- Advertisement -

Қала… Көше… Тағдырлар…

121

- Advertisement -

IMG_2521 IMG_2489 IMG_2487 IMG_2471 IMG_2319 IMG_4261 2P8A9212

Құрметті оқырман, газетіміздің «Ақәділдің объективі» атты жаңа айдары  өздеріңізге жол тартып отыр. Бұл айдарда фототілшіміз Ақәділ Рысмаханның нысанасына ілінген фотосуреттер арқылы өңіріміздің тыныс-тіршілігінен, өндіріс орындарының, мекемелер мен оқу ордаларының және әртүрлі орталардың жұмысы барысынан, қимыл-қозғалысынан сыр шертіп, баяндайтын боламыз. Айдардың алғашқы шығарылымында облыс орталығы – Тараз қаласының тынысы, ондағы күнделікті күйбең тіршіліктің  көріністерін беруді ләзім деп білдік.

…Біз байқамағанымызбен, айналамыз түрлі қызықты көріністерге, салмақты сюжеттерге тіпті тағдырлы картиналарға толы. Иә, күнделікті ой үстінде, күйбең тірліктің қым-қуыт шаруаларымен жүргенде мойнымыз көпке жар бермейтіні рас. Алайда бір сәт аялдап,жан-жағымызға көкірек көзімен зер сала алсақ, талайды түйсініп, біразды байқайтын едік. Жарты күндік қала ішілік сапарымызда біздің жанымызды жадыратып, санамызды сан-саққа жүгірткен қилы көріністердің куәсі болдық.

Қысқы қаланың келбеті жаңа жауған аппақ қармен тіпті ажарланып, таңғажайып кейіпке ене түскендей. Ары-бері ағылған адамдардың ішкі жан дүниесіне тереңдей үңіле алмағанымызбен, олардың сыртқы бейнесінен, түр-әлпетінен көңіл-күйлерінің тамырын тап басу соншалықты қиын да емес сияқты… Әрқайсысының көңіл түкпірінде кез келгенге ашылмас сыр сандық бар десек те, тынымсыз тіршіліктің қамымен бәрі бір өмір атты ұршықтың жібін иіруде… Оңды-солды жолдармен жүйткіген көліктер де бейне бір қала тынысына қан жүгіртіп отырған тамырлардай елестейді.
Жұмыстан қайтқан қызметкерлер, әлдебір жаққа асыққан тұрғындар, сәбиін жетектеген ана, саудасын қыздырған сатушы, ас-ауқатын түгендеген тұтынушылар, жауын-шашында бір тынбайтын, қолынан күрегі түспейтін жол тазалаушылар… бәрі-бәрі өз өмір-шығармаларының басты кейіпкерлері. Дауылдатқан бораны, үскірік аязы болмаса да, қыздың алма бетін қызартатын ызғардан бірі ығып бүркене түссе, енді бірі оны мүлде елемейтіндей. Енді бірінің жүзінен салмақты ойдың сызаты сезілсе, келесісінің көзінде сенім мен үміт оты ұшқындайды. Бәрінен де бізді сүйсіндіргені – жаны таза, ойы пәк балалардың қыс қызығына беріліп, ойынға тоймай жүргені. Суықты да, сызды да елең қылмайтын сырғанақ тепкен балғындарға қарап, біз де еріксіз езу тарттық… Мұның барлығын да «Ақәділдің объективі» айдарының бүгінгі алғашқы шығарылымындағы фотосуреттерден тамашалай аласыз.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support