Спорт және туризм

Бокстан ұлттық құрама жасақталды

Бокстан ұлттық құрама жасақталды

Өткен жылдың соңында Шымкент қаласында бокстан Қазақстан чемпионаты өткені белгілі. Біріншілік басталардан бұрын ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына бірнеше мәрте сұхбат беріп, біріншілікте атой салып, жүлдегерлер қатарынан көрінгендерге ұлттық құрама сапынан орын сайлап отырғанын айтқан болатын. Сондай-ақ ол ел біріншілігіне халықаралық деңгейдегі атақтарына қарамастан, барлық боксшының қатысатынын сөз еткен-ді.

Сөз жүзінде бапкердің айтқанына сүйсінгенімізбен, іс жүзінде бәрі біз ойлағандай болмай шықты. Мәселен, кәсіпқой боксқа ауыспақ ниетте болған 69 келідегі Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов, әлем чемпионы, 56 келі салмақтағы үмітіміз Қайрат Ералиев, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, 91 келідегі серкеміз Василий Левит сынды өзге де саңлақтарымыз ел чемпионатына қатысқан жоқ. Ал жерлесіміз, 75 келі салмақ дәрежесінде Германияның Гамбург қаласында өткен әлем біріншілігінде күміс жүлде иеленген Әбілхан Аманқұл жарақатына байланысты жарыстан тыс қалды. Жоғарыда аты аталған спортшылардың кейбірінің жарақат алуы мүмкін. Десе де ұзақ мерзім демалыста болған Данияр Елеусіновке не жорық? Өзін ел біріншілігінде дәлелдеуі тиіс емес пе еді? Қош, сонымен ұлттық құрама сапына жамбылдықтардан 69 келі салмақта ел чемпионатында топ жарған Асланбек Шымбергенов пен 75 келідегі үмітіміз Әбілхан Аманқұл еніпті. Әйткенмен Қазақстан чемпионатында жасындай жарқырап, алтыннан алқа тағынған аса ауыр салмақтағы саңлағымыз Нұрсұлтан Аманжолов пен 56 келіде күміс медаль иеленген Жанболат Қыдырбаевқа ұлттық құрамадан орын табылмай отыр. Осы түйткілді сауалдың жауабын білмек болып Жамбыл бокс клубының басшысы Марат Мәзімбаевқа хабарласқанымызда, ол аты аталған сайыпқырандарымыз бүкіләлемдік бокс сериясында өнер көрсететін «Астана арландары» командасының құрамына қосылғанын айтты. Марат Мәзімбаевтың айтуына қарағанда, Жамбылдың алты боксшысы «Астана арландары» сапында өнер көрсететін көрінеді. Дұрыс-ақ. Дегенмен ел чемпионатында жанкешті өнер көрсеткен өрендеріміздің ұлттық құрама сапында жүргені жанкүйерлер үшін үлкен қуаныш болар еді. Ол жағы Мырзағали Айтжановтың құзыретінде... Ел біріншілігі аяқталған соң жасақталған ұлттық құрамаға 69 келідегі Данияр Елеусінов қайта оралып отыр. Жарайды, Данияр Олимпиада чемпионы ғой. Оралғаны жөн-ақ. Алайда ел чемпионатының алғашқы кезеңдерінде Михаил Коханчикке ұтылған 81 келідегі Жәнібек Әлімханұлы қалайша ұлттық құрама сапына енді екен? Жәнібек – сөзсіз талантты боксшы. Бірақ соңғы жылдары оның нәтижесі құлдырап бара жатқаны баршамызға аян. Бапкердің не ойлағаны бар? Қазақтың өз салмағы атанып кеткен 69 келідегі бәсеке көңіл қуантады. 69 келі десе есімізге қазақ-өзбек тайталасы түседі. Данияр Елеусінов Рио Олимпиадасының финалында өзбек Шахрам Гиясовты ұтса, сол Шахрамды жамбылдық Асланбек Шымбергенов бүкіләлемдік бокс сериясында жеңіп, мерейімізді тасытқаны белгілі. Ал бұл салмақта бірқатар байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген жас пері Абылайхан Жүсіпов өзбек өреніне екі мәрте есе жіберген болатын. Бас бапкердің таңдауы кімге түсетіні біз үшін қызық. Ағымдағы жылы Қазақстан құрамасы бірнеше халықаралық додаларда бақ сынайды. Ең басты аламан – Индонезияда өтетін Азия ойындары. Ендеше, аталмыш сында ел намысын қорғауы мүмкін боксшылармен, анығырақ айтқанда ұлттық құрамамен таныс болыңыздар.

Табиғат АБАИЛДАЕВ