Саясат

Еңбек жолын елді мекеннен бастаған

Еңбек жолын елді мекеннен бастаған

Кешегі тоқырау кезеңінде ауылдағы Мәдениет үйі, кітапхана, балабақша, секілді әлеуметтік нысандардың есігіне қара құлып ілініп, жалғыз мектеп қана қалып еді. Кейбір елді мекендерде бастапқы медициналық көмек көрсететін мекемелердің өзі бір кабинетті жалға алып, жұмыс істегенін де көпшілік ұмыта қойған жоқ. Қазір бәрі қайта жанданған. Тіпті, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы қабылданып, мемлекет қолдауының арқасында жастар ауылға оралып, елді мекендердің еңсесі көтеріліп қалды. Жас мамандарды ауылдық жерлерге тұрақтандыру әрі қолдау көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының бастамасы және Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жүзеге асып келе жатқан әлеуметтік жобаның аясында 2009 жылдан бері республика бойынша 30 мыңнан астам жас маман елге оралды. Бүгінде олар сол елді мекеннің гүлденуіне жастық жігерін жұмсап, еңбек етуде. 2009-2015 жылдар аралығында өңірімізде 2332 әлеуметтік сала маманы еңбек жолын «Дипломмен ауылға!» жобасы бойынша елді мекендерде бастаған. Оларға 392,4 миллион теңгенің бір жолғы әлеуметтік көмегі көрсетілді. Осы кезеңде 875 маман тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, оған барлығы 2053,7 миллион теңге көлемінде пайыздық мөлшерлемесі төмен несие берілді. Жыл өткен сайын, аталған әлеуметтік жобаның тиімділігін жастар да түсіне бастағандай. Мысалы, 2015 жылы 440 жас ауылға оралса, оның 173-і жеңілдетілген несие алып, баспаналы болып, ауылда тұрақтап қалудың қамын жасаған. 2016 жылы елді мекенге келіп, еңбек етемін деушілер саны – 514-ке жеткен. Ал, өткен жылы 693 жас маман дипломмен ауылдарға аттаныпты. Соның бірі – Жаңыл Оңғарова. Ол осы жоба аясында 2016 жылы Қордай ауылына барып, өзіне тиесілі көтерме жәрдемақысын алып, бұл күнде мәдениет саласын дамытуға үлесін қосып жүр. Жаңылдың бұл шешімге келуіне қордайлық айтыскер ақын Күміскүл Сәрсенбаевның ерекше ықпал еткенін айта кеткеніміз жөн. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің тағы бір түлегі Сағыныш Мұхтар «Дипломмен ауылға!» жобасы бойынша былтыр Сарысу ауданы, Жайылма ауылындағы өнер мектебіне барыпты. Бірнеше ұлттық аспапта шебер ойнай алатын жас маман ауылға ауадай қажет қой. Бірден жас жеткіншектермен тіл табысып кеткені де осы өнері мен біліктілігінің арқасы. «Ауылға келіп, көтерме жәрдемақымды алдым. Жұмысым өзіме ұнайды. Мекеме басшысы Әмірәлі Әбенов ағай үнемі жастарды қолдап, ұсынысымызды қуаттап отырады. 60 мың теңге көлемінде жалақы аламын. Аз ғана ай жұмыс істесем де, ауылда талантты балалардың мол екеніне көзім жетті», – дейді Сағыныш Мұхтарқызы. Талас ауданында былтыр 33 маманға көтерме жәрдемақы беріліп, оның 21-і тұрғын үйге арналған несиеге қол жеткізген. Ауданда мал дәрігеріне деген сұраныс жоғары. Сондықтан елді мекенге келген жас мамандар жұмыссыз қалмайды екен. Ауылда еңбек етемін деп келген 8 маманның бірден жұмысқа орналасуы – соның дәлелі. «Біз ең алдымен келіп жатқан жас мамандарға қолдау көрсетеміз. 3 мал дәрігері көтерме жәрдемақыны да, тұрғын үй несиесін де алды. Олар – Қасқабұлақ ауылдық округінен Ахмет Теміров, Кеңес ауылдық округінен Күмісбек Керімбеков, Қызыләуіт ауылдық округінен Әділет Ілияс», – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай. Жамбыл ауданына жұмыс істеуге барып жатқан жас дәрігерлер көп. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық университетті бітірген 4 маман еңбек жолдарын Аса ауылынан бастапты. Мәселен, Бақытжан Асанов – аудандық емханада дәрігер-стоматолог болса, Меруерт Жақсылық бөлімшенің дәрігер-терапевті. Әнуар Тойлыбаев та жоғары білімді дәрігер. Аудандық аурухананың акушер-гинекологі Әсел Байнешованың да көңіл-күйі жақсы. «Алыстағы Қарағанды медициналық универсиетін бітірген түлектер арасында да біздің мекемені аттай қалап келетін жас мамандар көп. Соның бірі емхана терапевті Гүлнұр Жолшыбек» – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің әдістемелік-ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Сұлтанова.

Есет ДОСАЛЫ