Әлеумет

Ақылдысың ба, онда неге кедейсің?..

Ақылдысың ба, онда неге кедейсің?..

1515898850_b3bd7f57-c500-45c4-b50a-a137c596243b

Бүгінгі заманның бір тәмсілі «Ақылды адамға кәсіп парыз» болып тұр. Бизнесін заман сұранысына орай дамытып, «кәсібім – нәсібім» деп құлшынып, күндіз-түні бір тынбай, еңбек етіп жүрген жандарға қарап қуат аласың. Бірақ ондайлардан гөрі солардың қалтасына ойша көз жүгіртіп, байлығын түгендеп, жаратқан қаржысын шотқа салып, есептеп отыратын адамдар көп сияқты. Оның бір көрінісі, «Сонша ақшаға соны сатып алғанша, бүйтпей ме, сүйтпей ме? деп, сыртынан әлгі адамды дүниедегі ең ақымақ адам деп есептеп, өзгенің тапқан ақшасын «өз бетінше» жұмсағысы келіп тұратындар. Ал ондай болса, неге кедейсің?.. Үндемейміз, өйткені ең оңайы – біреуге ақыл айту...

Мәселен, күні кеше Шымкентте өткен ұлан-асыр тойдағы салмағы бір жарым тонналық, биіктігі төрт, диаметрі үш метрлік алып торттың бейнежазбасы тарап, талайдың талқысына түсті. Қыруар қаржы тауып осы дәрежеге жеткен бизнесменнің сыртынан мысқылдағандар да, көре алмай күндегендер де, тәтті арманның қиялына жетек бергендер де болды. Тек жас жұбайларға бақыт тілеуді ұмытқаны болмаса... Жұрттың сілекейін шұбыртып, жыр қылған тортты ресейлік атақты Ренат Агзамов кондитерлерімен бірге үш күн бойы ұйықтамай пісіріп-дайындап, тәтті нанды елімізге арнайы чартерлік рейспен бірнеше бөліп, алып келген. Салтанатты биік сарай пішініндегі торттың көлемінен бөлек жұртты таңғалдырғаны, онда қос ат жеккен аппақ күймеден жас жұбайлардың түсіп, ішінен сәуле шашып, жарқырап тұрған ғимаратқа еніп кетіп, жоғарыдағы балконынан бой көрсеткен тұстары болды. Тіпті мұны әлемнің «сегізінші кереметіне» теңеп жатқандар да кездесті. Тәтті нан той иесін 60 миллионға жуық теңгеге шығындатқан көрінеді. Мұны естіп, желі қолданушыларының пікірі екіге айырылды. Бірі – осынша ақшаға қанша үй алуға болатынын және қалай жұмсаған тиімді екендігін есептеп, басын қатырып, тіпті кейбірі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп» деген өлең жолдарын да мысалға келтіріп, бизнесменнің қаржысының адал-арамдығына «экспертиза» жасауға көшті. Әрі секіріп, бері секіріп жете алмаған бір мысық: «Өредегі еттің сасығын-ай!», – депті. Не дейміз, тура соның кебі. «Шіркін, сол тойда болғанымда, тортты жемек түгілі пакетіме «жұғысты болсын» деп салып алып, үйге барып тағы бір шай ішер едім» деп тәтті қиялға берілгендер еріксіз езу тартқызды. «...Неге олар біреулерге үй алып беруі керек? Аяқ-қолың бар ма – жұмыс істе, оқы, өркенде, ізден, ақша жина, өзің сатып ал. Ал мүгедектер мен көп балалы отбасыларға мемлекет арнайы бағдарламамен тұрғын үй береді. Байлар неге оларға үй алып беруге міндетті?» деп салқынқандылық танытқандар да кездесті. Қалай десек те, торттың «темасы» талайды таңдандырды, толқытты. Нәтижесінде бірнеше күн ұйықтамай еңбек еткен Ренат Агзамов бастаған шеберлер бір бума көк қағазды шытырлатып санап алды. Өз ісін шын сүйіп, одан ләззат алатындар табысты да көп табатынын дәлелдеді. «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген осы. Ал біз олар тортты қалай пісірді, қандай ингредиенттер қосты, ондағы жарық, қозғалыстың құпиясын зерттеп талқылаудың, сұранысқа сай тапсырыс алып, пайда табудың орнына құр қиялдап қала бердік. Бізге әлеуметтік желідегі қатты ұнағаны мына пікір болды: «...шуламай бір-екеуің болса да торт пісіруді үйреніңдер». «Қазға еремін деп қарғаның шаты айырылыпты» дегендей, енді жұрт әлгі тортты несиеге ресімдеп жүрмесін...

Р.S.

Бүркіт тал басына қонып, ешбір қимылсыз отырады. Оның дәл осылай биікте ештеңе істемей отырғанын көрген қоян жақындап келіп: – Мен де сіз секілді бір орында тыныш қана отырсам бола ма? – деп сұрайды. – Әрине, неге отырмасқа, – дейді бүркіт. Қоян бүркіттің жауабына риза болып, талдың түбінде түк істемей демалып отырады. Осылай отырғанында жанына түлкі келіп, оны жеп қояды. Қоян сияқты түк бітірмей отырғанда қызыл түлкіге жем болып кетпейік!.. Дамылсыз еңбек етіп, кәсібін дамытқандар табан ақы, маңдай тері үшін өз-өздерін қалай құрметтесе де өз еркінде екендігін ұмытпасақ екен.