Саясат

Мехатроника – екі мемлекеттің дипломына қол жеткізеді

Мехатроника – екі мемлекеттің дипломына қол жеткізеді

Махметғали Сарыбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры:

– Облыс педа­гог­­тері әр жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы жарияланғанда ең алдымен білім саласына қатысты не айтылар екен, Президент қандай жаңа стратегиялық бағыт-бағдар қабылдайды екен деп асыға күтеді. 2017 жылғы мәлімет бойынша 186 мемлекеттің ішінде адам дамуының индексі жөнінен Қазақстан 56-орынды иеленген. Адами капиталдың сапасы білім беру сапасына тікелей байланысты. Сондықтан жоғары білім беру жүйесінде ақпараттық технология бойынша білім алатын түлектер санын көбейту қажет. Әлем соңғы он жылдықта цифрлы технологияға негізделген жаңа типтегі экономикаға көшуде. Қазіргі уақытта ақпараттық технология мен цифрлық трансформация бәсекеге қабілеттілік пен технологиялық өзгерістің негізгі факторы болып табылады. Бүгінде заман көшімен тыныстаған университетімізде тың жобалар мен жетістіктер жетерлік. Атап айтар болсам, «Цифрлық университет» тұғырнамасына көшу М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бастамасымен қолға алынған болатын. Қазіргі таңда білім ордасы «Браванса» политехникалық институтымен ақпараттық жөндеу мамандығы бойынша бірлескен видеомагистрлік бағдарламасын әзірлеуді табысты аяқтады. Біздің университетте әзірге Қазақстанда жоқ, электротехника, механика, ақпараттық технологияны біріктіретін мехатроника мамандығы оқытылуда. Бұл мамандық бойынша студенттер алғашқы екі жылда ТарМУ-да білім алып, ал соңғы екі жылында оқуын Польша Республикасындағы «Нюрен» политехникалық университетінде жалғастырады. Сосын студент екі мемлекеттің де дипломын алады. Қазіргі уақытта университет, сондай-ақ Швеция, Финляндия, Италия, Испания, Польша, Франция университеттерімен «Erasmus+» жобасына қатысып, жұмыс істеуде. Тағы бір тоқталып өтер мәселе, Елбасының үш тілде білім беру тапсырмасы бағытында да университет жүйелі жұмыс жасап келеді. Оқу орнында 15 мамандық бойынша студенттер көптілді академия топтарында білім алуда. Мысалы, студент қазақ тобында оқыса, пәндердің 50 пайызы қазақ тілінде, 30 пайызы ағылшын, 20 пайызы орыс тілінде өтеді. Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдауын басты бағдаршамымыз ете отырып, осы қарқынмен жұмыс жасай беретіндігімізге сендіргім келеді.