SMART-оқытуда пәндерді біріктірген жүйе керек
SMART-оқытуда пәндерді біріктірген жүйе керек
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында жеткен жетістіктерімізге сараптау жасап, бағындырар жаңа биіктердің межесін белгілейді. Соның ішіндегі қазіргі жаңғыру кезеңінің жаңа міндеттері – «Цифрлы Қазақстан», «Латын қарпіне көшу» бағдарламалары, «Үш тілді білім беру» үдерісіне. Бұл өз кезегінде жастарға жаңа сапалық деңгейде білім беріп, әлемдік бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға жол ашатыны анық. Бұл ретте «IT Қазақстан» шеңберіндегі білім берудің жаңа бағдары – SMART-оқытудың маңызы ерекше.
«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп Елбасы білім беру үдерісіне инновацияны кеңінен енгізуге жол ашып берді. Бүгінде дарынды ер балаларға арналған мектеп-интернаттың SMART-білім беруге лайық жабдықталуы – осындай қолдаудың нәтижесі. Мектеп-интернат педагогтері жаңа технологияны толық меңгерген. Оқыту барлық пәндер компьютерді, планшеттерді, проекторларды, интерактивті тақталарды, смартфондарды ұтымды пайдалану арқылы жүргізіледі. Нәтижесінде мектеп-интернатта құзыреттілігі дамыған зияткер оқушы моделі қалыптасуда. Биылғы Жолдауында да Елбасы «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп атап көрсетті. «Цифрлық Қазақстан» жүйесіне көшу барысында оқытуда әлемдік білім берудің басты трендтерінің бірі – STEM-ді енгізу аса маңызды. STEM – ғылым, технологиялар, инженерия, өнер және математика тәрізді пәндерді біріктірген жүйе. Сондықтан, білім кеңістігіне «Робототехника негіздері» бөлімі қажет. Оқушылардың жобалық құзыреттілік пен модельдеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында мектепте «ROBO Clab» клубы жұмыс істейді. 2016-2017 оқу жылында робототехника бойынша оқушыларымыз, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, барлығы 12 жүлделі орынға ие болды. Бұл – Елбасының болашаққа жасаған қадамының, балалардың мүмкіндіктеріне және заманауи бағытта дамуға жол ашуының жемісі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы білім саласына ерекше мән беріп, балғындар бойындағы талантты әрі қарай ұштап, қолдау көрсету мақсатында республика көлемінде дарынды балаларға арналған мектептер ашуды тапсырған еді. Елбасы осылайша талапшыл жастарға қамқорлық жасаған болатын. Сол дарынды балаларға арналған білім ошақтарының бірі – «Білім-Инновация» мектебі. Бүгінде білім беру үдерісіндегі жастардың білім кеңістігінде еркін шарықтауына, қабілет-қарымын көрсетуіне мүмкіндік беретін оңтайлы жол үштілді оқыту болса, бұл жүйе бізде мектеп-интернат ашылғалы бері, 1993 жылдан бастап, тәжірибеге енгізілген. Соның арқасында ол республикадағы таңдаулы білім мекемелерінің біріне айналып отыр. Мектебіміздің 9 жыл қатарынан «Үздік олимпиадалық мектеп» және «Үздік олимпиадалық команда» атануы – соның дәлелі. Мектеп-интернатта дарынды оқушымен жұмыс дұрыс жолға қойылған. Ұстаздарымыз бала бойындағы зияткерлік дағдысын, ғылыми-зерттеу машықтарын меңгеру, инженерлік тұрғыдан ойлау, құрастырушылық қабілеті мен бағдарламалау дағдыларын қалыптастыруға ұмтылудың арқасында өз еңбектерінің жемісін көруде. Оқушыларымыздың пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына белсене қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуі – соның жемісі. Атап айтсақ, соңғы 3 жылдың ішінде шәкірттеріміз облыстық олимпиадада – 119, облыстық, республикалық ғылыми жоба жарыстарында – 21, республикалық олимпиадада – 68, халықаралық олимпиадаларда – 48, халықаралық ғылыми жоба жарыстарында – 17, дүниежүзілік олимпиадаларда – 9, Президенттік олимпиадада – 1, барлығы 283 жүлделі орынға ие болған. Білім додаларының ішінде дүниежүзілік олимпиадалар туралы ерекше айтуға болады. Оқушыларымыз математика, физика, химия, биология пәндерінен өтетін ІMО, IPHO, ICHO, IBO олимпиадаларына жыл сайын қатысуда. Мектебіміздің ұландары АҚШ, Швейцария, Дания, Индонезия, Сингапур, Вьетнам, Оңтүстік Африка, Ресей, Эстония мемлекеттерінде өткен дүниежүзілік олимпиадаларда қазақстандық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдеп, әрдайым жеңіс тұғырынан көрінуде. Дарынды түлектеріміз бүгінде еліміздегі және шетелдегі таңдаулы оқу орындарында білім алуда. 2009-2017 жылдар аралығында біздің 104 түлегіміз Назарбаев Университетінің студенттері атанды. Ағылшын тілін еркін меңгерудің арқасында шәкірттеріміз TOEFL, IELTS, SAT емтихандарын тапсырып, «Болашақ» бағдарламасы бойынша конкурстық іріктеуден қиналмай өтіп жүр. Мәселен, мектеп-интернат ашылғалы бері 136 түлек шетелде білім алса, оның 31-і – «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған түлектер. Түлектеріміз АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, ҚХР, Малайзия, Сингапур, БАӘ, Түркия, Германия, Ұлыбритания, Чехия, Венгрия, Кипр, Ресей, Украинада білім алған, әлі де оқып жатқандар бар. Ұстаздарымыздың еңбегі мен шәкірттеріміздің жетістіктерінің арқасында 2017 жылы 24 қарашада біздің мектеп-интернатымыз қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының шешімімен «ЮНЕСКО Клубы» мәртебесіне ие болды. Бұл – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Біз Елбасымыздың дарынды балаларға, оларға білім беруші ұстаздарға деген сенімін ақтауымыз керек. Оқушылардың білім додаларында жеткен жетістіктерінде мектеп-интернаттың педагогикалық ұжымының қосқан үлесі көп. Солардың қатарында бірнеше дүркін әлемдік чемпиондарды дайындаған талантты ұстаз, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Эрбен Өзканды, 2017 жылы Білім және ғылым министрлігінің конкурстық комиссиясының шешімімен «2017 жылдың үздік педагогі» атанған физика пәнінің мұғалімі Ержан Жұмаділовті, химик Нұрсұлтан Рысқұловты, информатик Элдар Жұмаділлаевты атап өтуге болады. Қазір қазақ елі Елбасының бастауымен өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алды. Осы жолда баршамыз талмай еңбек етуіміз керек. Қазақстандықтар сол бағытты берік ұстанып, болашаққа сеніммен қарайды. Себебі алдында сенімді Көшбасшысы бар.
Ахмет Гази Чолак, облыстық дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-интернатының директоры