- Advertisement -

Әннен мән кетті

189

- Advertisement -

Кезінде Генри Лонгфелло «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі» деп саз өнерінің салмақтылығын екі ауыз сөзбен саралап берсе, қазақтың сайын даласына көз тіккен Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп сартап сахарамыз бен саздың үйлесімділігіне сүйсінбеп пе еді?

Саз өнері – қазақтың сүйегіне қонған. Ықылым заман иірімдеріне көз тастап, пайым-парасат сүзгісінен өткізіп парықтасақ, Ақан серінің «Балқадишасы», «Маңмаңгер», «Ләйлім шырақ» секілді әндері қандай ғажап екенін жүрек көзімен түйсіне түсеміз. Кең диапазон дейсіз бе, сиқырлы саз бен еркелік наз дейсіз бе, ұлт трагедиясы дейсіз бе – бәрі де Ақан сері секілді қазақ өнерінің алыптарының шығармашылығынан қылаң беріп тұратын. Әлі күнге маңыздылығын да жойған емес. Тыңдаған сайын жаныңды рахатқа бөлей түседі.
Қай заманда, қай дәуірде болсын, ретро деген ұғым ешкімнің ой-санасынан алыстамақ емес. Өткенге сағыныш, жастықты аңсау, бал күндер естелігін парақтау – әр адамның еркінен тыс дүние. Ностальгиялық сезім әрқайсысымыздың санамызда атой салып тұратыны сөзсіз. Сондай кездерде үлкендер жағы үйдің іші-сыртында жүріп Нұрғисаның, Шәмшінің әндерін шарықтата шырқап жатады.
«Балауса қыз едің бір кезде, шашыңа ақ бантик байлаған» немесе «Құстар, құстар сызылтып ән салады, сол әнімен тербетеді даланы. Ал адамдар күліп бастап өмірді, кетерінде жылай да алмай қалады» деп сол үлкендер қазақ ән өнері корифейлерінің шығармаларын шырқағанда, өзіміз де қосыла кететініміз бар. Мұнда сөз бен саздың үйлесімі, поэтикалық әуен, мазмұнның тереңдігі бәрі де жымдасқан. Әрине, бұл шығармалар ретроға айналып кеткен. Ескірсе де естен шықпайды. Жерлесіміз Илья Жақанов жазған «Даниярдың әні», болмаса «Еділ мен Жайық» та жүрек қылын шертеді. Сағынғанда бір шамамызға қарамай өзімізше шырқап қоятынымыз бар. Бұл тұлғалар – мәңгілік өлмес өнерге жол салған.
Ал қазір ше? Бүгінгі эстрада десе, елдің елірмесі қозатыны бар. Естеріңізде ме, қазіргі қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қайрат Нұртастың «Арман» деген әнмен танылғаны. Әннің ырғағы жақсы, бір қарағанда сөзі де әдемі көрінеді. Енді ше, тыңдаған құлаққа ұйқасы тастай, бәрі дұрыс. Бірақ құр баяндау. Ол әннің сахна тарихының тұңғиығына кеткеніне де шамамен он жыл болды-ау. Саз бен сөз үйлесім таппаған соң әлгі туынды ретроға айнала алмай қалды. Сол секілді Ернар Айдар, Төреғали Төреәлінің шырқап жүрген әндері де жеңіл ырғақты. Былайынша айтқанда, «тойдың шығармалары». Ел алдында жүрген соң аты аталған әншілерді мысал ретінде айта кеткенді ләзім көрдік.
Қазір қазақ эстрадасында есті әннен гөрі елірме ән көп. «Апама жездем сай» демекші, анау түріктен, арғысы румындардан, бергісі өзбектерден ән «экспорттап» әкелетін әншілерімізде талғам қалды ма? Басқаны қойыңызшы, бейнебаян сюжетін барымталап жүрген клипмейкерлерімізден не қайыр? Осыдан біраз бұрын жерлесіміз, талантты әнші Ернар Айдардың «Сен маған ұнадың» деген әнінің бейнебаяны туралы таразылап жазған болатынбыз. Бейнебаянды көріп отырып, орыстың Доминик Джокер деген әншісінің сюжетінің толыққанды көшірмесін тамашалап, «таңдай қаққанбыз». Осындай олқылық ендігі орын алмаса екен деп тілегенбіз… Ақшасын алып, бейнебаянды түсірген адамдар да алаяқ болғанына опынғанбыз…
Бірді айтып, бірге кетпейін. Сонымен, бүгінгі қазақ эстрадасының ұстыны кім? «Пах-пах, неткен ғажап иіс, кірпігіңнен күйіс, бәрі де сенің еркіңде және мендей жігіттің қарсы емессің…» деп өзінің не айтып, не қойып жүргенін білмейтін Айқын ба, әлде «Алаулаған жалын, жанымды кернеп, көңілім алып-ұшып, таппайды тыным, көңілім толқиды» деп жүрген Нұрлан Еспанов па? Жә, осы жерден тоқтайық, әйтпесе қазір мысығын әнге қосып жүрген «кискисшіл» немесе иісшіл әлдебір жұлдыздар жайлы бас ауыртып кетерміз, тіпті болмаса, әнінің ішіне «вешір» деген сөзді қинап-зорлап кіріктіріп жіберген жұлдыздар жайлы толғай жөнелерміз. Көбісінің атын атап, түрін түстеп, жарнамалап қайтеміз? Бізсіз де ішіңіз сезіп отыр ғой. Бұл күндері сазға да, сөзге де обал-ақ. Халтура жаулаған қазақ эстрадасын құрдымнан құтқарып алатын кім бар?
Біз де орта буын атанамыз, тіпті ақ сақалды қария болармыз. Сол кезде өз заманымыздың әншілері деп кімдерді сөз қылады екенбіз? Тойдың сәнін келтіріп, тобырдың жынын шығарғандарды ма, әлде «ән экспорттау бизнесімен» әйгілі болған суық қолды «сұрапылдарымызды» ма?
Әйтеуір, «Ол көктем оралмайды», «Есіл ағады» секілді жүректі тербейтін, сананы емдейтін әндерді шырқап, талғамына дақ түсірмей жүрген «МузАрттың», даусынан қазақылықтың иісі аңқып тұратын Досымжан Таңатаров пен Саят Медеуов сынды әншілердің барына шүкір дейміз.
Қысқасы, қазақ эстрадасында бүгін алшаң басып жүргендер ертең тарихта қала ма, жоқ па? Елге мезеттік еліру қажет пе, әлде… Ойланатын кез келген секілді. Кейде Ақан серілердің осы заманда тумағанына қуанасың. Ұрпағының майдаланғанын көрсе, жерге тірідей кіріп кетер ме еді?..

Табиғат
Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support