Мәдениет

Халықтан қайнап туған ақын бұлбұл

Халықтан қайнап туған ақын бұлбұл

22

Кеше Қордай ауданында қазақтың өнер әлеміне өшпестей із қалдырған көрнекті тұлғасы Кенен Әзірбаевтың туғанына 130 жылдық мерейтойы аталып өтті

6Кенекеңнің аруағы тағы бір аунап түсті. Алты алаштың ардағына айналған дүлдүл ақынның киесі арқасында жылда бір жаңалығымен жаңара түскен ауылға тұс-тұстан ағылып келіп жатқан халықта есеп жоқ. Мерекенің ресми ашылуын күтпестен-ақ, қалың ағашы сыңсыған саялы бақтың ішіндегі ақынның бейітіне тәу етіп, іргедегі мұражайына кіріп-шығып жатқан жұрт. Арысы Астанадан, берісі Алматы мен Тараздан, алыс-жақын айнала төңіректен келген қонақтар бір өзі әнші де жыршы, ақын да сазгер Кенен Әзірбаевтың шығармашылығын құрметтеп қадір тұтатынын танытуда. Ақынның мерейтойы – халықтың ортақ қуанышы деген 7осы. Мұражай алды мерекедегідей безендіріліп, ақын тұтынған заттар мен жәдігерлерден ашық көрме қойылған. Дыбыс күшейткіштер арқылы Кенекеңнің өз орындауындағы әндері шырқалып жатыр. Нақ осы әндер жазылған дисктер мен ақын өлеңдерінен шағын кітапшалар сатылымда. Тұс-тұсқа аузы дуалы тұлғалардың Кененнің шығармашылығы туралы сөздері көрнекі етіп жазылып қойылған. Ұлы Жамбыл: «Кенен Кенен дейді ғой елдің бәрі, қаладағы шулайды жас пен кәрі. Төрт аяғы тең түсіп өлеңінің, құлағымнан кетпейді салған әні» деген сөзді сонау ертеде, ақынның жас кезінде айтқан екен. «Кенен – ән мен күйдің генералы» депті даңқты батыр Бауыржан Момышұлы. «Кенен көнеден келе жатқан сал-серілер дәстүрін жалғастырушы, сол ұлы көштің соңғы тұяғы» деген екен Ғабит Мүсірепов. Ал, Мұхтар Әуезов болса: «Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ғұлама жырау, әрі әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз» деп тамсанған. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, күллі дүниеге танылған Шыңғыс Айтматовтың, басқа да көрнекті тұлғалардың Кенекеңнің шығармашылығына жақсы қырынан берген бағалары оның шын мәнінде қазақ ән және саз өнерінде қайталанбас тұлға болғанын айғақтай түседі.

