Саясат

Дамудың даңғыл жолдарын айқындаған құжат

Дамудың даңғыл жолдарын айқындаған құжат

Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын мұқият оқып, танысып шықтым.

Елбасы әдеттегідей бүгінгі таңда орын алып жатқан жаһандық өзгерістерді пайым-парасатпен зерделеп, әлемде қандай өзгерістер болуы ықтималдығын тереңінен болжапты. Негізгі он бағытты қамтыған Президент Жолдауы барлық саланың даму үдерісін заманауи ағыммен ұштастыруды көздейді. Елбасы Жолдауының жетінші тармағында көрсетілген адами капиталдың жаңғыру негізіндегі білім берудің жаңа сапасын қалыптастыру көптің көкейіндегіні тап басты деуге болады. «Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек. Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет. Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деп атап өткен Елбасы мемлекеттің алдағы мақсаттарын анық түсіндіреді. Шынында да сапалы білім саласын ілгерілетудің алғы шарты ретінде шетелдік менеджерлерді шақырғаннан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз ақиқат. Бұл – уақыт талабы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдаудың оныншы тармағында «Ақылды қалалар» «Ақылды ұлт» үшін жобасын атап өтіп: «Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды. Сондықтан Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады», – деп келешекте қалалардың мүмкіндігін арттыру қажеттігін еске салды. Жалпы Елбасы Жолдауында көрсетілген барлық он бағыт бүгінгі күннің талабымен үндес болып отырғаны көңіл қуантады. Денсаулық сақтау, білім беру салаларында қолға алынатын жаңа үрдістердің ел үшін берері көп. Енді бізді Президент жариялаған басты құжаттағы тапсырмаларды тиянақты жүзеге асырып, жаңарудың, жаңғырудың, экономикалық өрлеудің жаңа сатыларын бағындыру межесі күтіп тұр. Бірлескен жерде береке болатынын ескерсек, еліміздің гүлденуі әрмен қарай жалғасатыны сөзсіз. Өйткені, тату елдің тасы өрге домалайды. Жұдырықтай жұмылған елдің алмайтын асуы жоқ.

Ғани Садырбаев, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры