Әлеумет

Елордамен аттас шағын аудан

Елордамен аттас шағын аудан

Ежелгі де жаңарған Тараз қаласы жыл өткен сайын жасарып, құлпыра түсуде. 2000 жылдығын тойлайтын жылы тоты құстай таранған шаһар одан кейінгі кезде де өсу-өркендеумен келеді. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында да облыс орталығы одан сайын көркейіп, көріктенді.

Бүгінде аумағы жыл сайын ұлғайып, қаланың орталығына айналып келе жатқан бос аумақта 2005 – 2016 жылдары салынған жаңа шағын ауданға «Астана» атауы беріліп, жаңа мекен тараздықтардың көз қуанышына айналды. Жаңа шағын ауданнан 31 көп қабатты тұрғын үй бой көтерген, оның 28-і – бес, 3-еуі – тоғыз қабатты. Жүздеген қалалықтар «Астанадағы» заманауи үлгіде салынған осы көп қабатты тұрғын үйлерде қоныс тойын жасады. Қазір олар «біз Астанада тұрамыз» дегенді мақтанышпен айтады. Мұндағы жаңа үлгідегі 280 орындық балабақша да бүлдіршіндердің шаттық мекеніне айналған. 1029 орындық №53 Қаратай Тұрысов атындағы орта мектеп – еліміздің ертеңі жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жатқан қаладағы іргелі білім ошақтарының бірі. Мемлекет басшысы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында білім берудің жаңа сапасына кеңінен тоқталып өткені мәлім. Биылғы жылдың бас құжатына айналып үлгерген Жолдауда: «...Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады» деп нақты міндет қойды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, білім ошағында барлық жағдай жасалған. 70 оқу бөлмесі, сондай-ақ 2 компьютер сыныбы, 4 лингафон кабинеті, 300 орындық акт залы, 2 ағаш және темір өңдеу шеберханалары, тігін, техникалық модельдеу, аспаздық, 4 медицина кабинеттері, үлкен және кіші спорт залдары, кітапхана, кітапхананың ақпарат орталығы, оқу залы бар. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау барысында қала тұрғындарының игілігіне Атырау облысы осы шағын ауданға арнайы демалыс скверін тарту етті. Гүлзар аумағында субұрқақ, екі барельеф орнатылған. Қазір бұл аумақтан кісі қарасы үзілмейді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Төле би көшесінің келбетін көркейтуге байланысты «Визарт НТ» ЖШС құрылысын жүргізген «Гүлденген Қазақстан» атты монументалды-архитектуралық кешені «Астананың» ажарын одан сайын аша түсті. Монумент триумфалды арка пішінде жоспарланған. Архитектуралық монументтің жарқын келбеті – бұл композицияның басты символы. Қазақ халқының ежелгі тарихы түрік сақтарынан бастау алған. Шығыста арка мәңгілік махаббат пен бақыттың символы болып келеді, шаңырақ – мемлекеттің түп негізі отбасының бейнесі, сегіз бұрышты жұлдыз Қазақстанның болашаққа бастар жолы іспетті жобаның мағынасын аша түскен. Биіктігі 15,8, көлемі 3,5 метр келетін «Гүлденген Қазақстан» – суретші-монументші Аманат Назарқұловтың, сәулетшілер Асқар Рыспаевтың, Ілияс Бекежанов және Жүсіп Суанбектің тынымсыз ізденістерінің, мол тәжірибелерінің арқасында келген тәуелсіз Қазақстанды бейнелеп тұрған қаладағы бірегей сәулет туындысы. Елорда атын иеленген шағын аудан алдағы уақытта да атына заты сай болып, көркейе береді. Гүлбахрам ДҮЙСЕКОВА, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы