Саясат

Билік пен бұқараның ақылдасу алаңы

Билік пен бұқараның ақылдасу алаңы

Елбасы Н.Ә Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының бесінші бағытында қоғамға есеп беретін ашық мемлекетті қалыптастырудың нақты қадамдары көрсетілген. Мұны билік пен азаматтық қоғам арасында дәнекер болатын әрі олардың күш-жігерін, мұрат-мақсаттарын бір арнаға тоғыстыратын жол десек, артық айтпаймыз. Себебі, жұртшылықтың қоғам ісіне белсенді араласуына мүмкіндік берген және жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз еткен Қоғамдық кеңестер өңірлерде осы Ұлт жоспары жүктеген міндеттерге сай құрылып отыр.

Аталған кеңес «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң талаптарының негізінде жұмыс жүргізеді. Әр жылы облыс әкімінің өңірде атқарылған жұмыстар туралы жылдық есебін тыңдаудан бастап, жыл ішінде аймақтағы саяси-қоғамдық өмірге белсене араласып отырады. Мәселен, өткен жылы біз 6 кеңейтілген, 26 президиум отырысын, 1 қоғамдық тыңдау өткізіп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына 9 рет мониторинг жүргізіп, облыс әкімдігінің төрт басқарма басшысының есебін тыңдадық. Соның нәтижесінде барлығы 152 құжатқа қорытынды-ұсынымдар берілді. Жалпы, заң талаптарын жүзеге асыруда кеңес жұмысының басты бағыттары қалыптасты. Қоғамдық кеңестер қызметінің негізгі мақсаты қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша жұртшылықтың пікірін білдіру болғандықтан, бұл бірінші бағыт саналады. Заңның 5-бабының 1, 2, 3 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес, облыстық бюджеттің жобаларын, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жетізу туралы есептерін тыңдау, облыс әкімдігінің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу біздің жұмысымыздың құрамдас бөлігіне айналған. Облыстық қоғамдық кеңес былтыр «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», «Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы, «2017-2019 жылдарға арналған облыстың бюджет туралы» облыстық мәслихат шешімдерінің жобаларын қарап, ондағы 16 мәселені талқылап, тиісті ұсынымдар берді.

Сондай-ақ облыс әкімдігінің бұрын қабылдаған ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, дін істері, мәдениет, жастар саясаты, дене шынықтыру, жер қатынастары, табиғи ресурстар мен табиғатты реттеу, сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, энергетика мәселелері жөніндегі 50-ге жуық нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобалары талқыланып, олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмейді деп танылып, әрі қарай басқа органдардың қарауына жіберілді. Ал Қордай, Жуалы, Байзақ ауданы әкімдіктері ұсынған үй жануарларын асырау қағидаттары туралы ережелердің заң талаптарын бұза отырып дайындалғаны атап көрсетіліп, қателікті түзету үшін кері жолданды. Себебі заң талабы бойынша қоғамдық кеңестің қорытынды тұжырымы болмаса, азаматтардың құқықтары мен еркіндігіне қатысты нормативтік-құқықтық актілер әділет органдарында тіркелмейді.

