Саясат

Ақпараттық топ ел аралап жүр

Ақпараттық топ ел аралап жүр

IMG_7304

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында өңірімізде ақпараттық топ құрылған болатын. 15 қаңтарда өз жұмысын бастаған топ Тараз қаласын және аудандарды аралап, жұртшылықпен кездесу өткізуде.

• Тараз

Экологиялық қауіпсіз электркөліктік паркі құрылады

Тараз қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары, Тараз қаласы бойынша ақпараттық топтың жетекшісі Бекболат Орынбековтің төрағалығымен қала активінің жиналысы өтті. Жиында Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет баяндама жасады. Рүстем Рысбайұлы Елбасы Жолдауында айтылған өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің 10 міндетіне тоқталып, төртінші өнеркәсіптік революцияның Тараз қаласын дамытуға серпін беретін мүмкіндіктерін атап өтті. Облыс орталығында 2015 – 2017 жылдар аралығында жалпы сомасы 19,3 миллиард теңгені құрайтын 9 индустриялық жоба іске қосылып, 290 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Биыл жалпы құны 6 миллиард 924 миллион теңгеге жететін 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, 607 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр екен. Сондай-ақ қаладағы кәсіпорындарда цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары қолға алыныпты. Елбасы Жолдауындағы көрініс тапқан көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру тапсырмасы облыс орталығында тиімді жүзеге асырылатынына сенім мол. Себебі, Таразда бұл бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Тараз қаласы тұрғындарының үштен бір бөлігі темір жол желісінің арғы бетінде тұратыны мәлім. Бұған дейін осы екі жақтың арасындағы көлік қатынасы Жібек жолы көшесінде орналасқан жол өткелі арқылы жүргізіліп келген еді. Соңғы жылдары өткелдегі көлік қозғалысының жиілігі 3 есеге өсіп, тұрғындар үшін қаламен қарым-қатынас жасау қиындық орнатып келген. Осы мәселенің шешімін табу үшін былтыр Айша бибі көшесінің аяғында орналасқан жол өткелін жаңғырту жобасы іске асырылғаны белгілі.

Мемлекет басшысы Жолдауда құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа заманауи технологияларды қолдануды міндеттеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, ЭКСПО - 2017 халықаралық көрмесінде ұсынылған технологияларды Тараз қаласында да енгізу жұмыстары жүргізілуде. Әлем елдерінің озық 105 жобасын іске асыру бойынша жол картасы бекітіліпті. «Smart city» жобасы аясында қаламызда алғашқы болып, экологиялық қауіпсіз электркөліктік паркін құру қолға алынып отыр. Биыл 20 электравтобустар іске қосылып, қала аумағында екі бағытта жүргізіле бастамақ. Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кептелісті азайту мақсатында «ақылды бағдаршамдар» қолданысқа енгізілген.

Адами капиталды дамыту бағытында қолға алынған шаралар көп. Тараз қаласында биыл білім беру саласын қаржыландыруға 23 миллиард 36 миллион теңге қарастырылған. Ағымдағы жылы 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Үш тілде оқытуға көшуге әзірлік барысында жалпы 367 мұғалім курсты аяқтап, А2, В1, В2 деңгейінің сертификаттарын иеленген. Шаһар басшысы баяндамасында осыған тоқталды. Әр сала бойынша атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті. Жарыссөзге шығып, сөз сөйлеген «Тараз Кожобувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға зор ынтамен кірісетіндіктерін айтып өтті. Жиынды Бекболат Орынбеков қорытындылады.

• Шу

Жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Әлемдегі қалыптасқан ахуалға байланысты туындайтын алдағы сын-қатерлерден шығу жолдары мен елдің экономикасын дамытуға бағытталған шаралар биылғы басты құжатта айқындалған он міндетте нақты көрсетілген. Жолдаудағы осы негізгі міндеттер қалай жүзеге асырылады? Осыны тұрғындар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өңірімізде құрылған ақпараттық топты бастап келген облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова мен облыс әкімі аппаратының агроөнеркәсіп кешені мониторингін дамыту бөлімінің басшысы Дулат Оспанов алдымен аудан активімен кездесу өткізді. «Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орын алады. Өйткені бұл құжат тікелей ел өміріне, қоғамның дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Сондықтан біз Елбасы Жолдауында нақтыланған міндеттердің орындалу барысын тұрғындарға кеңінен насихаттауымыз керек. Облыстық ақпараттық-насихаттық топ бастаған үрдіс аудан көлемінде әрі қарай жалғасады», – деді аудан әкімі Қайрат Досаев Мәдениет үйінде өткен актив жиынында. Жиында баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова Жолдауда көрсетілген он негізгі міндетке кеңінен тоқталып, алдағы жоспарларды саралады. – Облыста кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 568 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар жүзеге асқанда өңірімізде 6 мың жұмыс орны ашылады. Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығында Шу ауданында жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын 2 жоба және 5,7 миллион АҚШ долларын құрайтын 1 жоба іске асырылды. Бұл бағдарламаның екінші бесжылдығында ауданда құны 72,6 миллиард теңгеге жеткен төрт инвестициялық жоба және жалпы құны 112 миллион АҚШ долларын құрайтын үш жоба, яғни барлығы жеті жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Жобалар толық жүзеге асқанда аудан бойынша 614 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады, – деді басқарма басшысы. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы жарыссөзге шығып, Жолдауда көрсетілген үшінші бағытқа яғни «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігіне тоқталып, аудандағы ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан жаңашылдықтарды сөз етсе, аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова білім беру саласындағы жаңа технологиялар жайын тілге тиек етті.

