Өзін-өзі емдеген өкінуі мүмкін
Өзін-өзі емдеген өкінуі мүмкін
Соңғы жылдарда климаттың күрт жылынуының әсерінен оңтүстік аймақтарда қыс кеш түсетін болған. Әр мезгіл өз уақытында келгені жақсы ғой. Жер қара, күн жылыда шаң-тозаң көтеріліп, жұқпалы аурулардың вирустары кең таралатыны белгілі. Содан ба, қараша-желтоқсан айларынан бастап, жіті респираторлық инфекция белең алып кетеді. Ал мұндайда жиі-жиі түшкіріп, басы ауырса да, суық тиіп, балтыры сыздаса да тұмау тиді деп, өз-өзіне диагноз қоятын жұртшылықтың жұқпалы дертті емдеуге жеңіл-желпі қарайтыны бар. Соның салдарынан ауру асқынып, сырқат өршіп кетіп жатады.
Тұмаудың алдын алу үшін өткен жылы қазан–желтоқсан айларында қауіп-қатер топтарындағы 130 мыңнан астам адамға уақтылы тұмауға қарсы вакцинация егудің әсері шығар, қазір облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Күнделікті жүргізіліп отыратын мониторингке сүйенсек, ағымдағы эпидмаусымда, яғни 2017 жылдың 1 қазанынан бүгінге дейін жіті респираторлы вирусты инфекциялармен 7 мыңнан астам адам ауырған, тұмау жағдайлары тіркелмепті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, жіті респираторлы вирусты инфекциялардың таралуы, яғни аурушаңдық былтырғы кезеңмен салыстырғанда 25 пайызға, көп жылдық бақылау көрсеткіштерінен 2 есе төмендеген. Дегенмен осы айда апта сайын инфекция жұқтырған 400-ден астам науқас тіркелуде дейді мамандар. Олардың 73 пайызы – 14 жасқа дейінгі, 13 пайызы – 1 жасқа дейінгі балалар, 5 пайызы жүкті әйелдер екен. Сала мамандарының алаңдауына негіз де жоқ емес. Жуырда ғана орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин ақпан, наурыз, сәуір айларында тұмау өршіп кетуі мүмкін екенін айтқан болатын. Еліміздің бас санитарлық дәрігері оның себебін осы мезгілде ағза иммунитетінің төмендеуімен, витамин, минералды заттар қорының азаюымен, ағзаның әлсіреуімен байланыстырады. Міне, сондықтан, медицина қызметкерлері жіті респираторлы вирусты инфекциялармен ауырған науқастардан алынған сынамаларда тұмау вирусы бар-жоғын анықтау үшін сараптама жасауда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Ұлттық сараптама орталығының вирусологиялық зертханасында жүргізілген зерттеулерінің нәтижесінде тұмау вирусы анықталмағанын, тұрғындар арасында тұмау емес вирустардың айналымы – парагрипп вирусы, риновирус және короновирус анықталғанын мәлімдеп отыр. Жалпы, салыстырмалы түрде өңірде жіті респираторлық вирустық инфекциясы бойынша қазіргі уақытта эпидемиялогиялық жағдай қалыпты. Дерекке сүйенсек, 2012 – 2013 жылдары Қазақстанда 69 адам асқынған тұмаудың салдарынан көз жұмған. Былтыр 9 адам жұқпалы дерттің құрбаны болған. Ал 2017 жылдың қазан айынан бері 5 адам жұрт жеңіл ауру санайтын сырқаттан сауығып, қатарға қосыла алмаған. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің брифингте келтірген мәліметі. Бас санитарлық дәрігер: «Тұмаудан қорғанудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. Ал респираторлық ауруларға салғырт қарап, өзін-өзі емдеуге болмайды», – дейді. Комитет төрағасы тұмаудың өршуінің алдын алу үшін қосымша екпе алынғанын мәлімдеді. Оқушыларға екпе жасауға бағытталатын қосымша 200 мың дозаның 68 пайызы ЖРВИ-ға, 30 пайызы тұмауға қарсы. Иә, ауырып, ем іздегеннен, ауырмаудың жолын іздеудің тиімділігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сол себепті Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек», – деп атап көрсетті. Расында тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу пайдалырақ. Сондықтан облыстың денсаулық сақтау саласының мамандары жіті респираторлы вирусты инфекциясының таралуы және тұмаумен сырқаттанушылық пен тұмау вирусының айналымына күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Қазіргі кезде өңірдің барлық медициналық ұйымдары жұмыстың күшейтілген тәртібіне көшіріліп, барлық қажет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Вирусқа қарсы препараттардың бәрі бар.
Ардақ Үсейінова