Ұлт жоспарының 99-қадамында көрсетілгендей, бүгінде мемлекеттік қызмет көрсетулердің бірыңғай провайдері «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылып, облыс әкімдігі басқармаларының мемлекеттік қызметтер көрсету регламенттері қайта рәсімделіп жатқаны белгілі. Осыған байланысты қоғамдық кеңес мемлекет тарапынан азаматтарға көрсетілетін қызметтердің елуден астам регламентінің жобаларын зерделеп, азаматтардың құқы мен бостандықтарын сақтау, шектемеу туралы ұсыныстар берді. Қоғамдық кеңес туралы заңның 19-бабының 3-тармағында көрсетілгендей, кеңес мүшелері алдын ала облыс әкімдігі жанындағы 19 комиссия құрамына енгізіліп, құжаттардың дайындалу кезеңінде кейбір кемшіліктерді дер кезінде түзеуге септігін тигізіп отырады. Дегенмен кейбір атқарушы органдарда әлі күнге дейін жайбасарлық басым. Мәселен, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңның 16-бабына сәйкес, мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін күнтізбелік 30 күн ішінде облыс басқармалары мемлекеттік қызметтердің регламенттерін әзірлеп, облыс әкімдігінің қарауына ұсынуы тиіс. Алайда оның орындалу тәртібі мен көрсетілген мерзімі сақталмауда. Екінші бағытта жүргізілетін жұмыстардың дені Заңның 16-бабының 3-тармағына сәйкес, облыстық қоғамдық кеңестің азаматтардың атқарушы биліктің қызметіне деген сенімін арттыру үшін қоғам мен мемлекет арасында қайтымды байланысқа әрі әлеуметтік шиеленістердің оң шешім табуына ықпал етуге бағдарланған. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстардың арқасында ылғалы кем, шөлейт аудандардағы жайылым проблемасының мемлекет қарауындағы орман шаруашылықтарының жерлерін жайылым ретінде тұрғындарға жалға беру мәселесі шешілгенін айтуға тиіспіз. Талас ауданы «Бостандық» ауылы тұрғындарының су берушілердің оның бағасын өлшеуіш құрылғысыз, өз қалауларынша қойып жүргенін айтқан еді. Ол да оңтайлы шешіліп отыр. Сондай-ақ Сарысу ауданындағы «Қазақстанның әлеуметтік әділетті дамуы үшін қозғалысынан» (төрағасы Қ.Жандарбек) түскен өңір мен Жаңатас қаласындағы жұмыспен қамту жайы, сыбайластық жемқорлық фактілері, кезінде фосфор өндірісінде ондаған жылдар жұмыс істеп, кәсіби кеселге шалдыққандардың өтемақысы туралы, аудандық білім, денсаулық сақтау саласындағы басшы кадрлардың жөнсіз әрекеттері, мәслихат депутаттарын кезінде орын алған заң бұзушылықтар мен нарықтық экономикаға көшкен кезде иесіз қалып, кейіннен жөнделген пәтерлердің қолы жеткендерге заңсыз беріліп жатқанын, қаладағы су құбырлары желілерін қайта жаңғырту мәселелерін көтерген 13 тілек-талапты облыс әкімдігінің басқарма, департамент басшыларының қатысуымен өткен жиында облыстық кеңестің президиумы егжей-тегжей талқылап, сол жерде біразының шешімін табуына ықпал етті. Қалғандарына тиісті хаттама толтырылды. Көтерілген проблемаларды орындау үшін тиісті басқармаларға жүзеге асыру мерзімдері көрсетіліп, нақты ұсыныстар берілді. Хаттама облыстық кеңес бақылауында тұр. Нәтижесінде аудан әкімдігі мен мәслихаты (Б.Нарбаев, С.Бегеев) қала тұрғындарының талап-тілектерін орындауға пәрменді шара қолданып, жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Кеңес Байзақ ауданында қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындар көтерген – Кеңес, Шахан ауылдарындағы ағын су, 21 елді мекенге газ кіргізу, 30 мыңнан астам халық тұратын аудан орталығы мен Тегістік ауылының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету секілді маңызы үлкен әлеуметтік мәселелерді талқылады. 