- Advertisement -

Стойлов «Астананы» жаңа жеңістерге бастамақ

96

- Advertisement -

Бұған дейін «Мен «Астана» футбол клубынан кетемін. Келісімшартымның мерзімі аяқталды» деп мәлімдеме жасаған «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов қазақстандық командамен келісімшартын ұзартты.
Болгариялық бапкер «Астана» футбол клубымен біраз биіктерді бағындырды. Ол алдымен Еуропа чемпиондар лигасында «Астананың» жасындай жарқырауына көмектесті. Қазақстандық команда болгарялық маманның біліктілігінің арқасында тұңғыш рет аталмыш доданың топтық кезеңіне жолдама алды. Ал ағымдағы маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңінде тамаша ойын өрнегін көрсеткен Стойловтың командасы алғаш рет еурокубоктық додалардың топтық кезеңінен іркілмей өткені белгілі. Енді елордалық клуб плей-офф кезеңінде Португалияның «Спортингіне» қарсы жасыл алаңға шығатыны аян.
Жауапты кездесу алдында «Астана» басшылығы Стойловпен келісімшартты ұзартып, жанкүйерлерді қуантып тастады. «Жаңа келісімшарт туралы ойлаған сәтте «Астана» футбол клубы ешқашан ойымнан кеткен емес. Шынымды айтсам, батыс Еуропа елдерінен маған ешқандай ұсыныс түскен де жоқ. Әйткенмен елордалық клуб мені қайтадан шақырады деген ой болмады. Бәрі де аяқ астынан орын алды. Мен өте қуаныштымын. Бұл командамен Еуропада біраз белестерді бағындырдық. Жарқын жетістіктерге жеттік. Алда әлі талай жұмыстар күтіп тұр» дейді бапкер өз сөзінде.
Білікті бапкер «Астананың» Еуропа лигасының 1\16 кезеңіндегі мүмкіндігі туралы да ой қозғап жүр. «Аталмыш кездесу өте тартысты өтеді деген сенімдемін. Әрине «Спортингтің» жеңіске жететін мүмкіндігі мол. Себебі олардың ішкі чемпионаттары орта шеніне тақап қалды. Ол аз десеңіз, қарсыластарымыздың құрамы да біздікінен гөрі мықтырақ. Ойыншылардың шеберлігі де рөл ойнайды. Бізде негізгі құрамның екі-үш футболшысы командамен қош айтысуы ықтимал. Дегенмен футболда алмастырылмайтын ойыншы болмайды. Сондықтан біз соңына дейін шайқасатын боламыз», деп өз пікірін білдірген Станимир Стойлов ақпандағы айқастарда жеңіс тойын тойлауға барынша тырысып көруге ниетті екендігін білдірді.
Иә, Стойлов жаттықтырғалы бері Еуропаны дүр сілкіндіріп, ел біріншілігінде төрт мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізген «Астана» футболшылары енді португалиялық команданы айналып өтіп, тағы бір сенсация жасаса дейміз. Әрине мүмкіндік аз, әйткенмен үміт оты ешқашан сөнбейді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support