қабылдап, оны илеп, сүргілеп, созып, содан соң тазалау, тегістеу, бояу, кептіру сынды үдерістерден өткізіп, нәтижесінде дайын болған былғарыны үлгілеп, сапалы аяқ киім шығарамыз. Осылайша еліміздің жеңіл өнеркәсібінің өркендеуіне өз үлесімізді қосып келеміз. Былғары аяқ киім шығаруда мұндай әмбебап кәсіпорын Қазақстанда біреу ғана.
Бүгінде еліміздің Қарулы Күштерінен бастап, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, «Әскери темір жол күзеті» АҚ, ірі құрылыс компаниялары, мұнай-газ саласының компаниялары, «Май өнімдері корпорациясы» АҚ, тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары арнаулы жұмыс аяқ киімдерін мемлекеттік тапсырыспен бізде тіктіреді.
Өткен жылы біз 157 мың жұп былғары бәтеңке шығардық. Бұл – 2016 жылмен салыстырғанда 16 пайызға жоғары көрсеткіш. Біз өз межемізді жылдан-жылға көтеріп келеміз. Мәселен, биыл 200 мың жұп аяқ киім шығаруды жоспарлап отырмыз. Былтыр «Тараз Кожобувь» серіктестігіне түркиялық аяқ киім өнеркәсібінің өкілдері келіп, жұмысымыздың сапалылығына айрықша қызығушылық танытты. Түркия аяқ киім ассоциациясының президенті Бекир Айдин бастаған, құрамында бірқатар аяқ киім фабрикаларының басшылары бар делегация біздің кәсіпорынның жұмысына оң бағасын беріп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді. Осы орайда, айта кетерлігі, бұрын елімізге аяқ киімнің 10 пайызы ғана импортпен келетін де, 90 пайызы отандық өнім болатын. Қазір бұл көрсеткіштің орны ауысқан. Ал сол уақыттарда аяқ киім тігуде өз кәсіпорындары 10 пайызды ғана қамтыған Түркияның жеңіл өнеркәсібі жедел қарқынмен дамып, бүгінде жоғарыдағы көрсеткіш 95 пайызға өсіпті. Сондықтан түрік ағайындардың озық тәжірибесін алсақ, ұтылмайтынымыз анық. Оған әлеуетіміз де жеткілікті.
Шамухтар ШАЮНУСОВ, «Тараз Кожобувь» ЖШС директорының орынбасары