• Мойынқұм

Түсіндіру жұмыстары төрт бағытта жүргізілді

Топ жетекшісі, облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов бастаған облыстық ақпараттық топ мүшелері Мойынқұм ауданында Елбасы Жолдауындағы он негізгі міндеттің жүзеге асырылу барысын түсіндіру жұмыстарын төрт бағытта жүргізді. Облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыстық мәслихат аппаратының басшысы Біржан Күзембеков аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активімен кездессе, екінші топта – облыстық экология департаментінің басшысы Қанатбек Қайшыбекұлы, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов Қылышбай ауылындағы Әлтай Төлепбергенов атындағы орта мектептің мәжіліс залында жиын өткізді. Ал Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің проректоры Санат Әшірбеков, облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, облыстық мемлекеттік архивінің директоры Қалдыкүл Башенова Құмөзек ауылындағы ауылдық клубта, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ермекбай Серікбаев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Биология», ауыл шаруашылық мамандықтар, география және туризм кафедрасының доценті міндетін атқарушы Абдуллин Керімжанұлы Қарабөгет ауылының тұрғындарымен жүздесіп, Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді түсіндірді. Актив жиынын аудан әкімі Бақытжан Нұркенов ашып жүргізіп отырды. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған 10 міндетке қысқаша тоқталып, осы бағытта атқарылатын жұмыстарды баяндады. Жиында М.Жұмабаев атындағы орта мектебі, тарих пәнінің мұғалімі Гүлзария Сәрсенбаева жарыссөзге шығып, білім саласындағы жаңашылдықтар туралы айтып өтті. Жолдау жүктеген міндеттер туралы аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Нүркен Манатбекұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев сөз сөйлеп, пікір білдірді.

• Талас

Кешенде өндіріс үдерісін бақылау автоматтандырылған

Күн құрғатпай жауған ақ қар тізеге жетіп, тұрғындарды әбігерге салғанмен, әбіржіп жатқан ешкім жоқ. Әсіресе «Қазфосфат» ЖШС-на қарасты «Шола қтау» тау-кен кешенінің жұмысшы-қызметкерлерінің көңілдері тоқ. Олар Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы міндеттер толық жүзеге асырылып, өндірісті өркендететініне сенімді. «Нұр Отан» партиясы Талас аудандық филиалының «Шолақтау» бастауыш партия ұйымының Жолдаудан туындаған тапсырмаларды іске асыру барысын түсіндіру мақсатында кеніштің мәжіліс залында өткізген жиында жұмысшылар осыны айтты. Кеншілердің жиналысында сөз алған облыстық ақпараттық топтың жетекшісі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Шүкеев Жолдаудың ел тарихындағы орны ерекше екендігіне тоқталды. Жолдау әсіресе химия саласының қызметкерлеріне серпін беретінін айтып өтті. Жиында бастауыш партия ұйымының төрағасы Қ.Бидайбеков баяндама жасап, Елбасы міндеттеген 10 тапсырма жөнінде екшеп айтып, өнеркәсіпке жаңа технологияларды енгізуге ерекше мән беріліп отырғанына тоқталды. Сол арқылы өнеркәсіпте өндіріс процестерін цифрландыру мен заманауи бизнес-моделдерді игеру арқылы еңбек өнімділігін арттыру көзделетінін сөз етті. «Шолақтау» тау-кен кешенінде бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылдан басталған еді. Соның арқасында өнімділікті арттыру, қайта өңдеу технологиясы тереңдеп, энергияны үнемдеуге және өндірістің экологиясын жақсартуға мүмкіндік туып отыр. Жиында жарыссөзге шыққан өндіріс басшысы Қ.Омаров осыны айтты. Оның сөзіне сүйенсек, өткен жылы кеніште сандық технология құрылғылары орнатылып, жұмыс процесін бақылау автоматтандырылған. Жиналыста сөз алған құрылыс жөніндегі инженер Б.Сұлтанбеков кен орнында жаңа мамандықтар бойынша жастарды оқыту қолға алынып жатқанын әңгімеледі.

Есет Досалы, Ерғали ҚАРТАЙҒАН, Уалихан ЖАЙЛАУ, Сәулембай Әбсадықұлы