Жаһан

Үкімет азық-түлік өнеркәсібін дамытуға 100 млрд. теңге бөледі

Үкімет азық-түлік өнеркәсібін дамытуға 100 млрд. теңге бөледі

Экономикаға қаржылай қолдау көрсету үшін Ұлттық қордан бөлінетін 1 трлн. теңгенің алғашқы 100 млрд. теңгесі азық-түлік өнеркәсібін дамытуға бағытталады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті. «Ұлттық қордан бөлініп, «Бәйтерек» қоры арқылы өткен алғашқы 100  млрд. теңге қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер арқылы нақты іске асырылуда. Бұл кезеңде біз азық-түлік өңдеу өнеркәсібін дамытуға баса назар аудардық» , - деді Үкімет басшысы. Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, жыл сайын Қазақстан шамамен 3 млрд. доллардың азық-түлік өнімдерін сырттан тасымалдап отыр. «Яғни, біз ішкі нарықтың өзінен қарапайым болғанымен біздер үшін экономиканың маңызды секторы болатын саланы байқап отырмыз. Біз оны дамыта алар едік», - деді К.Мәсімов. Премьер-Министр өз сөзінде республика экономикасына экономикалық қолдау көрсету үшін Мемлекет басшысы теңдессіз шара қабылдап, Ұлттық қордан  1 трлн. теңге бөлуге тапсырма бергенін атап өтті. «Бұл қаржы бірінші кезекте өңдеу өнеркәсібін қолдауға, оны дамытуға және осы салаға шетел инвестициясын тартуға бағытталатын болады», - деді К.Мәсімов. Ақпарат көзі: www.kazinform.kz