3 5Дүйім жұрт ақынның бейіті басына тізе бүгіп, әруағына Құран бағышталған соң, ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, мұражайымен танысу басталды. Ондағы әр сурет, әр құжатты бей-жай қарай салу мүмкін емес. Ақынға бала кезінде Еркебай жасап берген кішкене домбырасынан бастап, кейінгі әйдік домбыралары, ескі патефон, киген шапаны, үкіметтен алған наградалары дейсің бе, қай-қайсысынан да тарихтың терең қатпарында қалған жылдардың елесі көз алдыңа келеді. Әртүрлі заманның сызы сезіледі. Кедейлігінен қорынып «Көкшолақ» деп тепеңдеді, жапанда жалғыз қой соңында жүріп аспандағы құспен мұңдасып, «Бозторғай» деп әндетті. Қос бірдей боздағынан айырылып «Базар, Назар» деп зарлады да. Кенен атамыз Жамбыл бабамыз сияқты өмір салты, тұрмыстық тұрпаты бір-біріне сәйкес келмейтін екі саяси қоғамдық формацияда өмір сүрді. Бірі – Алатаудың бауырында, бірі – Қордай өңірінде дүниеге келіп, бірі аға, бірі іні болған бұл екі ерен тұлға қырық жылдан астам үзеңгілес жүрді. Замана ағымымен Кенен болыс та болды, мұражайда сол кезде ұстаған планшеті сақталыпты. Кешегі сырлас досы Ораз Жандосовты әнге қосқаны үшін айлап түрмеге де қамалған ақын бұл. Тіпті, жан сауғалап, қырғыз еліне асып кетуінен сағынышпен көкірегін кернеп шыққан «Туған жер» әні ше?! Міне, мұражайдағы әр жәдігердің осындай – осындай өзіндік тарихы бар. Міне, содан да оларға ойсыз жанармен қарап, мұражайдан мұңсыз көңілмен шығу мүмкін емес. Ал, ақынның қара шаңыра­ғына бас сұғып, Кененнің негізгі әндері туған, бүгінде әрқайсысы өз алдына үйлі-баранды болған ұл-қыздарының өмірге келіп, жаңадан қаз-қаз басып, өсіп жетілген аядай екі бөлмесіне тізе бүгіп, Құранға ұюдың әсері қандай?! Бұл үйде Әуезов те, Мұқанов та, Қонаев та Кенекеңе қонақ болған. Ауылдың еңселі мәдениет үйіндегі салтанат өз алдына. Көрермендер орындарына жайғасып болғанша сахнадағы экраннан Кенекеңнің өмірі мен шығармашылығы жайлы деректі фильм көрсетіліп тұрды. Тағы да өткенге оралу, Кенекеңнің Жамбылмен, Сәбит, Ғабит, Мұхтар сынды жазушылармен бірге болғаны, атпен жүргені, шырқатып әнге салғаны, өрімдей жастардың ортасында отырғаны үзік-үзік көріністермен көз алдыңа тартылады. Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің директоры, республикалық жыршылар сайысының жеңімпазы, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Ақан Әбдуәлі бүгінгі жиынның жүргізушілігін қолға алып, оны жұртты жалықтыратын жиналысқа айналдырмай, сөйлеушілердің сөздерін әсем әндермен әдіптеп, өзгеше мәнерде жүргізді. Алдымен, әрине, арнайы келген құрметті меймандармен таныстырып өтті. Олар Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрайымы Балнұр Қыдырбек, Ұлттық ҒА корреспондент мүшесі, музыка­тану ғылымының докторы Сара Күзембаева, көрнекті сазгер Дүнгенбай Ботбаев, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Марал Ысқақбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы және облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, белгілі қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы болды. Олардың ішінде Кенекеңнің балалары өз алдына, ақынның кезінде қатар жүрген замандастары – ұстазы Жамбылдың немересі Жеңісхан Жамбылов пен Үмбетәлі жыраудың қыздары Дәмегүл мен Әлияның және «Үмбетәлі музейінің» директоры немересі Әуелбек Ысқақовтың болуы ұрпақтар сабақтастығының тамаша көрінісіндей болып еді. Әрине, олардың барлығы сахнаға көтеріліп, кезегімен жүрекжарды тілектерін ортаға салды. Ал, тойдың беташар сөзін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков алды. Ол қазақтың өнер әлеміндегі Алатаудай асқақ ақын, кербез композитор Кененнің қасиетті құт мекеніндегі бүгінгі тоймен баршаны құттықтай келе, ақынның өзіндік өлең өрнектерінің ерекшелігіне тоқталды. Сүйінбай мен Жамбылдың жыршылық дәстүрін жалғастырған Кененнің шығармашылығы ұлттық өнердегі қайталанбас құбылыс болды. Он бір жасынан қолына домбыра алып, аспандағы бозторғайға үн қосқан ол, ескінің соңы, жаңаның алды, Жетісудың ән-жыр дәстүрін дамытушы еді. Кенен Әзірбаев – сан өнерді жарастырып тең ұстаған өнерпаз: жырау, ақын, жыршы, күйші, әнші, сазгер, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер. Кенен атамыздың халқына деген, өнерге деген маңдай тері – еңбегі, кейінге қалдырған өлмес мұрасы, өшпес өнегесі әлі де талайларды тамсанта бермек. Көзі тірісінде мемлекет қамқорлығында болған Кенекең, өмірден озған соң да назардан тыс қалған жоқ. Облыс аумағында Кенен Әзірбаев атындағы мектептер, мәдениет үйлері, көшелер баршылық. Ақын ауылына атын беріп, басына мұражай тұрғызып, оның айналасын көрікті баққа айналдыруға жағдай жасады. «Шырқа даусым» әншілер байқауы жүйелі түрде өтіп тұрады. Күні кеше ғана Алматыда атамызға ескерткіш қойылды. Кешегі ата-бабамыздан «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген ұлағатты сөз қалған. Шүкір, атамыздың артында лайықты ұл-қыздары да, оның қайталанбас өнерін шынайы бағалай білетін қалың елі де бар. Қалың елі барда атамыздың аты өшпейді, ән-жырлары халқының рухани қажетіне қызмет ете бермек. Бұдан соң сөз алған жазушылар, сазгерлер, Кенен шығармашылығын зерттеушілер бір бойына осынша өнерді жинаған атамыздың шығармашылығын әр қырынан бағалады. Кенен ұрпақтары атынан Төрткен Кененқызы осындай мерекені ұйымдастырушы облыс, аудан әкімдеріне жүрекжарды алғысын білдірді. Бүгінгі тойда өнер шеберлерінің үлкен тобы ән мен жырдан шашу шашты. Облыстық филармонияның директоры Сәуле Жампейісованың өзі бастап, «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Тараз» триосы, Сұлужан Әбенова, Қарлығаш Қожағазина сынды күміс көмей әншілер аянып қалмады. Мәдениет үйінде айтылып бітпеген сөздер мен әуезді әндер Қордай асуының алқымындағы «Гүлдер» мейрамханасында жайылған той дастарханы басында жалғасып жатты. Мұнда облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік сынды азаматтар облыстық биліктің, жалпы өнер сүйер жамбыл­дықтардың атынан сөз алды. Иә, Кенен тойы халықтың тойы. Тойға жиналған қауымның аузынан осыны естідік. Қарт Қордайдың баурайы өзін өмір бойы ән мен жырға қосқан ардақты перзентіне деген ықыласын төгіп, маужырап тұрды.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.