Экономика

«Қаратау алыбының» қарышты қадамы

«Қаратау алыбының» қарышты қадамы

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен жан-жақты танысқан «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің ұжымы жұмысқа қызу серпінмен кірісті. Жолдауда «Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет. Бұлар, бірінші кезекте, технологиялардың транссфертін ынталандыруға тиіс. Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек» деп атап көрсетілген.

Минералды тыңайтқыш өндірісі үшін фосфор ұны мен сары фосфор шығаруға қажетті ұсақталған фосфор кенін шығаратын кәсіпорынға қарасты «Көксу», «Көкжон», «Жаңатас», «Дөңгелек» және «Тоғызбай» кен орындарында алдағы төрт жылда өндіріс көлемі біршама ұлғаяды деп күтілуде. – Қатарымызға жаңа өндіріс орындарының қосылып жатқаны химия саласының келешегі зор екендігін көрсетеді. Заман талабына сай өндірісті жаңа технологиялармен жабдықтай отырып, цифрлық жүйені енгізе бастадық. Бұл Елбасының Жолдауынан туындайтын маңызды да кешенді міндет, – дейді «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Сәрсенов. Оның айтуынша, алдағы уақытта тау-кен өнеркәсібіне қажет техникалары мен құрылғыларын алу мақсатындағы инвестиция көлемі де артпақ. Сонымен қатар, 2016 жылмен салыстырғанда 2021 жылы тау жынысын шығару – 249,2, кен өндіру – 190,4, ФКТ-11 өнімі – 346,7, фосфор ұнын өндіру 306,5 пайызға өседі деп жоспарланып отыр екен. «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені бойынша бүгінде 5 кен орны жұмыс істейді. 2021 жылға қарай олардағы жұмысшы саны 1552 адамнан 2000-ға дейін артады, ал орташа айлық жалақы 100 517 теңгеден 135 000 теңгеге дейін өседі деп күтілуде. Кешенде жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту басты міндеттердің бірі саналады. Бір ауысымда 60 адамға қызмет көрсететін емдеу-сауықтыру кешені мен «Жұлдыз» балаларды сауықтыру орталығы кәсіпорындағы барлық мамандарға және олардың балаларына қызмет көрсетеді. 2017 жылы «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде 1030 жұмысшы-қызметкер мен «Жұлдыз» балаларды сауықтыру лагерінде 872 бала демалды. Жалпы, кәсіпорын мамандарды даярлауды, жас мамандарға тәлімгерлер бекітуді жүйелі жолға қойған. 2017 жылдан бастап барлық өтініш білдірушілерге жұмысшы біліктіліктері бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім алуға мүмкіндік берілді. Бұл – жастарға мектептің жоғары сатысында бірінші жұмысшы біліктілігін тегін үйреніп, қосалқы құзыреттер алдық, үздіксіз кәсіптік даярлықтың таптырмас жолы. Кешен басшысы Мұратқали Сәрсеновтің негізгі ұстанымы – өндіріс саласына қажетті мамандарды жергілікті тұрғындар арасынан даярлау. Кәсіпорынның Жаңатас көпсалалы колледжімен бірге аймақтық еңбек нарығының жоғары білікті мамандарға сұранысын өтеу, білікті жұмысшы кадрларды бірлесе даярлау мақсатында әртүрлі іс-шараларды қолға алып отырғаны да, сондықтан. Колледжде 2007 жылдан бері «Тау-кен электромеханикалық жабдықтарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Маркшейдерлік іс», «Кен орындарындағы пайдалы қазбаларды ашық түрде қазу» мамандықтары оқытылуда. Әлеуметтік серіктес ретінде Жаңатас көпсалалы колледжімен арадағы келісімшарт та жыл сайын жаңартылып отырады. Аталған оқу орнымен жұмыс беруші тараптар арасындағы келісімге сәйкес негізгі өндірістік тәжірибеден өту, мемлекеттік тапсырыс бойынша түлектер қабылдау, дуальды оқыту жүйесін дамыту жүзеге асырылуда. Кәсіпорын колледж түлектерін даярлауда тәуелсіз бағалау сапасы үрдісіне және мемлекеттік емтихан қабылдауда әлеуметтік серіктес ретінде белсенді қатысып келеді. Кешенде 2016 жылы – 86, ал өткен жылы 95 студент тәжірибеден өткен. Оған колледждің 8 арнайы пән оқытушылары мен өндіріс шеберлері де тартылды. Оқу орнында дуальды жүйеге көшудің алғашқы қадамдары жасалды. Соның арқасында былтыр осы оқу орнын бітірген 47 маман кешенге жұмысқа да қабылданған. Колледж білімгерлері мен Сарысу ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты мектептердің оқушыларын өндіріспен таныстыру және оқуға тарту мақсатында «Қаратау» ТКӨК базасына саяхат ұйымдастырылып тұрады. Комбинаттың еңбек ардагерлерімен, еңбеккерлерімен өткізілген кездесулер мен дөңгелек үстелдер білімгерлердің тау-кен мамандықтарына қызығушылығын арттыратыны анық. Жергілікті атқарушы органдармен жасалған меморандум талабына сай 2017 жылы бірде-бір жұмыс орны қысқартылмағанын, керісінше, 200-ге тарта аудан тұрғындары жұмысқа тартылғанын атап өткен жөн. Өндірісті өркендету үшін заманауи техника мен технологияларды пайдалану қажет. Өндірісте және әлеуметтік салада да жаңа үлгідегі техника мен құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылуда. Атап айтқанда, 2015 жылдан бастап барлық көлемдегі автокөліктерге «GPS» қондырғыларын орнату басталды. «GPS» – жерсеріктік желілік қондырғы. Ең алдымен автокөліктегі жанар майдың үнемді және тиімді пайдаланылуын қадағалайды. Сонымен қатар, сапарға шыққан автокөліктің белгіленген бағыттан ауытқымауын бақылауда ұстайды. Қондырғы қадағалап, бақылап қана қоймайды, қандай да бір ауытқушылықтар орын алған жағдайда жерсеріктік желі арқылы кешен басқармасында орналасқан диспетчерлік орталыққа ақпар жеткізіп, монитор арқылы көрсетеді және лезде дабыл қағады. Ал диспетчерлер тиісті қызметтерге хабарлап, дер кезінде шара қолданылады. Жұмысты тиімді ұйымдастыруға қондырғының тигізер септігі мол. Диспетчерлік жүйені кешеннің «ақыл орталығы» деуге де болады. Себебі, кен өндіру, өңдеу, оларды тасымалдау бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы барлық дерек осында жинақталады және күнделікті атқарылатын жұмыстардың көлемі айқындалып, тиісті орындаушыларға нақты тапсырмалар беріледі. Тапсырмаларды орындау да осы орталықтан бастау алады. Мұратқали Сәрсеновтің бастамасымен кешен басқармасына орнатылған диспетчерлік жүйе кабинеті де жаңартылып, заманауи үлгідегі кеңсе жиһаздары қойылған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай кешенде бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Жетпіс жылдық тарихы бар «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің болашағы жарқын боларына сенім көп. Бүгінгі таңдағы кәсіпорынның тыныс-тіршілігі бұған нақты дәлел бола алады.

Құдайберген МӘМБЕТОВ, журналист

Сарысу және Талас аудандары