Сербиядағы кезекті жеңіс
Сербиядағы кезекті жеңіс
Сербияның Сомборе қаласында жалауы желбіреген халықаралық «Ұлттар кубогі» додасына қазақстандық боксшы арулар да аттанған болатын. Вадим Присяжнюк жаттықтыратын ұлттық құраманың жүрегі нәзік, жұдырығы жойқын қыздары аталмыш додада атой салып, жанкүйерлерді қуантты. Бәсі жоғары аламанда ұлттық құраманың боксшылары алты бірдей алтын жүлдені және бес күміс медальді қоржынымызға салып, қазақ боксының әлеуетін халықаралық деңгейде тағы бір мәрте әйгілеп қайтты. Бұл сында әлем чемпиондары Дина Жоламан, Ләззат Күнгейбаева сынды мықтыларымыз да өзге спортшыларымыз секілді қарсылас шақ келтірмегенін айта кеткен жөн. Дәстүрлі түрде өткізілетін осынау жарысты қазақстандық боксшылар бұған дейін үш мәрте ұтып алған болатын. Командалық есепте қарсыластарына дес бермей жүрген аруларымыз осы жылы байрақты додада төртінші мәрте топ жарып, шын мықтыға тұсау жоқ екенін кезекті мәрте дәлелдеді. Осылайша, қазақстандық боксшы қыздар енді жеңімпаздар арасында көш тізгінін қолға алып отыр. Сербиядағы дәстүрлі доданы ресейлік арулар үш рет жеңгенін көзі қарақты жанкүйерлер жақсы біледі.
Табиғат АБАИЛДАЕВ