2017 жылдың 4 сәуірінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын тапсырмалардың орындалу барысын зерделеу үшін «Байзақ ауданының агроөнеркәсіптік кешеніндегі кәсіпкерліктің дамуының жайы мен проблемалары» тақырыбындағы облыстық қоғамдық тыңдау өткізілді. Осының нәтижесінде Кеңес және Шахан ауылдары дихандары үшін ағын су проблемалары өз шешімін тапты. Облыстық бюджеттен аталған ауылдарға қажетті қаржы бөлініп, 3 мың гектарға жуық айналымнан шығып қалған суармалы жер 2018 жылдан бастап ел игілігіне пайдаға асатын болды. Жалпы, қоғамдық кеңес заңмен бекітілген өкілеттіктер шегінде әр жерде бой көрсетіп қалып жататын жағымсыз психологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда. Үшінші бағыттағы жұмыстар заңда белгіленгендей, қоғамдық бақылау жүргізудегі өкілеттіктері жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарының шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында мониторинг, сараптама, қоғамдық тыңдау және мемлекеттік орган жұмысының нәтижесі жөніндегі есептерін тыңдау арқылы жүргізіледі. Бүгінде қоғамдық тыңдау мен облыстық әкімдіктің басқарма басшыларының есебін тыңдау біздің тәжірибемізге еніп, орныға түскен. Есепті кезеңде екі қоғамдық тыңдау өткізілді. Оның бірі – Байзақ ауданында ұсымдастырылса, екіншісінде – Жамбыл ауданындағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңмен қорғаудың қазіргі жай-күйі сараланды. Екеуінде 120-ға жуық сұрақ түсіп, тыңдаулардың ұсынымдары тиісті мемлекеттік органдарға жөнелтіліп, қоғамдық кеңестің бақылауына алынды. Ұлт жоспарының 31-қадамында этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау бойынша ұсыным қабылдау қоғамдық кеңестерге жүктелген. Былтыр құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты 2 мәселе күн тәртібіне шығарылып, қаралып, тиісті ұсынымдар мүдделі органдарға жіберілді. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық бақылауды дамыту орталығының қызметін ұйымдастыру» атты әлеуметтік жобасы шеңберінде қоғамдық кеңес және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесе отырып, 7 аудандағы қызмет көрсету орталықтары сервистік қызметтері туралы Фэйсбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфир жүргізіп, сол бейнекөріністердің жиынтығы мен келеңсіз жайттар «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Елден хабар» бағдарламасында көрсетілді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Д.Медетбеков тікелей эфирге қосылып, сұрақтарға жауап берді. Оны 1600 адамға жуық көрермен көрді. Облыстық қоғамдық кеңестің биылғы жұмыс жоспарына бұған дейін қабылданған ұсынымдардың орындалуына мониторинг жүргізу, аудан әкімдері жұмысының нысаналы индикаторларға қол жеткізулері туралы есептерін тыңдауды енгізіп отыр. Сондай-ақ азаматтарды жұмыспен қамтудың, тегін кәсіптік-техникалық білім берудің жайын «Дипломмен ауылға!» бағдарламаларының орындалу барысын, азық-түлік (нан, қант, сұйық май, картоп, сәбіз т.б.) бағасын тұрақтандыру қорының жұмысы, ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялардың, жеңілдетілген бағамен шаруаларға босатылатын жанар-жағар май, сұйытылған газ көлемдерінің адреске жетіп, тиімді жұмсалуы, суармалы жерлерге су жеткізу, ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіруге қатысты оң шешімін табуға тиісті мәселелерді зерделеп жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарына кемшіліктерді шешуге бағытталған ұсынымдар беру де жоспарда бар. Қоғамдық кеңестер қызметінің төртінші бағыты – ашықтық пен жұмысының жариялылығын арттыру. Есепті кезеңде атқарылған жұмыстардың нәтижесі, қоғамдық тыңдауларда көтерілген мәселелер және оны шешу жолдары басылым беттерінде жиі жарық көріп отырды. Облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «Арай», қалалық «Jambyl-Taraz» газеттерінде 43 мақала жарияланды, «Jambyl» және «77» телеарналарда 34 хабар көрсетіліп, ғаламтордағы әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдарда 23 материал таратылды. Әлі де БАҚ өкілдерімен байланысты күшейтіп, екі жақ болып осал тұстарымызды ширата түсу үшін арнайы медиажоспар жасалатын болады. Облыстық қоғамдық кеңестің 2017 жылы атқарған жұмысының бір парасы осы. Кемшілігіміз де жоқ емес. Дегенмен өзіне берілген өкілеттіктер шегінде атқарушы билік пен бұқараның ақылдасу алаңына айналып, қоғамдық бақылаушы міндетін жүйелі түрде атқара береді.

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы